Жаңалықтар

Тыңшылық қызмет жөніндегі тартыс жалғасып жатыр

ашық дереккөзі

Тыңшылық қызмет жөніндегі тартыс жалғасып жатыр

Жеке тыңшыны заңдастыру мәселесі біздің елде бір емес, бірнеше рет көтерілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы жеке меншік агенттіктерді заңдастыруға арнайы тапсырма да берген болатын. 2012 жылы Әділет министрлігі алғашқы жобаны әзірлеп, Мәжілістің қарауына жібергені де есте. Содан бері бұл тақырып қозғаусыз қалған.

Таяуда Мемлекет басшысының құқықтық қоғам құру үшін жеке детективтер институтын құру қажет деген халыққа Жолдауындағы тапсырмасы аясында Үкімет жаңа заң жобасын дайындап, ол Парламент Мәжілісінің кеңейтілген отырысында кеңінен талқыланды. Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар бұрын-соңды қозғалмаған «Жеке детективтік қызмет туралы» Заңның жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттар ұзақ жылдардан бері сарғайып жатқан осы жобаны ұзақ әрі қызу талқылады.Әрі Әділет министрлігі әзірлеген заң жобасына қатысты депутаттардың пікірі қақ жарылды. Бірі – жеке детективтердің қолына кең құзырет беру керек десе, басым көпшілігі қолы ұзарған тәуелсіз ізкесерден қоғамға тіпті, жеке адамға да қауіп төнуі мүмкін екендігін алға тартып, аса сақтықпен қарауға шақырды. Аталмыш құжат бойынша ел Үкіметі «детективтер қызметін лицензиялауды» ұсынды. Бұл ретте ескеретін бір жайт, шетелдік әріптестеріне қарағанда, отандық детективтердің мүмкіндіктері мен құқықтары әлдеқайда шектеулі болмақ. Қабылданған заң аясында қазақстандық детективтерге жеке әңгімелесуді жүзеге асыруға, жеке және заңды тұлғалардан мінездемелер және басқа құжаттар сұратуға, анықтама жинауға, заңды ұйымдар құруға мүмкіндік берілмек. «Детективтік іс-шаралар тізбесінің» осынша шектеулі болып шығуы кейбір халық қалаулыларына ұнамаса керек. Олар қазақстандық детективтерге ақпарат алу үшін үйлерді, ғимараттарды, құрылыстарды, жекеменшік жер учаскелерін, көлік құралдарын және басқа объектілерді қарап-тексеруге, құжаттар мен заттарды зерделеуге және басқа да іздестіру істерін жүргізуге мүмкіндік беру керек деп санайды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ Жол» фракциясының мүшесі Нұрлан Жазылбеков: «Заң жобасының 9 бабына сәйкес оның авторлары детективке жеке сұхбат жүргізуге, заңды және жеке тұлғаларға ресми сұрау салуға және қоғамдық бірлестік құруға құқық беріпті. Осыған байланысты менде бірнеше сауал туындап отыр. Біздің ата заңымыз қатардағы азаматтарымызды осы құқықтардан қашан айырып еді? Біз бен сізден артық құқы жоқ кәсіби маманды лицензиялап, мүмкіндігі тар арнайы институт құрудың қажеті қанша?», ‒ дейді. Заң жобасы қазақстандық детективтерді бейне-дыбыс жазу, оқиға орнын аралау, бақылау сынды құзыреттен айырып отыр. Олар тек тілдесумен шектелуі тиіс деп тапқан. Жиын барысында детективтің қолын ұзартуға болмай ма деген ұсынысты Рауан Шаекин жасады. «Жеке детективтік қызмет көмегімен қаншама тұрмыстық проблемалардың алдын алуға болар еді. Мысал келтірейін. Астана қалалық ішкі істер департаментінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері 20-дан астам жасөспірім үйлерінен кетіп қалған. Ішкі істер департаменті оларды іздеп, қандай ортаға түскенін жан-жақты зерттеді дегенге сену қиын. Біздің заң құжатынан көргіміз келетіні – жеке детективтерді қарапайым азаматтың құқықтарынан аспайтын тілдесу, сұрау беру құзыретінен әлдеқайда кең мүмкіндіктермен қамтамасыз ету», ‒ дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Рауан Шаекин. Депутат осылайша зейнетке ерте шығып, қоғамға өз еркінен тыс кем қызмет ететін тәртіп сақшыларының потенциалын барынша пайдаланып қалуға ниетті. Шаекиннің бұл ұсынысынан кейін, бейқам отырған депутаттарға жан біткендей болған. Мәжіліс төрағасы бұл жандануды өзінше қалжыңмен топшылады. Қабиболла Жақыпов: «Қараңыздар, ер азаматтар қалай селт ете қалды. Енді олар балыққа бармауға қорқады. Мәселе балықта емес, бизнесте. Кәсіпкерлерді саяси күшке біріктерген ақжолдықтар жетекшісі жүгенсіз кеткен жеке детективтер бизнеске кері әсер етеді деген ойда», ‒ дейді. «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев: «Бизнесті алыңыздар. Бір-бірін аңду, із бағу, бәсекелестерді жолдан тайдыру соғысы басталады. Бұның арты қоғамға ауыр тиюі мүмкін. Әріптестеріміз зейнетке ерте шыққан құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қоғамға пайда тигізуге мүмкіндік береді дейді. Ал бізде тіпті қызметте жүрген азаматтардың барлығы кіршіксіз таза, адам құқықтарын қалтықсыз орындайды деп айтуға келе ме? Өкінішті жайттар туралы мысал келтірмей-ақ қояйын, олар жеткілікті», ‒ деп қортындылады сөзін. Бұдан кейін әріптесінің ойын бұрынғы Әділет министрі Зағипа Балиева жалғастырып: «Құрметті әріптестер, жеке детективтерге артық құқық беріп, өзіміз сол қызметтің құрбаны болуы мүмкін екенімізді ұмытпауларыңызды сұраймын. Сіздің жеке басыңыз туралы біреудің сырттан ақпарат жинастыруына, сізге қатысты қандай да тергеу жүргізуіне жол беруге болмайды», ‒ деді. Заң жобасы қажет, бірақ өте ұқыпты болу керек деген ұсыныстардан кейін, құжат ақыры қабылданды. Біршама пікір таластырып, ұсыныс айтқан депутаттар да дауыс беруде, не себепті екендігі белгісіз, бір ауыздан мақұл десті. Ал ұзақ отырыстан соң журналистер алдында шыққан Берік Имашев детективтер туралы заң жобасын Ішкі істер министрлігі емес, өзі басқарған Әділет министрлігі әзірлеуге мәжбүр болуына таңғалғанын жасырмады.

