Ажал қаруынан бас тартқан Алаш
Ажал қаруынан бас тартқан Алаш
Пхеньян алған бетінен қайтар емес. Биылғы жылдың ақпанынан бастап жаппай қырып-жою қаруын 14 рет сынақтан өткізіп, әртүрлі сипаттамадағы 21 зымыран ұшырған Солтүстік Корея бүкіл әлемнің қарсылығына қарамастан ядролық қуатын еселей түсетінін ұқтырды. Соңғы қару сынақтары – құрлықаралық баллистикалық зымырандар АҚШ-тың Аляска, Нью-Йорк, Чикаго қалаларына жетуі мүмкін екенін дәлелдеді. КХДР өзі мәлімдегендей, оқтұмсығын Гуам аралына бағыттаса, Трамптың тырп етпей отырмасы анық. АҚШ «аждаһасын» оятса, үрейлі жұрт айтып жүрген «үшінші дүниежүзілік соғыс» басталып кетпесіне кім кепіл?
КХДР-дың 3 қыркүйекте жасаған ең қуатты ядролық сынағынан кейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шұғыл бас қосып, Солтүстік Кореяға қарсы санкцияны күшейтетін қарарды қабылдады. Қауіпсіздік кеңесінің шешімі бойынша, Солтүстік Кореядан текстиль өнімдерін импорттауға және шикі мұнай сатуға тыйым салынды.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 2006 жылдан бері осымен Солтүстік Кореяның ядролық қару және баллистикалық зымыран жасау бағдарламаларына қарсы санкция белгілеген тоғызыншы қарар қабылдап отыр. Қарарды Ресей мен Қытайдың қолдауы үшін АҚШ әуелгі қарар жобасындағы талаптарын біраз жұмсартты. АҚШ алғашқы жобадағы Солтүстік Кореяға мұнай сатуға толықтай эмбарго қою және осы ел басшысы Ким Чен Ынның активтерін бұғаулаудан бас тартты. Соңғы қабылданған қарарға Корей түбегіндегі текетіресті «бейбіт, дипломатиялық және саяси жолмен шешуге» шақырған сөйлем қосылды.
Тоқыма өндірісі Солтүстік Кореяның көмір мен басқа да минералды ресурстардан кейінгі екінші ірі экспорт өнімі саналады. Корей сауда және инвестицияға септесу агенттігінің (KOTRA) мәліметінше, елдің 2016 жылы текстильден түскен табысы 752 миллион долларды құраған. КХДР экспорттайтын текстильдің 80 пайызға жуығы Қытайға жөнелтіледі. Санкциялар туралы құжат КХДР-дың тоқыма өнімдерін экспорттауына тыйым салып қана қоймай, Солтүстік Кореяға мұнай өнімдерін жеткізуге шектеу қойды: осы жылдың аяғына дейін 500 мың баррельден және 2018 жылдың қаңтарынан бастап жылына 2 млн баррельден аспауы тиіс. Бұрынғы санкциялармен бірге қабылданған шаралар дәл қазір Солтүстік Кореяның экспортын 90%-ға дейін төмендетуге бағытталған және өзінің ядролық бағдарламасын дамытуды жалғастыру үшін елдің қаржы мүмкіндіктерін шындап шектейді. АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейлидің айтуынша, қабылданған шаралар нәтижесінде Пхеньян жыл сайын кем дегенде 800 миллион доллар табыстан айырылмақ.
Солтүстік Кореяға қарсы шектеу шараларын күшейтетін Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа резолюциясын кеңеске мүше басқа мемлекеттермен бірге Қазақстан да құптады. Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Пхеньянның жаһандық үндеуді естіп, естілік пен диалог жолын таңдайтынына үміт білдірді. «Жетілдірілген баллистикалық зымырандарды ұшыру сериясынан кейін КХДР ғаламшарды өзінің сұмдық ядролық сынақтарымен солқылдатты. Солтүстік Кореяның жауапсыз саясаты ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық үдеріске кесірін тигізіп, ғаламшардың ядролық қарусыз болашағын қамтамасыз ету бойынша ұжымдық үлестерге нұқстан келтіреді», – деп атап өтілді мәлімдемеде.
