Қазақ қайтіп көбеймек?

Қазақ қайтіп көбеймек?

Қазақ қайтіп көбеймек?
ашық дереккөзі
Қазақ ертеден «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегенді санасына сіңірген. Тіпті, алтын құрсақты аналардың аузынан «әр баланың өз несібесі бар» дегенді көп естиміз. Әрине, «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, Алланың берер ырыздығынан үмітті үзуге болмайды. Десек те, бүгінде бала тууға қабілетті қыз-келіншектерді бұған сендіре аласыз ба? Демография – кез келген мемлекеттiң басты қазынасы, болашағы, тiрегi. Қайсыбiр мемлекет болсын, өз ұлтымен ғана толыққанды мемлекет. Шыны керек, демографиялық серпiлiстi бiздiң елдiң күткенi қашан. Соңғы жылдары еліміздің демографиясында өсу бар. Таяуда ғана 18 миллионыншы тұрғынның өмірге келгенін айтып, бір-бірімізден сүйінші сұрастық. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінде биылғы жылдың 1 шілдесінде Қазақстан халқының саны 18 млн 034,3 мың адамға жеткені, оның ішінде қала тұрғындары 10  млн 339,4 мың (57,3 пайыз), ауыл тұрғындары – 7 млн 694,9 мың адамды құрағаны (42,7 пайыз) баяндалды. Бұған дейін еліміздің демограф-ғалымдары халық санының өсуіне орай түрлі болжам жасаған болатын. Он жыл бұрын 2020 жылы Қазақстанның халқы 20 миллионға жетеді делінді. Ал БҰҰ 2050 жылға қарай ортақ Отанымыздың аумағында өмір сүретін адамдардың саны 21 млн-ды құрауы мүмкін екенін жариялаған. Таяуда ғана Халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2050 жылы 24,5 млн-ға жетеміз деді. Айта кетейік, 1989 жылы елімізде жүргізілген халық санағында халық саны 16 млн 537 мың адам болды. 1994 жылы 16 млн 942 мың болған адам саны 2001 жылы 14 млн 800 мыңға түсіп қалды. Нақты санға шақсақ, халық саны 7 жылда 2 млн адамға азайды

