Жол, веложарыс және жаңа нысандар

Жол, веложарыс және жаңа нысандар

Жол, веложарыс және жаңа нысандар
ашық дереккөзі
Әр қаланың өз жетістігі болады. Ал Алматының атын шығарған ерекшеліктер біреу емес, бірнешеу. Соның бастысы – кезінде қазақ еліне 70 жылдай астана болған Алатау баурайындағы әсем қаланың тақтайдай түз тас жолдары еді. Рас, бүгінде қаланың барлық көшелерінде жағдай бірдей деуге келе қоймас, дегенмен Алматының негізгі жолдары, басты көшелеріндегі жолдар халыққа ыңғайлы, талапқа сай жасалған. Көптеген айналма жолдар, жол айырықтары қаладағы көлік тасқынын реттеп, кептелісті барынша болдырмауға себін тигізіп тұр. Алып мегаполисте жыл сайын түрлі құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатады. Оның ішінде күз келгенде су-жылу жүйелері жаңартылып, жаңғыртылатыны бар. Осыған байланысты қажетті көшелерде қазу жұмыстары жүргізілетіні жасырын емес. Ал су-жылу жүйелері тиісті жөндеуден өткен соң қазылған көшелер қайта қалпына келтіріліп, асфальтталады. Алайда жөндеу жұмыстарының кейбірі ойдағыдай жасалмағаны себепті қала тұрғындарына қолайсыздық тудыратыны жағдайлар кездесіп тұрады. Мәселен, жақында жауған жаңбырдан соң Асқаров, Яссауи көшелерінде жолдар бірнеше жерден тесіліп, асфальттар опырылған. Бұған алаңдаған қала тұрғындары дабыл қаққаннан кейін тиісті орындар мәселені тексеріп, халыққа қолайсыздық тудырған түйткілдің себептерін анықтады. Алматы қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Жандыбаев БАҚ өкілдеріне берген түсініктемесінде аталған көшелердегі жолдардың бұзылуы жаңбырдың әсері емес, сол көшелердегі жолды қайта салған мердігер компаниялар істі сапасыз атқарғанын айтып, оған тиісті шара қолданылатынын жеткізген-ді. Дегенмен аталған кемшіліктерді жою үшін «Титан Север» компаниясы Асқаров көшесінде қайтадан жол салу ісін бастады. Оларға он күш ішінде өздерінен кеткен олқылықтың орнын толтыру міндеттелген. Шындығында бұндай жағдайлар сирек те болса кездесіп тұрады. Сондықтан Алматы қаласы әкімдігі ендігіден былай бұндай кемшіліктерге қатал қарайтын болады. Жол салушы мердігер компаниялар жоғарыдағыдай қателікті қайталайтын болса оларға өте көп мөлшерде айыппұлы салынады немесе лицензиясы қайтарып алынады. Еліміздің ең ірі қаласында жолдардың сапасы ойдағыдай болуын қала басшылығы әрқашан назарында ұстайды. Сондықтан тақтайдай түзу тас жолдар – қашанғыша Алматының жетістігі болып қала бермек. Алматы – бұрыннан мәдениет және спорттық орталық ретінде танымал екені мәлім. Талай әлемдік жарыстарды өткізуге мұрындық болған қаланың өзіне тән дәстүрлі спроттық жарыстары бар. Соның бастыларының бірі – «Алматы туры» веложарысы. Биыл бесінші рет өткізіліп отырған «Алматы туры» – о баста үлкен мақсатты көздеп жасалған шаралардың бірі. Қазақстан Президенті қолдауымен жүзеге асырылып отырған бұл спорттық шара Халықаралық Велосипедшілер одағының жарыстар күнтізбесіне енгізіліп, биыл көпкүндік жарыс дәрежесінде өткізілді. Екі күндік велосипедшілер жарысының бірінші кезеңінде Алексей Луценко (Қазақстан), Реми Ди Григори (Франция), Мирзсамад Пурседиголахар (Иран), екінші кезеңде Якоб Фульсанг (Дания), Алексей Луценко (Қазақстан), Крисс Струсси (Швейцария) жеңімпаз болды. «Astana Pro Team»  командасының мүшесі Алексей Луценко жалпы есерте топ жарып, бас жүлдені иеледі. Одан кейінгі орындар Реми де Григори мен Якоб Фульсанг секілді велошабандоздарға бұйырды. Әлемнің 10-нан аса елінен келген 20 команда арасында Қазақстанның алдыңғы орыннан көрінуі үлкен абырой ғана емес, ол соңғы жылдары еліміздің халықаралық велоспортта күшейіп келе жатқанының белгісі. Биылдың өзінде халықаралық веложарыстарда жеңімпаз болып, еліміздің атын шығарған Жандос Бижігітов, Артем Захаров, Алексей Луценколар соның айғағы. Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында сөйлеген сөзінде қала әкімі Бауыржан Байбек: «Осы жылы кәсіби велодода жаңа деңгейге өсті. Халықаралық Велосипедшілер одағы (UCD) келісімімен көпкүндік жасжолдағы веложарыс атағына ие болды. Еуропа және Азия құрлығының 17 елінен 20 команданың қаламызда өнер көрсетуі – біз үшін үлкен мәртебе», – деп, «Алматы Туры» веложарысына үлкен баға берді. Алдағы уақытта «Алматы Туры» жарысы «Тасжолдағы көпкүндік веложарыс» дәрежесінде өтіп, әсем қаламыздың атын әлемге таныта беретін болады. Қала біткеннің көркін ашатын нәрсе – оның архитектурасы екені дәлелдеуді қажет етпейді. Бұрынғы кезде Алматыда биік те сәнді ғимараттар сиректеу болғанымен, оның бәрі белгілі бір архитектуралық шешімге бағынып – өзінің ерекше сұлулығымен көз тартатын. Кейінгі ширек ғасырда қала халқының саны әлденеше есеге өсіп, Алматы алып мегаполиске айналғанда заман талабына сай қалада көптеген ғимараттар бой көтере бастады. Одан тысқары көппәтерлі тұрғын үй кешендері, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің ғимараттар, демалыс орындары жыл сайын салынып жатыр. Биыл Алматыда алдағы уақытта салынатын бірнеше көппәтерлі тұрғын үй, бизнес орталықтары, көгалдандыру орындарына жобасына Қалақұрылысы кеңесі 47,8 миллиард теңге бөлетінін білдірді. Бұл жобалар бойынша Бостандық ауданында «Сейфуллин» тұрғын үй кешені, 120 орынды балабақша, жерасты автотұрағы, сондай-ақ Сәтбаев, Абай, Тілендиев көшелерінде 12, 16, 19 қабатты тұрғын үй кешендері, 120, 160, 200 орынды әртүрлі дәрежедегі балабақшалар салынуы көзделген.  Ал Әуезов ауданында 3 ықшамауданда 9, 12 қабатты үйлерден тұратын тұрғын үй кешені, жерасты паркингі, 20 орындық балабақша салынатын болады. Мұның бәрі қала халқының өсу динамикасына байланысты жүргізіліп жатқан құрылыстар екені мәлім. Бұдан тысқары Хмельницкий, Фурманов көшелерін, Абай даңғылын ұзарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл қаладағы көлік қатынастарын жеңілдетуге серпін беретін жобалар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйін жасар болсақ, Алматы заманмен бірге өсіп, дамып, түрленіп келе жатқан қала. Сондықтан ондағы өзгерістер де, жаңалықтар да әрдайым елдің назарында.