Адал табыс – арлының несібесі

Адал табыс – арлының несібесі

Адал табыс – арлының несібесі
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын тоқтатқан емес.  Еліміздің түкпір-түкпіріндегі партия филиалдары өткізіп жатқан шаралар  жымқыру жетістікке жеткізбейтінін түсіндіріп, ел экономикасының дамуын тежейтін кеселдің алдын алуға бағытталған. Апта басында Қызылорда қаласында «Халық» бастауыш партия ұйымының мүшелері сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды пысықтады. «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел – өркендеуші ел» партиялық жобасы аясында өткен жиынға «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов қатысты. Қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаhандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының бесінші бағытына ерекше тоқталды. – Сыбайлас жемқорлық – Қазақстанның қазіргі экономикалық, саяси және қоғамдық өміріндегі аса өзекті мәселелерінің бірі. Сыбайлас жемқорлық – еліміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы абыройын түсіретін әрі экономикалық заңдардың еркін қызмет етуін шектейтін, еліміз үшін тиімді шетелдік инвестициялардың келуін тежейтін басты кедергілердің бірі. «Нұр Отан» партиясы өзінің 2015–2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі бағдарламасында осы кедергілерді барынша жоюды көздеп отыр. Ендеше, бағдарламадағы міндеттердің орындалуын қадағалау мен жүзеге асыру азаматтық борышымыз деп санауымыз қажет, – деп атап өтті Шәріп Әбдірахманов. Кездесу барысында Қызылорда облысы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Айнаш Нұрманова сөз алып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында партия тарапынан қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде, жыл басынан орталықтарда сыбайластық көріністері орын алмағандығын, қызметкерлер арасында сапалы қызмет көрсету мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырғандығын жеткізді. Кездесуде «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесі есепті мерзімдегі атқарған жұмыстары туралы хабарландыру оқылып, жұмыстарды жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қабылданды. Шараны қорытындылаған қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі – парақорлық екенін баса айтып, іс-әрекеттер байқалған жағдайда «Нұр Отан» партиясының жедел желісіне немесе қалалық партия филиалындағы 26-40-05 байланыс телефонына хабарласуға болатынын жеткізді. «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалында да сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Филиал  жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес мәдениет, туризм және спорт салаларындағы жемқорлық жағдайын талқылады. Кезекті отырысқа облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Қарабалаев, облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Пания Сармурзина, облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Сүйеуова, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бас маманы Нариман Айтжанов қатысып, өз салаларында атқарылған жұмыстары бойынша баяндама жасады. – Маңғыстау облысының мәдениет басқармасы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «Өзіңнен баста!» акциясы аясында басқарманың басшылық құрамының жылдық табыстары туралы ақпаратты жергілікті газет беттеріне тұрақты түрде жариялап отырады. Осы арқылы салада жемқорлықпен күресті күшейтетін боламыз. 2016 жылдың 7 желтоқсанында жалпы конкурстық тәсілмен мемлекеттік қызметке бір жас маман қабылданды, қазіргі таңда тәлімгер бекітіліп, сынақ мерзімінен сәтті өтті. Басқарманың уақытша бос лауазымдарына соңғы рет 2017 жылдың 12-26 тамыз аралығында жалпы конкурс жарияланды. Бос орындарға үш үміткер құжат тапсырып, әңгімелесу барысында екі үміткер комиссияның оң шешімімен жұмысқа қабылданды. Қазіргі таңда екі қызметкердің құжаттары арнайы тексеруге жіберілді. 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша заңды тұлғалардан 1 өтініш, жеке тұлғалардан 17 өтініш келіп түсті. Мерзімдерін кешіктіру фактілері тіркелген жоқ, – дейді облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Пәния Сармурзина. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаменті қызметкерлерінің айтуынша, биыл облыс орталығында «Парасыз болашаққа бірге!» атты бұқаралық жастар акциясы ұйымдастырылған. Оған 1000-ға жуық жас қатысқан. Одан бөлек, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті мен Маңғыстау гуманитарлық-техникалық университеті студенттерінің қатысуымен 3000-ға жуық адам қамтылған «Адал бол!» республикалық акциясы шеңберінде жастар флешмобтары ұйымдастырылып, арнайы дайындалған бейнероликтер ғаламтордағы әлеуметтік желілерге орналастырылған. Осы уақытқа дейін мобильдік топ тұрғындар және еңбек ұжымдарымен 106 кездесу мен қоғамдық қабылдау өткізіп, жалпы саны 33 090 адам қамтылған. Бұдан басқа, мобильдік топтың жұмысы нәтижесінде, аудандық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі бас­шысына қатысты Ақшұқыр ауылының «Коммуналдық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директорын жұмысқа қабылдағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 681-бабымен көзделген «Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау» құқықбұзушылық бойынша 1 әкімшілік хаттама толтырылған. Қазіргі таңда мобильдік топ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жұмысын жалғастыруда. Мұндай шаралар легі Ақмола облысында да толастаған емес. «Сыбайлас жемқорлық – ел экономикасын тұралатып, дамытуға кедергі жасайтын негізгі фактор» деген ұранмен «Нұр Отан» партиясының Ақмола облысы, Қорғалжын аудандық филиалы «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел – өркендеуші ел» партиялық жобасы аясында және «2015–2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын» жүзеге асыру мақсатында аудандық ақпараттық-насихат тобының мүшелері Арықты ауылдық округінің әкімдігінде кездесу өткізді. Шараға Арықты ауылының тұрғындары, облыстық мәслихат депутаты Серік Рақымбаев, партияның Қорғалжын аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Мұхаммед Асайынов және аудандық мәслихат депутаты Қайрат Жұмабаев қатысты. Кездесу барысында қоғамдық кеңес мүшелері «2015 – 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарлама» – бұл бұқара халық арасында жемқорлық факторларына немқұрайды қарамау, халықты сыбайлас жемқорлықпен күресуге шақыру, билік органдарын есеп беруге, құқықбұзушылық фактілерінің болмауына бағытталғандығын атап өтті. Аудандық мәдениет үйінің директоры, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұхаммед Асайынов қоғамдық кеңес жұмысының негізгі мақсаты мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, осы бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін баса айтты. Кездесуге қатысқандар партиялық жоба тиімділігінің пайдасы зор екендігін айтып, бұл бағытта әлі де болса біраз жұмыстың атқарылуы керектігін атап көрсетті.