Жәрдемақының қызығы мен шыжығы

 Қазақстандағы көп балалы отбасына арналған жәрдемақы  мен көрсетілетін жеңілдіктің мардымсыз екені айтылып та, жазылып та жүр. Біз көпбалалы аналарды мақтанышпен «Батыр Ана» деп атаймыз. «Алты ұл тапқан ананы «ханым» десе болады» демекші, шын мәнінде оларға   осындай дәрежеде көңіл бөлеміз бе?! Заңға сәйкес, бір үйде 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасы көп балалы болып саналады. Қазақстанда батыр аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» марапатына ие болады. «Алтын алқа» кем дегенде 10 бала босанған аналарға, ал« Күміс алқа» 8-9 бала босанып, тәрбиелеген аналарға берілген. 2010 жылдан бастап марапаттау жүйесіне елеулі өзгерістер еңгізілді. Енді «Күміс алқа» 6 бала туған анаға беріледі, бірақ 6-шы баласы бір жасқа толған, қалғандары тірі және дені сау болуы міндеттелген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2018 жылы азаматтарға берілетін атаулы әлеуметтік көмек 25 пайызға өсетіндігін мәлімдеген еді. Бұл үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша 42,8 млрд теңге бөлу қарастырылған. «Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында белгіленген тапсырмаларға сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі енгізілгелі отыр. Жаңа форматтағы жүйе атаулы әлеуметтік көмектің атаулылығын күшейту, берілетін жәрдемақыларды біріктіре отырып, азаматтар үшін оңтайландыру және олардың мөлшерін көбейту мәселелерін шешетін болады», – деген  министр. Сондай-ақ, ол: «Бұл мақсаттарды орындау үшін біріншіден, қазіргі таңда көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға берілетін 3 түрлі жәрдемақы: азаматтардың табысына қарамастан республикалық бюджеттен тағайындалатын арнаулы жәрдемақы, отбасының табысына қарай анықталатын және жергілікті бюджеттен төленетін балалар жәрдемақысының атаулы әлеуметтік көмегі біріктіріліп, бір атаулы әлеуметтік көмек ретінде берілетін болады. Бүгінде азаматтар осы жәрдемақыны алу үшін 3 пакет құжаттар даярлап, 3 түрлі мекемеге барады. Енді олар жаңа жүйе аясында 1 пакет құжаттарды даярлап бір мекемеге, яғни Жұмыспен қамту орталығына барады», – деді ол. Сонымен қатар министр алдағы уақытта көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларға берілетін әлеуметтік жәрдем­ақының мөлшеріне қанша ақша қосылатындығын нақты айтты. «Екіншіден, бүгін берілетін 3 түрлі жәрдемақының жалпы сомасы тұрмысы төмен отбасының әрбір мүшесіне ай сайын 6 396 теңгенің көлемінде болып отыр. Ал жүйеде кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан 50 пайызына дейін көтерілгендіктен әрбір жан басына қосымша берілетін көмектің сомасы шамамен 2 500 теңгеге дейін артады. Нәтижесінде, 2018 жылдан бастап берілетін жәрдемақының мөлшері орташа есеппен қазіргі беріліп жүрген 3 жәрдемақыдан жалпы сомасы орташа есеппен 25 пайызға жоғырылайды. Бұл үшін ендігі жылдың бюджетінде қосымша 42,8 млрд теңге қаралып отыр», – деді ол. Айтпақшы, мұндай әлеуметтік көмек кез келген отбасыға берілмейді.   «Мұндай қомақты қаражат аз қамтамасыз етілген отбасыларға шартты түрде берілгелі отыр. Егер отбасында жұмыс жасындағы еңбекке қабілетті азаматтар болса, онда олар міндетті түрде Жұмыспен қамту шараларына қатысуы тиіс. Яғни еңбекке қабілетті әрбір азаматқа берілетін атаулы әлеуметтік көмекке қосымша мемлекет тарапынан оқып, мамандық алып, жұмысқа тұруына немесе микро-кредит алып, өз ісін ашуға қолдау жасалады. Егер еңбекке қабілетті азаматтар осындай қолдаудан өз еркімен бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Ал жұмысқа тарту шараларына қатысуды өз бетінше тоқтататын болса, онда төленіп жатқан атаулы әлеуметтік көмек те тоқтатылатын болады», –  деді министр. Отбасындағы кәмелетке толмаған балаларға, бала күтімінде отырған аналарға, объективті себептерге байланысты еңбек ете алмайтын жұмыс жасындағы азаматтарға әлеуметтік көмек ешбір шартсыз тағайындалып, төленетін болады. Көпті алаңдатқан тағы бір мәселе – Қазақстанда көпбалалы аналарға жәрдемақы бермей, жұмысқа шығуға міндеттемекші. 2018 жылдан бастап егер отбасында табыс табатын бір адам болса, ол отбасыға жеңілдіктер қарастырылмайды екен. Қазақстанда 240 мың көпбалалы ана бар. Егер келесі жылдан бастап көпбалалы аналар жұмыс істей алмайтын болса, олар жәрдемақысынан қағылады. Жамбыл облысынан Алматыға келген көпбалалы ана Гүлім Болатжанның бар табысы – төрт баласына алатын 8 мың теңге. Пәтер жалдап тұратын отбасы осының өзін қанағат тұтып келді. Енді 2018 жылдан бастап әлеуметтік жәрдемақыны шартсыз және шартты деп екіге бөліп қарастырса, шартсыз жәрдемақыны отбасында табыс табатын адамы жоқ отбасы алады. Ал шартты жәрдемақыны отбасында табыс табатын бір адам болса, онымен келісім жасалып, еңбек етуге міндеттейді. Олай болмаған жағдайда, ақша берілмейді. Алматы қаласындағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы: «Көпбалалы, аз қамтылған, кедей тұрмыстағы отбасыларға жәрдемақының орнына жұмыс беріледі. Олар квалификация біліктілігін көтеріп, қоғамдық жұмыстарға араласуы керек. Осылайша белсенділігін арттырып, отбасын асырауға мүмкіндік береміз», – деп сендірсе де, мұның арты күмәнді. Себебі жалақысы 13 мың теңгеден көп болған жағдайда да жәрдемақыдан сөзсіз қағылады. Әйел құқығын қорғайтын ұйым белсенділері «Бұл ел демографиясын тұралататын жол емес пе?!» деген сұраққа жауап іздеп әлек. Бір айта кетерлігі, бала күтімі үшін берілетін жәрдемақыны «жұмыс істейтін» және «жұмыс істемейтін» деп екіге бөлудің өзі дұрыс емес. Бұл жұмыс істемейтін аналар қолын қуысырып отыр дегенді білдірмесе керек. Демек, бала күтіміне берілетін жәрдемақы мөлшері мен оның мерзімін де жоғарылату қажет.

