Жаңа бұйрық ескі әдетті жеңбей тұр

Жаңа бұйрық ескі әдетті жеңбей тұр

Жаңа бұйрық ескі әдетті жеңбей тұр
ашық дереккөзі
 Күз келіп, оқу жылы басталса, баласы мектепке баратын ата-ананың жылдағы бас ауруы қайта басталады: мектеп қорына ақша жинау, сыныптың құрал-жабдықтарын түгендеу, мерекелерді атап өту, ұстаздарға сыйлық жасау. Қысқасы, таусылмайтын «салықтар». Министрлік ата-аналардан ақша алуға тыйым салғанымен, мектептер үйреншікті әдетінен танар емес. «Бұларың не?» десе, ақша жинауға ата-аналардың өздері мүдделі екенін алға тартады. «Қазақстанда мектеп оқушыларынан ақша жинаған мұғалімдер қатаң жазаға ұшырайды». Білім және ғылым министрлігінің бұл ескертуін естіп келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі. Ведомство жылдағы әдеті бойынша былтырғы оқу жылының басында да жиналыс өткізіп, «жылуға» зәру боп жүрген білім ошақтарына шүйлікті. «Бізде министр бұйрығымен мектепте түрлі мақсаттарға ақша жинауға тыйым салу бойынша нақты қағидалар бекітілген. Ол бұрыннан бар, бұл бірінші бұйрық емес. Ол туралы барлық білім беру департаменттері мен бөлімшелеріне айтылды. Біз мектептерде ақша жинауға тыйым салуға қатысты саясатты қатаң ұстанамыз», ‒ деген болатын вице-министр Эльмира Суханбердиева. Ол бұйрықты бұзған қызметкерлерге қатаң жаза қолданылатынын да қадап айтқан: «Біз барлық оқиғаларға қатаң шаралар қолданып келеміз. Оны жіті бақылап, ата-аналармен бірге ақша жинауға мүлдем қарсы екенімізді білдіреміз. Мектепте оқушылардың ата-аналарынан ақша жинауға тыйым салу туралы министр бұйрығы барлық облыстың, Астана мен Алматы қалаларының білім беру департаменттеріне жолданған. Ақша жинауға жол берген қызметкерлерді жұмыстан шығаруға дейін барамыз». Қанша рет айтылып, БАҚ бетінде сан мәрте жазылса да, мектеп қорына «жылу» жинау төңірегінде шу биыл жер-жерде қайта көтеріле бастады.  Министрлік, қалалық, облыстық департаменттер, аудандық білім бөлімдері қайтадан жиналыс ашуға кірісті. Өткен аптада Алматы қалалық білім басқармасы бастығының орынбасары Ләззат Жылқыбаева «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында баспасөз мәслихатын өткізіп, оқушылардан ақша жинайтын мекемелерді тәубеге келуге, ал белсенді ата-аналарды қит етсе, орынсыз қаржы жинауды қысқартуға шақырды. «Мектепке оқулық, кеңсе тауарларына, дәптерге, тағы басқа да құралдарға  ақша жинауға қатаң тыйым салынған. Кей жағдайларда ақша жинау фактілері туралы шағым келіп түседі. Білім бөлімі қызметкерлері барып тексергенде, көбіне оларға ата-аналар мұрындық болғаны анықталып жатады. Мектеп қабырғасында қаржы жинауға қатаң тыйым салынған. Егер де ойын-сауық орталықтарына жағдайы жететін ата-аналар мектептен тыс уақытта жиналса, қарсылығымыз жоқ, ал сыныптағы 25 баладан мәжбүрлеп ақша жинап, ондай шараларды ұйымдастыруға рұқсат жоқ», ‒  деді Ләззат Жылқыбаева. Оның айтуынша, Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен екі жылдан бері тоқсан сайын мектеп директорлары мұғалімдер мен ата-аналар алдында есеп беріп тұрады. Жыл сайын барлық білім мекемелеріне ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынғаны туралы ескертілген хат жіберіледі. «Білім басқармасының сайты ата-аналармен байланыс орнатқан. Егер ата-аналардан ақша жинау туралы шағым түссе, қатаң шара қолданамыз. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Білім басқармасы тарапынан ата-аналар комитеті қызметінің тиімділігін қарастыру басқарманың күн тәртібінде тұр. Себебі ата-аналар комитеті тікелей қызметін ұмытып, мұғалімге ақша жинау мәселесімен айналысып кетеді», ‒ басқарма басшысының орынбасары. Сондай-ақ, брифинг барысында оқушыға мұғалімге берілетін сыйлықтың бағасы жайлы да сөз болды. Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің өкілі Нұрбол Мекешовтің айтуынша, ұстазға сый жасау үшін жиналатын ақша екі айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Яғни, тарту-таралғының бағасы 5 мың теңгеден артық болмауы қажет. Департамент өкілі соңғы үш жылда салада сыбайлас жемқорлық 2-3 есе азайғанын айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюрода 2015 жылы Алматы қалалық білім басқармасы өкілдеріне қатысты екі дерек тіркелсе, биыл мектептегі парақорлыққа қатысты 1 ғана дерек тіркеліпті. Бүгінде Алматы қаласында 998 білім беру ұйымы қызмет атқарады. Оның 443-і мемлекеттік мекеме болса, 555-і жекеменшік. Оларда 375 мың оқушы білім алуда. Білім саласына қала қазынасынан 2016 жылы 60 млрд теңге бөлінсе, биыл 63,3 млрд теңге бөлінген. Сала мамандарының айтуынша, Алматы мектептерінің барлығы білім алуға қажетті техникалық жабдықтармен, оқу  құралдарымен толық қамтылған.  Яғни, ата-аналардың мектеп қорына ақша жинауына негіз жоқ. Тіпті, ҰБТ тапсыратын түлектердің қалтасынан да артық шығын шықпайды. Бұрын мектептер бірыңғай тестке дайындау үшін оқушылардан ақша жинап, тест орталықтарынан сынақ кітапшаларын сатып әкелетін. Енді ата-аналар басы артық шығын шығармайды. Сынақ кітапшаларын сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 94 миллион теңге бөлініп отыр. Мектеп бітіретін оқушылар ғана емес, 1-сыныпқа енді баратын  бүлдіршіндердің ата-аналарының да қалтасы жұқаратыны белгілі. Мектеп табалдырығын жаңадан аттайтын оқушылардан заңсыз ақша жинамау үшін кезекке электронды тіркелу енгізілген. Жаңа оқу жылынан бастап енгізілген бұл жаңашылдық білім ордасындағы талай жүгенсіздікке тосқауыл қояды дейді мамандар.

«Ақша жинауға ауқатты ата-аналар бастамашыл болады»

Мектеп қабырғасында ақша жинау мәселесі астаналықтар үшін де таңсық тақырып емес. Ата-аналардан шағым толастамаған соң өткен жылы Астанада мектептерде ақша жинау жағдайларымен күрес жөніндегі арнайы комиссия құрылған болатын. Әкімдіктің ресми сайтындағы «Әкімге өтініш» сервисі арқылы әкімнің атына келіп түскен әрбір сауал мен өтініш бойынша тексеру жүргізіліп, актілер жасалады, білім беру ұйымының басшылығына тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылады. Бұл  жұмыстарды қала әкімі Әсет Исекешев тікелей өз басшылығына алған.  Шаһар басшысының бұл мәселеге назар аударуына Астана қаласы тұрғынының Facebook желісінде жазған жазбасы түрткі болды. «Біз балабақша немесе мектеп табалдырығын енді аттаған балаларымызды неге үйретіп жүрміз? Апайға кәмпит берсең, ол саған жақсы қарайтын болады деп үйреттік пе? Біздің мұғалімдерге не болған? Үнемі ақша сұрап тұрады. Бұл әрекеттерін қалай ақтап алуға болады? Осы деректердің барлығын мектеп директорлары мен Білім басқармасы әкімшілігіндегілерге жаба салу керек пе?», ‒ деп жазған болатын Астана қаласының тұрғыны Facebook желісінде. Бұл жазба көп ұзамай қала басшысының назарына ілініп, тұрғын көтерген мәселеге әкім сол желі арқылы жауап берді. «Әріптестер, ақша жинау мәселесі бойынша комиссия өз жұмысын бастады. Ақша жинау деректерінің барлығы зерттелетін болады, сәйкесінше шаралар да қолданылады. Бұл мәселе түбегейлі шешіледі. Комиссия атқарған жұмыстың қорытындысы бойынша сіздермен кездесіп, тағы да осы мәселені талқылауға дайынмын. Әр мектепке баратын боламыз!», ‒ деп жазды Исекешев мырза. Әкім сөзінде тұрды. Мектептерде ақша жинау жағдайларымен күрес жөніндегі арнайы комиссия елордалық білім ошақтарында түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізіп келеді. Комиссияның құрамында «Нұр Отан» партиясының, қоғамдық бірлестіктердің белсенділері, қалалық мәслихаттың депутаттары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар. Топ мүшелері аптасына екі рет, яки сәрсенбі және сенбі күндері жұмыс істейді. Олар «Әкімге өтініш» қызметі арқылы қала әкімінің атына, Білім басқармасына немесе әлеуметтік желілерде ата-аналардан шағым жолданған мектептерге барып жүр. Бұйрықты бұзған білім ордаларының қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданылуда. Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша, елордадағы 85 жалпы білім беретін мектепті күтіп ұстауға мемлекеттік қазынадан бөлінетін қаржының 76,6 пайызы еңбекақыны төлеу қорына берілген, 13 пайызы жетім балаларды, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды, бастауыш сынып оқушыларын тамақтандыруға, 4,7 пайыз коммуналдық қызметтерге, 5,7 пайыз ғимаратты күтуге және қызмет көрсетуге, салыққа және басқа шығындарға қарастырылған. Сала басшысы мектепті қамтамасыз ету үшін қаржы жеткілікті деңгейде қаралған дейді. Бірақ, соған қарамастан, кейбір білім ордаларында мектеп немесе сынып қоры құрылып, жұмыс істейтін көрінеді. Ең қызығы, мектепке «жылу» жинауға бастамашыл болатын да, наразылық танытатын да – ата-аналардың өздері дейді білім басқармасының мамандары. Мұны төрт баласы мектепте оқитын әке  Мейрамбек Қарашаев та растайды. «Менің төрт балам мектепте оқиды. Оқу жылы басталған кезде әр сыныптың ата-аналар жиналысы болады, сол жиында ең бірінші қорға ақша жинау мәселесі көтеріледі. Оны және ата-аналардың өздері бастайды. Басында 2500-3000 теңгеден деп бастама көтергенімен, белсенді ата-аналар ақыры 5000 теңгеден жинайық деген шешімге келеді. Егер бұған қарсы уәж айта бастасаң, «бәрі балаларымыз үшін емес пе?!» дейді. Амалсыз сөзден тосыласың. Одан соң не болады дейсіз ғой? Жаңа жылға қарай немесе одан кейін қордағы ақша бітіп қалады. Тағы ақша жинайық деген бастама көтеріледі. Сөйтіп, он оқу айы ішінде тек қана сыныптың қорына деп 5000 теңгеден екі-үш рет ақша жиналады. Келесі жылы балаларымыз басқа сыныпқа көшеді, тағы солардың бөлмесін жабдықтауды біз, ата-аналар, мойнымызға аламыз. Шындығында, мұндай шығындарға арнайы қаржы бөлінеді емес пе? Ол қайда жұмсалып жатқаны түсініксіз. Бірақ бір айта кетер жай, ақша жинау мәселесін үнемі ата-аналардың өздері көтереді. Әр сынып ата-аналары арасында сондай белсенділер табылады. Бұл жерде мұғалімді кінәлай алмаймыз», – дейді ол. Мейрамбектің айтуынша, сынып қорына ақша жинауға көбіне ауқатты ата-аналар бастамашыл болады екен. Ұстазға қымбат сыйлық алу, бітіру кешін қымбат мейрамханада жасау туралы ұсыныс та көбіне сол тараптан. Алайда олар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың қалтасына айтарлықтай салмақ түсуі мүмкін екенін бағамдай бермейді. Табыстары күнделікті ас-ауқаттан артылмайтын көпбалалы отбасылар бар. Бүгінгідей қымбатшылық кезеңде оларға мектепте оқитын балаларын киіндіріп, құрал-жабдықтарын түгендеп берудің өзі оңайға түспейді. Өздері онсыз да қиналып жүрген ата-ана мектеп қорына несін берсін? Соңғы тиынын санап берсе де, баламды қатарынан қалдырмаймын деп тыраштануы мүмкін.  Бір берер, екі берер, одан кейін ақша жинап жүрген белсенді ата-анадан, мұғалімнен, бүкіл мектептен жериді.