Тыңшылық қызмет қанша тұрады?

Статистикалық мәлімет еліміздегі жеке меншік тыңшыларға деген сұраныстың көптігін көрсетіп отыр. Десе де, бұл саланы кәсіби меңгерген мамандар жоқтың қасы. «Бізде кәсіби детективтер жоқ. Өйткені бұл салада мамандар ешқандай тәжірибе жинақтамаған. Алайда бұл қызметке жүгінетіндер өте көп болып шықты. Сондықтан біз тыңшыларға қатысты заңды толықтырып, халықаралық адам құқығына сай етіп жасайтын боламыз. Ал, заң қашан дайын болатынын айта алмаймын, әлі әзірлік үстінде», – деген еді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Светлана Романовская бір сұхбатында. Заңгерлердің сөзіне сенсек, жекеменшік детективтер бір Алматының өзінде жетіп артылатын көрінеді. Тіпті, олар заңды белшеден басып, қызмет құнын ғаламтор бетінде қымсынбай жарнамалап, нәпақа тауып жүр. Кәсібіне рұқсат құжаты болмағандықтан, тұрақты мекен-жайы да, кеңселері де жоқ тыңшылар сырттай ақша табуға бейімделіп үлгерген. Кейбір мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы тыңшылық қызметінің құны 37 мың теңгеден басталатын көрінеді. Бұл қызмет түрін кәсіп еткендердің басым көпшілігі бұрынғы полиция қызметкерлері. Қазіргі таңда жұртшылық жасырын агентті көбінесе жарының адалдығын тексеру мен баласының тірлігін анықтауға жалдайды екен. Тыңшылар жұмысының нәтижесін фото немесе бейнетүсірілім арқылы тапсырады. Ал қабылданған заңнамада бұл қызметтерге рұқсат жоқ. Біздің елдегі заңға сәйкес, адамның жүріс-тұрысын суретке түсіруге, бейнебақылауға т.б қатаң тыйым салынған. Бұл жағдайда жасырын агенттіктердің қызметі заңға қарама-қайшы келіп отыр. Тыңшылықты кәсіп еткендер осы мәселе біржақты шешіліп, заң аясында жұмыс жасауға мүмкіндік берілуін сұруда. Жекеменшік тыңшылық агенттіктер дайындалып жатқан заңнамада жеке детективтерге шектеудің шектен тыс қойылып отырғандығын, жасырын тыңшының жұмысын оңтайландыру қажет екендігін айтуда. Егер заң аясында жекеменшік агенттіктерге жағдай жасалса, құқық қорғаушылардың қолы ұзарып, ісі жеңілдейді дегенді алға тартады тыңшылар. Бұл мәселені сарапқа салған депутаттар елімізде із-түссіз жоғалған азаматтар мен бағалы мүліктерді іздестіруге білікті тәртіп сақшыларының қызметі ауадай қажет екендігін ескеріп, бұл қызметтің жаңа түрін зейнетке шыққан полицейлерге беру керектігін айтады. Қалай болған күнде де, қай елде де заң адам құқығын қорғауға бағытталатыны сөзсіз. Бірақ... болашақта жеке тыңшылар әрдайым жаныңыздан табылуы мүмкін.

Астана қаласы