«Ана капиталы» жемісін берді

Осы ретте демография мәселесіне ынты-шынтысымен кірісіп кеткен Ресейден үлгі алатын кез жеткен сияқты. Бір кездері Парламентте депутаттар ана мен бала мәселесіне мемлекет тарапынан қолдаудың қажеттігін айтып, тіпті «Бала туғандағы бір реттік жәрдемақы мөлшерін 1,5-2 млн теңгеге көтеру керек. Бұған біздің шамамыз да, әлеуетіміз де жетеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі осы ұсынысты іліп әкетсе, біз «бәрекелді» дер едік», – дегендер де табылып еді. Бірақ бізде мұндай ұтымды ұсыныс тек айтылғанмен, қабылданбайтыны өкінішті. Ресейде «Ана капиталы» жылдан-жылға өсіп отырды. Мәселен, 2007 жылы – 250000 рубль, 2008 жылы – 276250 рубль, 2009 жылы – 312162 рубль, 2010 жылы – 343378 рубль, 2011 жылы – 365698 рубль болса, 2017 жылы – 453 026 рубльге жетті. «Ана капиталындағы» қаржы арқылы үйді кеңейтуге, 25 жасқа дейінгі балаларды оқытуға, түрлі медициналық көмек алуға жұмсай алады. Тіпті, отбасы осы ақшаның көмегімен жергілікті жерден баспана алып, тұрмыстық жағдайын жақсартуына мүмкіндігі мол. Соңғы кезде Ресейде халық санын өсіруге бағытталған жобаның тоқтатылатыны туралы да айтылып жүр. Алайда ресейлік билік мұндай қадамға әлі бара қойған жоқ. Себебі өсім бар. Бұл тұрғыда Ресей президенті В.Путин: «Біз демографиялық бағдарламаларды жүзеге асыруды тоқтатпаймыз. Ана капиталын да жылдан-жылға өсіреміз» бекер айтқан жоқ. Айтпақшы, балалардың жәрдем­ақысын көтеруге Беларусь мемлекеті де кірісіп кетті. Беларусьте 2017 жылдың 1 тамызынан бастап үш жасқа дейін балаға күтім жасау бойынша берілетін жәрдемақы өсті. «Балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы» туралы заңның жаңа редакциясына сәйкес, 2013 жылдың қаңтарынан бастап үш жасқа дейінгі балаға күтім жасау жәрдемақысы отбасындағы бала санына байланысты. Бірінші балаға республикадағы жұмысшының орташа айлық жалақысының 35 пайызын, екінші және одан кейінгі балаларға – 40 пайызы төленеді. Ал мүгедек балаға жәрдемақы орташа жалақының 45 пайызы көлемінде тағайындалады. Беларусь заңнамасында отбасындағы балалардың туылуы мен тәрбиеленуіне байланысты жәрдемақының 11 түрі қарастырылған. Маусым айында үш жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төленетін жәрдемақының реті өзгертілді. БҰҰ, Дүниежүзiлiк Банк және АҚШ Санақ Бюросы халықтардың санын болжап отырады ара-тұра. Аталмыш ұйымдардың тәжiрибесi бойынша, адам санының өсуi 3 пайыз болған жағдайда халықтың саны 23 жылда, ал 2 пайыз болғанда 35 жылда екi есеге өседi екен. Халықаралық ұйымдардың болжамынша, Өзбекстанның халқы 2025 жылы 34,1 миллион, ал 2050 жылы 40,4 миллионға жетпек. Ал дәлiрегiнде, бiз қол жетпейтiн асуды армандап отырғанда, ала тақиялы өзбек ағайындар 2020 жылы 40 миллиондық санды нақты межелеп қойыпты.   Әлия Садырбаева, төрт баланың анасы: – Ай сайынғы алатын жәрдем­­ақымның сомасы – 9440 теңге. Бұл – көп­балалыларға берілетін жәрдемақы. Бұл – әр балаға емес, бәріне берілетін ақша. Осы сомаға көптеген қазақстандық көпбалалы отбасы өмір сүруі керек, шынын айтқанда күн көруге мәжбүр! Ал бұл ақша ма? Баланың керек-жарағы тұрмақ, тамағына да жетпейді. Гүлмира Борашева, бес баланың анасы: – Келесі жылдан бастап жәрдемақыға өзгерістер енгізілетінін естідім. Бұрын-соңды ақшаға қарық болғанымыз шамалы еді. Бұл не масқара?! 9 мың теңгені ақша деп отырсыздар ма?! Оған баланың бір ғана киімін аласың. Депутаттардың ақшасын өсіре бергенше, қазақтың санын көбейтіп отырған көпбалалы аналарға бермей ме? Сенсеңіз, кейбір ауылда балаларының 9-10 мың жәрдемақысына күн көріп отырған отбасылар бар. Ал оның өзін көп көрсе, демография туралы айтудың өзі артық сияқты.