«Екі оттың ортасында қалдым»

Алматы қаласындағы мектептердің бірінде 6-сынып оқушыларына жетекшілік етіп жүрген Мөлдір Алтайқызы осы күні ата-аналар жиналысын өткізуге қорқатынын айтады. –  Жетекшілік ететін сыныбымда 24 оқушы бар. Әрқайсысының әлеуметтік жағдайы әр түрлі. Біреуі үйінің жалғызы болса, біреуі 4-5 баланың ортасында өсіп келеді. Толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан оқушылар да бар. Өзім де екі бала тәрбиелеп отырған ана болғандықтан, ешбір отбасына салмақ салғым келмейді. Ата-аналардың қалтасынан басы артық шығын шықпаса екен деймін. Сабақ уақытынан тыс кезде оқушыларды музейге, театрға апаратын болсам ғана ата-аналарға алдын-ала ескертіп, балаларының қалтасына мәдениет ошағына кіру билетін сатып алатын ақша салып берулерін өтінемін. Басқа жағдайда ақша жинатып көрген емеспін. Мектебіміз толығымен заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Оқуға қажетті заттарды сатып алуға, жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен жеткілікті қаржы қарастырылған. Соған қарамастан кейбір мұғалімдер «сыныптың ремонтына ақша жинаңыздар» деп оқу жылының соңында ата-аналарға салық салатынын естідім. Ол қаржыны өз қалтасына басатыны айтпаса да белгілі ғой. Өзім ондайдан аулақпын. Біреудің маңдай терімен тапқан адал несібесі тамағымнан өтпейді, – дейді ұстаз. Алайда кейбір белсенді ата-аналар сынып қорын құруға бастамашыл болып, өзгелерді ақша жинауға міндеттейді екен. – Кейбір ата-аналар мұғалімге сыйлық жасайық, балаларымыздың сыныбына ананы әперейік, мынаны әперейік деп бастама көтереді. Оны бірі қолдайды, бірі жағдайын айтып қарсы шығады. WhatsApp  желісіндегі ата-аналар тобындағы қызу талқылаудың соңы ұрысқа айналып кететін кездер де болыпты. Оны оқушыларымның бірінен естідім. Тіпті, жуырда өткізген ата-аналар жиналысы да жанжалмен аяқталған. Бір оқушымның анасы: «Сыныпта гүл аз екен, ақша жинап, бөлме гүлдерін алып берейік. Балалар күн ұзын осы төрт қабырғаның ортасында отырады. Ауа таза болу үшін гүлдердің көп болғаны дұрыс», – деді. Бөлме гүлдерін қайдан алуға болатынын, қаншаға алуға болатынын айтып берді. Ата-аналардың біразы қолдады, қарсы шыққандары да бар. Біраздан соң әлгі ана балаларға сабақ беріп жүрген барлық пән мұғалімдерін ұстаздар күнімен құттықтау керектігін айтып, тағы да ақша жинау мәселесін көтерді. Сол уақытта жиналыстың басынан бері қарсылық танытып отырған бір ана айғайға басып, ақша бермейтінін кесіп айтты. Жағдайы жоқ екенін айтқан тағы бір кісі қосыла айғайлады. Ата-аналар екіге жарылып, аяқ астынан ұрыс басталды да кетті. Мектеп қажеттіліктеріне ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынғанын, тіпті мұғалімдердің сыйлық алуына да шектеу қойылғанын айтып әрең тоқтаттым. «Сендер жинама десе де жинайсыңдар! «Анау жоқ», «мынау жоқ». Жоқтан өзгені айтпайсыңдар!» –  деп ашуға мінген кісі маған шүйлікті. Ақша туралы сөз қозғамасам да, ақырында жаман атты болдым. Әлгі кісі маған емес, бүкіл мұғалім, мектеп атаулыға ашулы секілді. Үндемей құтылдым, – дейді мұғалім. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады». Мөлдір шудан бүгін құтылғанымен, мектеп атаулыдан алыстамайтын түйткіл ертең қайта ушықпасына кепілдік жоқ.