Жұмыспен қамту – кезек күттірмейтін шаруа

Жұмыспен қамту – кезек күттірмейтін шаруа

Жұмыспен қамту –  кезек күттірмейтін шаруа
ашық дереккөзі
Көкшетау қаласының жұмыспен қамту орталығы «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалымен бірігіп мүмкіндігі шектеулі жандарға бос жұмыс орны жәрмеңкесін ұйымдастырды. Игілікті іс-шара «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында өтті. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты жұмыс берушілер мен арнайы есепте тұрған жұмыссыздар арасында тікелей байланыс құру болып табылады. Жәрмеңкеге қатысқан әрбір мүмкіндігі шектеулі жан қала бойынша көрсетілген бос жұмыс орнымен танысып, мамандықтар тізімін алып, өздеріне сәйкес мамандық бойынша жұмыс берушімен тікелей сөйлесуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, кәсіби дайындық курстарына білім алу мен «Жастар іс тәжірибесі» бағдарламасы аясында мол мағлұмат алуға қол жеткізді. ‒ Жыл бойы есепте тұрған барлық мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына, олардың қоғам өміріне белсенді араласып кеткенін қалаймыз. Әрбір кәсіпкер, әрбір мекеме мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жұмыс ашып, оларды жұмысқа тартулары керек деп есептейміз, ‒ дейді Көкшетау қаласы әлеуметтік бағдарламалар және кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің жетекшісі Инна Адам. Көкшетау қаласы әлеуметтік бағдарламалар және кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің жетекшісінің айтуынша, шараға 20 кәсіпкер, яғни  жұмыс беруші өтініш беріп, 73 бос жұмыс орнын ұсынған.  Жәрмеңке нәтижесінде жұмыс іздеп келген 54 адамның 6-ы жұмысқа орналасып, 1 адам қысқа мерзімді кәсіби білім алу орталығына жолдама алған. ‒ Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орнын ұсынбас үшін алдымен оларға оңтайлы жағдай жасау қажет. Алдымен жұмыс беруші тараппен біз жеңілдіктер, оларға қойылатын талаптар мен жалақы мәселесін шешіп аламыз. Енді тағы бірқатар жұмыс берушілер осы талаптарды орындағаннан соң, бірқатар кезеңнен өткеннен кейін бізбен келісімге отырып, жұмыс орнын ұсынатын болады, ‒ дейді ол.