Латын әліпбиі: Өткеннен өнеге алу қажет

Латын әліпбиі: Өткеннен өнеге алу қажет

Латын әліпбиі: Өткеннен өнеге алу қажет
ашық дереккөзі
Тілдік ұғым-түсінік және ол тудырған ой-пікірдің бәрі бүгінде жазуға түсірілетін болғандықтан әліпби мәселесі қай кезде де маңызды. Дұрыс оқу мен дұрыс жазуды сауаттылық дейтін болсақ, оның бәрі әліпбидің оңтайлылығына байланысты. Әліпбидің қолдануға өте ыңғайлы болуы – оның басты жетістігі. Қазақ елінде бүгінге дейін бірнеше рет әліпби реформасы жасалғаны белгілі. Соңғысын 1940 жылдан бері қолданып келеміз. Ол кирилл әліпбиі негізінде жасалған әліпби. Алайда әліпби мәселесіне заман талабына сай қарайтын болсақ, ХХ ғасырдың соңғы он жылдығынан бастап, ақпараттық технологияның мүмкіндігі кеңейіп, өмірге компьютер мен интернет жүйесі кеңінен енуіне байланысты латын әліпбиінің қолданылу аясы кеңіп сала берді. Сондықтан әлемдік үдерістің құрамдас бір бөлігі ретінде Қазақстан да бұл мәселеден шетте қала алмайды. Латын әліпбиіне көшу өте өзекті жайтқа айналғанын ұмытпауымыз тиіс. Бірақ мәселені шешу үшін не істеу керек? Оған қай кезден бастап кірісу керек? Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бұл мәселе бойынша былай деген болатын: «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек». Осыған байланысты елімізде латын графикасы негізінде жаңа қазақ әліпбиінің жасалуына қатысты жұмыстар басталып кетті. Соның бір көрінісі – қыркүйектің 11-і күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» деген тақырыпта парламенттік тыңдауының өтуі болды. Онда Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық координациялық-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Ербол Тілешов ұсынған қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы таныстырылған болатын. Содан бергі жарты айдан аса уақытта латын графикасы негізінде жасалмақ жаңа қазақ әліпбиі туралы жер-жерде талқылаулар өте бастады. Сондай маңызды талқылаулардың бірі ретінде өткен аптада Алматы қаласы әкімдігінде болған «Қазақ әліпбиін  латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелері» тақырыбында республикалық конференциясын айтуға болады. Аталған конференцияны Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Мамай Ахетов ашып, жүргізіп отырды. Конференцияда алғашқы сөзді алған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, латын әліпбиіне көшу туралы Ұлттық комиссия жұмыс тобының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ерден Қажыбек «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, латын графикасы негізінде жасалып жатқан жаңа қазақ әліпбиі туралы жан-жақты әңгімелеп, оның негізгі ұстанымдары мен проблемалары туралы ой өрбітті. Одан соң Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Фаузия Оразбаева «Латын графикасына негізделген әліпбидің сапасы», Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, қазақ филологиясы кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Байынқол Қалиев «Латын графикасына көшу – қарапайым халықтың қолдануына қолайлы болғаны жөн», А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнеп Базарбаева «Қазақ тілін латын графикасына көшіру жайында», әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті профессоры Гүлжамал Қортабаева «Рухани жаңғыру: латынға көшудің алғышарттары», «Ғылым ордасы» РМК, сирек кездесетін кітаптар мұражайының ғылыми қызметкері Талғат Тимур «Латын әліпбиі – уақыт талабы», Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті қазақ тіл білімі теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Қаламқас Қалыбаева «Жаңа жазуға көшкенде өткеннен өнеге алайық», Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық универститетінің қазақ әдебиеті кафедрасы профессоры міндетін атқарушы, педагогика ғылымдарының кандидаты Береке Жұмақаева «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің білім саласына ықпалы» тақырыбында баяндама жасап, жаңа әліпбидің жасалу жолы мен оны жасаудағы түрлі ұстанымдар жайында пікірлерін айта келе өз ұсыныстарын айтып, ойларымен бөлісті. Негізінен алғанда баяндамашылардың ой-пікірлерін екі топқа бөлуге болады. Бірінші топтағылардың пікірі латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінің жасалуы және оны тез арада қолданысқа енгізу – заман талабы, ақпараттық технология дәуірінде тілді қолдану мүмкіндіктері кеңейеді дегенге сайса, екінші топтағылар латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиі қазақ тілінің заңдылықтары мен ерекшеліктеріне сай жасалып, тілді техникаға емес, техниканы тілге икемдеу арқылы қазақ тілінің бар бояуын түгел сақтап қалу керек деген ойын ғылыми тұрғыдан орнықты дәлелдеп, түрлі интерактивтік кестелермен көрсетіп берді. Әрине, парламенттегі таныстырылған латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиін көпшілік алғашында бекітілгелі жатқан нұсқа деп, оның нашар жақтарын баса айтып, әлеуметтік желілерде де қызу талқыға себеп болған еді. Дегенмен кейін оның бір үлгі ретінде ұсынылып отырғаны белгілі болды. Осындай жағдайларды ескерген А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, Латын әліпбиіне көшу жөніндегі Ұлттық комиссияның жұмыс тобының жетекшісі Ерден Қажыбек мырза да конференция қатысушыларына жаңа әліпби жасауда ескеруге тиіс заңдылықтар  туралы былай деді: «Тіл реформасының бастапқы кезеңі әліпбиді ауыстыруға байланысты. Парламентте жаңа латын әліпбиі талқыланды. Бұл тыңдауда халыққа жаңа тұстары таныстырылды. Жаңа ұсыныс ретінде ойлар айтылды. Халықтың пікірі маңызды. Тек халықтың ұсынымына сәйкес болған жағдайда, қолдау тапқанда ғана бекітілетіні айтылды. Яғни, Парламенттегі тыңдау осы үлкен жұмыстың бастамасы ғана. Ең икемді, ең жақсы, тілімізге сәйкес латын әліпбиінің нұсқасы қарастырылып, жұртшылықпен бірге таңдалуы керек. Одан кейін ең негізгі – енгізу жұмыстары басталмақ. Ахаңдардан келе жатқан тілдік заңдылықтар мен ережелерді сәйкестендіруіміз керек. Қазіргі мақсатымыз – қазақ тіліне тән грамматикасын, орфографиялық, орфоэпиялық, фонетикалық сөзжасам жүйесін түгендеп, жаңа әліпби даярлау. Биыл әліпби талқыланса, келесі жылдан бастап ендіру жұмыстары қолға алынады». Жаңа әліпбиді жан-жақты жетілген, әсіресе қазақ тілінің заңдылықтарын толық сақтаған әліпби болуы тиіс деп санайтын белгілі тіліші ғалым, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры Фаузия Оразбаева әліпби жасауда қандай ұстанымдарға арқа сүйеу керектігі туралы ойларын өте ұғынықты етіп жеткізді. Ол бұл тұрғыда әліпби жасаудағы ұлттық тіл білімі ғылымының тәжірибелерін есепке алу тиіс дей келе, пікірін былайша тарқатты: «Парламентте талқыланған жоба – интернет жоба деп аталады. Интернет жобадан басқа, Тіл білімі институты ұстанған жоба – танымдық жоба деп аталады. Айналып келгенде, осы екі жобаның біріктірілген нұсқасы тағы да сөз болып жатыр. Меніңше, латын графикасына негізделген жаңа әліпби ұлттық әліпби болуы керек. Интернет жобаның ұтымды тұстары ретінде экономикалық шығыны аз, компьютерлік арнайы бағдарламалар