Жаңалықтар

Байыпты бақылау – нәтиже кепілі

ашық дереккөзі

Байыпты бақылау – нәтиже кепілі

Мемлекет тарапынан халықты баспанамен қамтуға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы халықтың үйлі-жайлы болу мақсатын жүзеге асыруға арналған. Бүгінде Атырау облысында аталған бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы төрағасының орынбасары Әділбек Зайдуллин және қалалық фракция мүшесі Аманжол Қоныспаев «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлердің құрылысын бақылады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Атырау қаласындағы Береке ықшамауданында жалпы алаңы 12 175 шаршы метр болатын 195 пәтерлік 4 жалдамалы тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс нысанын жүргізуді қолға алған «Атырау Ж.Б.И-2005» және «Nomad Констракшен» мердігер компаниялары құрылыс жұмыстарын мерзімінде бітіріп, жаңа қоныс иелерін қуантуға жұмыла жұмыс істеуде. Атырау қалалық филиалы төрағасының орынбасары Әділбек Жайдарбек­ұлы мен қалалық фракция мүшесі Аманжол Қоныспаев, Атырау қалалық құрылыс бөлімінің өндірістік-техникалық секторының меңгерушісі Дулат Жұмашев «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлердің құрылысын көріп, мердігер компаниялардың басшыларымен жүздесіп, құрылыс сапасы мен құрылыстың жобада көрсетілген мерзімде аяқталуына қатысты сауалдарға жауап алды. – Береке ықшамауданы – Атырау қаласының сәулетіне жаңаша рең беретін құрылыс кешені. Көпқабатты үйлердің «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқаны және оның құрылысы партия бақылауында екенін өздеріңіз білесіздер. Бүгін құрылыс басына келіп, жоба бойынша биылғы жылы аяқталуы тиіс үй құрылыстарын көріп, пәтерлердің ішін, жылу, су, электр жүргізу жүйелерін көріп, мамандардан құрылысқа қатысты сауалдарымызға жауап алдық. «Нұрлы жер» бағдарламасының басты мақсаты – халықты баспанамен қамту, тұрғын үй құрылысының сапалы жүруі әрі уақтылы тапсырылуы үнемі бақылауда болады. Жалпы, бюджет қаражатын және Ұлттық қордан бөлінетін қаражатты тиімді жұмсау – аса маңызды және ол – партияның тұрақты бақылауындағы мәселе, – деді «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы төрағасының орынбасары Әділбек Зайдуллин. Атырау қалалық құрылыс бөлімінің өндірістік-техникалық секторының меңгерушісі Дулат Жұмашевтың айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Талқайран селолық округынан 60 пәтерге (8 339,3 м2) жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Қазіргі уақытта аталған тұрғын үйлердің құрылысына 9 мердігер мекеме – «Батыс Альянс Строй», «СК АК Холдинг», «РаЗаСтрой», «Жалынды құрылыс» «Фирма Арала», «Айбек ЛТД», «Казбес­строй – 2007», Nomad Construction group және «Атырау Ж.Б.И-2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен келісімшарт жасалған.