Қазақстан мен Қырғызстан діни салада ынтымақтаса жұмыс істейді

Қазақстан мен Қырғызстан діни салада ынтымақтаса жұмыс істейді

Қазақстан мен Қырғызстан діни салада ынтымақтаса жұмыс істейді
ашық дереккөзі
Қазақстан мен Қырғызстан діни салада ынтымақтаса жұмыс істеуге уағдаласты. Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Қырғызстанға жұмыс сапары барысында Қырғызстан Республикасының Дін істері жөніндегі Мемлекеттік комиссиясының директоры Зайырбек Эргешовпен кездесті. Екі елдің ведомство басшылары әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Аталған меморандум тәжірибе мен ақпарат алмасуды, сондай-ақ екі мемлекеттің дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамаларында көзделген  іс-шаралар жоспарларының орындалуын бақылау және жүзеге асыруды көздейді.    «Құжатта, біз екі мемлекеттің мүддесі үшін дін саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асыру үшін ынтымақтастықтың барлық аспектілерін кеңінен қамтуға күш салдық»,- деп атап өтті министр Нұрлан Ермекбаев. Меморандумның маңызды тармақтарының бірі - діни саланы реттеудегі уәкілетті мемлекеттік органдардың ынтымақтастығы, халықты теріс діни идеялардан қорғау, шетелдік діни экстремистік ұйымдардың ықпалына ұшыраған адамдарға дұрыс бағытта кеңес беру және  дерадикалдандыру жөніндегі жұмыс шеңберінде өзара іс-қимыл жасау және тәжірибе алмасу. Сонымен бірге, меморандум мемлекеттер арасындағы теологиялық (рухани) және діни зерттеулерді дамыту саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Меморандум аясында халықты діни тәрбиелеуге және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған бірлескен ғылыми тұрғыда білім беру бағытындағы іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ бекітілген меморандум, діни салаға қатысты ғылыми, көркем, сараптамалық әдебиеттерді және басқа да ақпараттық материалдарды жасау, тарату және жариялау мүмкіндігін нығайтуға серпін болмақ.  Айта кетейік, бүгін Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Бішкек қаласында өткен «Қазіргі заманауи зайырлы мемлекеттегі Ислам» тақырыбында ұйымдастырылған Халықаралық конференцияға қатысты.