Жаңалықтар

Мектепке хиджаб киіп келген оқушының ата-анасына айыппұл салынады

ашық дереккөзі

Мектепке хиджаб киіп келген оқушының ата-анасына айыппұл салынады

Мектепке оранып келген оқушының ата-анасына айыппұл салынатын болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарланды деп жазады Ақжайық басылымы.

Мектеп формасын сақтамаған оқушының ата-анасы ендігі жерде ӘҚБтК-нің 409-бабы 2-тармағына («Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің Қазақстан білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы») сәйкес, он айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде (22 690 теңге) айыппұл төлейді. Әңгіме негізінен балаларын сабаққа жібермейтін және балаларының басынан орамалын алмайтын ата-аналарға қатысты болып отыр. Облыстағы білім саласын бақылау департаментінің бөлім басшысы Аманбай Хұсыновтың айтуынша, бір жылдың ішінде кодекс талабын екінші рет бұзған, яғни, мектеп формасын сақтамай, басына орамал тағып келген оқушының ата-анасына уәкілетті органдар сотқа жүгіну арқылы сот шешімімен айыппұлдың көлемі екі есеге өседі. "Біздің департаментте әзірге мұндай фактілер тіркелген жоқ", - дейді Хұсынов. Ал кей отбасылардың айыппұл төлеуге мүмкіншілігі жоқ. Айыппұл салғаннан кейін жағдай өршіп кетпей ме деген журналистің сауалына: "Жақында орталық мешітте болған кездесуде бір жамағаттың жігіті айтып қалды: «Біз қазір орамалды жеңсек, ертең міндетті түрде пәндер мәселесін қозғаймыз» деп. Яғни, балаларын сабаққа қатыстырмау туралы айтылып отыр. Сонда олардың мақсаты - мемлекеттің ішінен мемлекет құру болып тұр. Егер біз бүгін бұл мәселені жіберіп алсақ, ертең одан да күрделісіне кез болуымыз мүмкін", - дейді Хұсынов. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауованың айтуынша, мектептердегі жарғыға сәйкес, оқушы қыз баланың мектеп формасы тізеден 10 сантиметр төмен, үсті ақ, асты қара киім және бас киімсіз болуы керек.