жасалмайды, әлемнің кез келген жерінде интернетпен қарым-қатынасқа түсуге ыңғайлы, ағылшын тілін игеруге оңтайлы деп айтылуда. Әрине, бұл жобаны ұсынып жатқан авторлардың пікіріне қарағанда, мәселенің экономикалық жағына көбірек мән берілген. Әліпби бойынша қазақи ұлттық мәнердегі әрбір дыбыс белгілі фонема, мағына білдіретін болғандықтан, бір сөз бірнеше қос таңбалы әріптермен белгіленеді. Сонда, оның шығыны аз бола ма, әлде қалай?! Ғылыми деректердің тексерілуі бойынша сөздер өзінің жазылу өлшемін 30 пайызға ұзартады екен. Демек, әрбір төл әрпіміз бар сөздер осындай ұзаруға тиісті болып отырса, мұнда экономикалық шығын аз бола ма, әлде көп пе? Бұл – жобаның ұтымсыз тұстары. Лексика-грамматикалық, фонетика-фонологиялық, әдістемелік және саяси әлеуметтік параметрлерді қамтиды. Мысалы, фонетика-фонологиялық жағынан осы әліпбимен жазылған сөздерді буынға қалай бөлеміз, қандай ережеге сүйенеміз, төл дыбыстардан басталатын сөздердің бас әрпі қалай жазылады деген сұрақтар туады. Біз баланы шатастырмаймыз ба? Қысқарған сөздер бірнеше диграфтарды қосып, түсініксіз сөзге айналады. Қазақ тілінің келесі ерекшелігі – түбірі өзгермейтін тіл. Сондықтан диграфты әліпбимен берген сөздің түбірі мен қосымшасын айыру қиынға түседі. Егер сөздің оқылуы не жазылуы қиын болса, біз коммуникативтік деңгейге, яғни тілдесуге жете алмаймыз». Ғалымның айтуынша, диграфтар қолданылған, яғни интернетте қолдануға арналған әліпби қабылданса, адамдар сөздерді орфо-эпиялық нормамен оқымай, сөздерді жаза алмай сауатсыздыққа ұрынады. Соның салдарынан қазақ мектептерінің білім сапасы төмендеп, кітап оқуға, білім алуға ынта азаюы әбден мүмкін екен. Шын мәнінде, бұл – ескеруге тұратын пікір. Жазу, оқу үдерісінде қиындық тудырған әліпби тілдің дамуына зор кедергі болары анық. Дегенмен толық болмаса да ішінара интернет жобамен ымыраға келіп, соған сай әліпби жасауды қолдайтын ғалымдар да жоқ емес екен. Бұл жағынан алғанда өзі де интернет жоба бағытындағы әліпбидің бір нұсқасын ұсынушы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қазақ филологиясы кафедрасының профессоры Байынқол Қалиев мырзаның пікірі алдыңғыларға қарағанда өзгешелеу. Негізінен ол кісі де жаңа қазақ әліпбиінің ұлттық дыбыстарды толық қамтуын қолдайды, сөйте тұра қазақ жазуын ақпараттық технология талаптарына икемдеу үшін диграфтарды пайдаланудың артығы жоқ деп есептейді. Бұл тұрғыдағы ойларын ғалым былайша түсіндіреді: «Латын әліпбиіне көшуде үнемділік, экономикалық жағынан тиімді, техникалық жағынан ыңғайлы деген тұрғыда диграфтармен белгілеу ұсынылды. Бірақ өз басым «ae» екі әріп қосылып «ә» дыбысын білдіреді дегенге қарсымын. Бұл жерде «һ» дыбысын ғана пайдалануды ұсынамын. Бұл – дыбыс емес, таңба. Ол оқылмайды. Төл дыбыстарымызды белгілеуде жанына «һ» әрпін қойсақ тиімді деп санаймын. Мектепке келген балаға мынау «а» әрпі, мынау «е» әрпі деп үйретіп, кейін екеуі қосылса «ә» әрпі болды дегенді қалай түсіндіреміз?! Кириллицаның дыбыстарын қазақтың төл дыбыстарының ішіне кіргізу керек». Яғни ғалымның ұсынысы бойынша қазақтың төл дыбыстары саналатын «ә» дыбысын «аһ», «ө» дыбысын «оһ», «ғ» дыбысын «gh», «ұ» дыбысын «uh» т.б. таңбаласа оқуда, жазуда қателік болмайды екен. Қорыта айтқанда, әліпби мәселесінде тілші-ғалымдардың позициясы айқын: латын негізді жаңа әліпби – нағыз ұлттық әліпби болуы тиіс. Ол үшін дыбыстық әліпбидің мүмкіндігі тілдегі барлық дыбыстарды таңбалауы керек, бұл үшін «бір дыбысқа – бір әріп» ұстанымы басты ұстаным болуы тиіс.