Жыл соңында дайын бола ма?
Жақын арада «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы таныстырылып, қабылдануы тиіс еді. Алайда бұл мәселе Елбасының қатысуымен өткен цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте кеңінен талқыланып, жоба кері қайтарылды. Өткен айдың соңында президент Нұрсұлтан Назарбаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдаған. Ол мемлекет басшысына бағдарламаның жобасы талқы таразысына салынып, 4 басым бағыт белгіленгенін баяндаған еді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы инфрақұрылымды дамытуға, адам капиталын жақсартуға, экономика саласын цифрландыруға және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталады», – деген-ді министр Дәурен Абаев. Өз кезегінде президент барлық министрліктер мен мемлекеттік мекемелер және өңірлер бір-бірімен тығыз байланыста болып, нәтижелі жұмыс атқаруы тиіс екенін алға тартып, министрге нақты тапсырма берді. Ал «Цифрлық Қазақстан» жобасы туралы Елбасы: «Ресейді цифрландыру 2024 жылға қарай жалпы ішкі өнімге қосымша 5-7 триллион рубль өсім бере алады екен. Осы мақсатта олар осы іске 1,5 триллион рубль салуды жоспарлауда. Ал біздің бағдарламаны әзірлеушілер одан қандай пайда табуды жоспарлауда? Ол туралы ештеңе естімедік. Жарайды, 2021 жылға қарай жоба бойынша 251 миллиард теңге шығындайық. Қайтарымы қандай? Цифрлар жоқ. Егер дәл осылай жұмыс істейтін болсақ, бұл ақшаны желге шашу болмақ немесе ол қаржы тағы ұрланады. Сондықтан біз өз мақсаттарымызды нақтылап алуға тиіспіз. Егер біздің бағдарлама әзірлеушілер мен кеңесшілер қайтарым-эффектіні дұрыс жоспарламайтын болса, онда олар қандай да бір себеп не ниетпен біздің дамуымызға тежеу салғысы, тіпті тоқтатып тастағысы келеді деп санауымыз қажет. Мен бұл жерде «олардың ойлағаны сол» деп отырған жоқпын, бірақ солай болуы да мүмкін», – деді. Осылайша, Елбасы Үкіметке жыл соңына дейін уақыт берді. «Бағдарлама пысықталсын, нақтылансын. Жыл соңына дейін уақыт беремін. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап әрбір ай сайын қайда бара жатқанымызды жеке өзім бақылап отыратын боламын», – деп қорытты ойын президент. Бұған қоса Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕЭО-ға мүше Ресей, Беларусь мемлекеттерімен цифрландыру мәселесі бойынша біріккен жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Ал премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Елбасының сыны мен ескертуінен кейін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жетілдіру бойынша 5 тапсырма жүктеді. Бірінші тапсырма бойынша, министрлік «Алатау» инновациялық технологиялық паркі мен халықаралық IT технопаркіне қазына қаржысынан құйылған ақшаның қашан қайтатынын анықтау керек. Сондай-ақ, Премьер-министр: «Елбасының берген ең маңызды тапсырмаларының бірі – адам капиталын дамыту. Біз қазіргі таңдағы білім беру жүйесін қайта қарап, үздіксіз білім алуға көшуіміз қажет. Осы орайда мен Білім және ғылым министрлігіне аталған мәселені қарастырып, екі аптаның ішінде нақты ұсыныстарды енгізу тапсырамын», – деді. Үшінші тапсырма пиар-стратегия құруға қатысты. Бұл жөнінде Бақытжан Сағынтаев: «Үшіншіден, мемлекет басшысы барлық азаматтардың цифрландыру процестердің маңыздылығын нақты түсінуі қажеттігін атап өтті. Сондықтан министрлікке мемлекеттік органдармен бірігіп, тиісті пиар-стратегияны құруға тапсырма беремін», – деді. Премьер-министрдің төртінші тапсырмасына сәйкес, министрлік Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларындағы «smart city» жобасын өзге өңірлерге үлгі етуге міндеттелді. Мұның аясында барлық облыс орталықтарға келетін «ақылды қала» тұжырымдамасын жасау тапсырылды. Бесінші тапсырма – министрлікке 1 қазанға дейін Ресей, Беларусь елдерімен цифрландыру мәселесі бойынша бірігіп жұмыс істеуге ұсыныс әзірлеу қажеттігі қаперге салынды. Қысқасы, премьер-министр Бақытжан Сағынтаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының кем-кетігін толтырып, қарашаның соңына дейін үкіметтің талқысына салу керектігін ескертті.