БҰҰ келісімі: Әлем ядролық қарудан азат бола ма?
Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу – биылғы қаңтар айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне саяси үндеуінде жарияланған бірінші басымдық. «Корей түбегіндегі ядролық қару мәселесін жедел және сындарлы шешуді Қазақстан Республикасы маңызды міндет деп санайды. Ең дұрысы – Қазақстан БҰҰ-ға мүше-мемлекеттердің барлығын, әсіресе Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерін, 2045 жылы БҰҰ-ның 100-жылдығына дейін әлемді ядролық қарудан арылтуға шақырады», – деген еді Мемлекет басшысы қаңтардағы үндеуінде. Қазақстанның бастамасы БҰҰ тарапынан қолдау тауып, ұйымның биылғы жылдың 7 шілдесінде өткен арнайы конференциясында ядролық қаруға түбегейлі тыйым салу туралы келісім қабылданды. Құжатты жиынға қатысқан 124 мемлекеттің 122-сі қолдаса, бір ғана мемлекет – Голландия қарсы дауыс берді. Ал Сингапур дауыс беруден бас тартты. Ядролық қаруға иелік ететін тоғыз мемлекеттің ешбірі (АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Қытай, Франция, Үндістан, Пәкістан, Солтүстік Корея, Израиль) келіссөздерге қатысқан жоқ. БҰҰ қабылдаған келісім 50 мемлекет ратификациялағаннан кейін 90 күннен соң заңды күшіне енеді. 20 қыркүйекте БҰҰ-ның штаб-пәтерінде ұйымның бас хатшысы Антониу Гутерриш келісімшартқа қол қоюды ашық деп жариялады. Сол күні-ақ құжатқа Алжир, Австрия, Бразилия, Куба, Ливия, Лихтенштейн, Мексика, Жаңа Зеландия, Палестина, ЮАР, Таиланд бастаған 51 мемлекет қол қойып үлгерді. «Бұл келісім – ядролық қаруға байланысты алаңдаушылықтың көбеюі және оны қолдану салдарынан туындайтын экологиялық және гуманитарлық апаттар қаупі артуының нәтижесі. Құжат ядролық қарудан азат әлем құру мақсатына жетудегі маңызды қадам болмақ», – деді БҰҰ бас хатшысы. Келісім мәтініне сүйенсек, құжатқа қол қоюшы мемлекеттер жаппай қырып-жоятын қаруды ешқашан өндірмеуі және иелік етпеуі шарт. Келісімді мақұлдаған елдерге, сондай-ақ, ядролық қаруды өзге мемлекетке беруге және онымен қоқан-лоққы көрсетуге тыйым салынады. Құжатта «мемлекеттердің көпшілігі ядролық қаруды соғыс жүргізудің легитимді әдісі ретінде қарастыруды қойғаны» айтылған. Келісім ядролық қаруды сынау және қолданудың құрбаны болғандарға көмек көрсетуге міндеттейді.Ядролық державалар Астанада бас қосуы мүмкін
Стокгольм әлем түйткілдерін зерттеу халықаралық институтының есебіне сүйенсек, бүгінде ядролық қаруға иелік ететін 9 мемлекетте 14 935 оқтұмсық бар. Бір кездері жаппай қырып-жоятын қару Қазақстанның қолында да болды. Алайда Тәуелсіздік алған соң еліміз ядролық қаруды таратпау жағынан жаһандық көшбасшыға айналды. Бүгінде ядролық қарусыз әлем құру идеясына бастамашыл болып, қатыгездікке бой алдырған жаһанды ізгілікке шақырып жүрген Қазақ елінің бастамалары көптің аузында. 1991 жылғы 29 тамызда әлемдегі ірі полигон – Семей ядролық сынақ полигонын жапқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен сол күн әлем бойынша Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде атап өтілетіні белгілі. Биыл 29 тамызда, айтулы оқиғаға 26 жыл толған күні МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкі ашылды. Салтанатты рәсімге қатысқан Қазақстан Президенті жаһандық ахуалды ескере отырып, ядролық қауіпсіздіктің жекелеген мәселелерін шешу мақсатымен бірқатар идеялар ұсынды. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев іс жүзіндегі барлық ядролық мемлекеттің мәртебесін заңдастырып, Ядролық қаруы бар елдердің саммитін өткізуді ұсынды. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті ядролық технологиялары бар, бірақ Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қоймаған немесе ратификацияламаған бірнеше елдерді атап өтіп, олардың көшбасшыларын кешеуілдемей осы шартқа қосылуға шақырды. – Ядролық қарудан азат аймақтар құру – оның таралуымен күрестегі тиімді құралдардың бірі. 2009 жылғы наурызда Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарт күшіне енді. Ядролық қарусыз аймаққа кіретін барлық мемлекеттің күшін біріктіруді ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруға қарсы қозғалыс мәселесі бойынша барлық жаһандық бастамаларды біріктіруді ұсынып, Қазақстанның Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитті жаңарту үдерісіне бастамашы болуға және оның отырысын Астанада өткізуге әзір екенін айтты.Қазақтың қадамы – даналықтың үлгісі
Қазақстанның жаппай қырып-жою қаруымен күрес жөніндегі ұсыныстарымен басқаны қойғанда аузын айға білеген АҚШ-тың өзі санасады. 21 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаппай қырып-жою қаруын таратпау және оларды жеткізу жүйелерін тарату қаупі тақырыбы бойынша министрлер деңгейінде өткен кездесуде АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон кең көлемді баяндама жасап, жаһандық қарусыздану мен таратпау үдерісіндегі Қазақстанның рөліне айрықша назар аударды. Тиллерсон ядролық қарудан бас тартқан еліміздің әрекеті даналықтың айрықша үлгісі екенін атап өтті. «Қазақстан басшылығының батыл шешімі ядролық қару, оның құрамдас бөліктері, ядролық материалдар және қос мақсатты технологиялардың зиянкестердің қолына түсу қаупін едәуір қысқартты», – деді Тиллерсон. «Бүгін Қазақстан көршілерімен тату-бейбіт өмір сүруде. Ол берік сауда қатынастарын дамытуда. Биыл елімізде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтіп, ол болашақтың энергия көздерін және бүкіл әлемнің қатысушыларына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін көрсетті. Бұл өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге елеулі үлес қосып отырған заманауи мемлекет. Қазақстан өзінің шешімінен тек пайда көрді», – деді мемлекеттік хатшы. Тиллерсон Нұрсұлтан Назарбаевтың өзімен тілдескенде де батылдығы мен көрегендігін мойындағанын жасырған жоқ. «Бұрынғы кәсіби қызметімде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше рет кездестім және оған осы шешім туралы сұрақ қоюыма мүмкіндік болды. Ол маған бұл шешімге ешқашан өкінбейтінін және күндердің бірінде бұл жоба жас мемлекет үшін жасаған ең зор жақсылығы екенін айтқан», – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы. АҚШ президенті болып тұрған тұсында Барак Обама да Қазақстан Президентінің шешімін өзгелерге үлгі еткен еді. 2010 жылдың 12-13 сәуірінде Елбасының Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғаламдық саммитке қатысып, АҚШ Президенті Барак Обамамен оңаша әңгімелесуі, одан кейін қатысушылардың алдыңғы қатарында сөз сөйлеуі Қазақстан көшбасшысына көрсетілген ерекше құрмет белгісі еді. Сол саммиттен кейін Барак Обама: «Президент Назарбаев ядролық қаруларды таратпау және ядролық қауіпсіздік мәселелерінде әлемде үлгі тұтарлық көшбасшылардың бірі болып табылады. Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен экономикалық гүлденуге қалай қол жеткізуге болатындығын көрсеткен елдің тамаша үлгісі», – деген еді. Расында да, Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет тізгінін қолға алған бойда, Кеңес Одағы әлі ыдырамай тұрған шақта әмірі қатты Мәскеуден қаймықпай, 40 жыл бойы халқына қасірет шектіріп келген жер бетіндегі ең алып сынақ алаңдарының бірі – Семей полигонын жабу туралы шешім қабылдауы ерлік еді. Осылайша араны ажал шашқан сынақ алаңының зардабын тартқан халқын қасіреттен құтқарды. Қазақ даласын 40 жыл бойы жойқын қаруды сынайтын тамұққа айналдырған сынақ кезінде 450-ден астам ядролық жарылыс жасалды. Оның 120-дан астамы ашық аспан астында жарылды. Мамандардың айтуынша, жарылыстардың жиынтық қуаты кезінде Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 мың есеге асып түскен. Қазақ даласының 300 мың шаршы шақырымы радиацияға уланып, одан 1,5 миллионнан астам адам зардап шекті. Семей сынақ алаңын жабу – ядролық қарусыз әлем құру жолындағы қазақ халқының ұлы қадамдарының бастауы болды. Осы тарихи шешімнен кейін Невада, Лобнор, Жаңа жер секілді ірі полигондардың көмейіне құм құйылды. Семей сынақ алаңы жабылған сәттен бастап Қазақстан адамзат тарихындағы ең зұлмат сойыл – ядролық қарумен күрестің көшбасшысы атанды. Кеңес Одағы үстемдік етіп тұрған кезде еліміздің аумағында орасан зор ядролық қару-жарақтар қоры орналастырылған еді. Егемендігін жариялаған уақытта Қазақстан құрлықаралық баллистикалық зымырандарға орнатылған 1040 ядролық оқтұмсық пен әуеден тастауға болатын 370 ядролық бомбаның иесі атанып шыға келді. Жас мемлекет ядролық құдіреті бойынша әлемде бірден төртінші орынды иеленді. Кеңес Одағының басынан бақ тайып, керегесі сөгілген алмағайып күндерде осыншама орасан қаруға мұралық еткен Қазақстан өзін ядролық держава деп жариялау мүмкіндігіне толық ие болды. Жаппай қарулану бәсекесінің қарқыны әлі де қайта қоймаған ол күндерде «ядролық держава» атануға қызығушылық та зор болатын. Елдің ішіндегі саясаткерлердің арасында тағдырдың өзі сыйлай салған «ядролық әлеуеттен» бас тартпай, иелік етіп қалуды ұсынғандар көп болды. Ол әлемдік алпауыттарды халықаралық қауымдастыққа енді ғана мүше атанған жас мемлекетпен санасуға мәжбүрлейтін таптырмас құрал десті әлгі бастамашылдар. Алайда жас мемлекеттің ғасырлық, бәлкім, мыңжылдық болашағын айқындау жауапкершілігі өз мойнына артылғанын түсінген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан түбегейлі бас тартты. Арада ширек ғасыр өткенде Елбасының бұл шешімі көреген қадам болғанын бір кездері сырмақ шетінде жүргендердің барлығы мойындады. Ол кезде әр сөзді аңдап сөйлеуге тура келгені рас. Алайда тарихи таңдау алдында тұрған сол шақта Қазақстан аумағындағы ядролық қару-жарақтарды Ресей Федерациясының стратегиялық ядролық күштерімен бірлесе басқару мәселесі де қарастырылғанын енді ашық айтуға болады. Алайда істің бұлай аяқ алысы ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімді бұзу болып саналар еді. Өйтсек, бүгінгі таңда қандай мемлекетте өмір сүріп жатарымызды елестетудің өзі қиын. Бір анығы – аузынан ажал сепкен тажал қару ешкімге береке әкелмек емес. Бір-біріне сес көрсетіп, оқтұмсықтарын оңды-солды сумаңдатқан алпауыттар соны түсінсе игі.