Дулат Исабеков: Қазақ – құлақпен қабылдайтын халық

Дулат Исабеков: Қазақ – құлақпен қабылдайтын халық

Дулат Исабеков: Қазақ – құлақпен қабылдайтын халық
ашық дереккөзі
  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу қажеттігін айтқан болатын. Тәуелсіздік алған жылдардан бері көтеріліп келе жатқан бұл мәселе қазір де қоғам арасында қызу талқылануда. Осы ретте жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабековтің латын әліпбиіне көшу процесі жөніндегі ой-пікірін білген едік. – Дулат аға, Елбасы «Латын әліпбиіне көшуді бастаймыз» деді. Бұл  мәселенің біраздан бері көтеріліп жүргені мәлім. Осы тақырыпқа қатысты сіздің пікіріңізді білсек... –  Бұл тақырыпқа байланысты пікірімді Мемлекет басшысының алдында білдіргенмін. Ерте ме, кеш пе,  латын әліпбиіне көшетініміз анық болатын. Бірақ «үйді жығып, жаңа жайлауға көшеміз» дегенде ауы мен бауы көбейіп кетеді екен. Баратын жеріміз қандай, қонатын жеріміз қалай? Қыс қыстауы, жаз жайлауы қалай болады? Ыңғайлы бола ма? Қазір осындай сауалдардың алдымыздан шығып тұрғаны жасырын емес. Оның үстіне, дыбыстардың таңбалануына келгенде біз ағылшынның нормативін қабылдағалы отырмыз. Мен тіпті, кейбір сөздерді оқи алмай да қалдым. Ағылшындар бір дыбысты екі-үш таңбамен жазады, мәселен,  «бизнес» деген сөзді олар «буизнес» деп жазады. «Белине» деп жазылған сөзді «билайн» деп оқимыз.  Біз де соған көшіп бара жатқан сияқтымыз. Осы қадаммен жалғастыратын болсақ, әбден шатасатын түріміз бар. Әріптің санын дыбыстың таңбалануымен ғана өлшеуіміз керек. Мейлі, 15 әріп болсын, мейлі 45 әріп болсын. Ал әлгіндей ұсынылған әліпби бойынша, бір дыбысты екі әріппен жазатын болсақ, қазақтың біраз сөзін оқу қиындайды. Ал «і» мен «и» бір әріп болғалы тұр. Оны біз қалай оқимыз? Қазақтың әріптерін қазақтан басқа ешкім қолданбайды ғой. Ағылшын біздің әріптерімізді алмайды. Сондықтан біз сол әріптерді қалдыруымыз керек сияқты. Немесе араб әліпбиіндегі секілді таңбаның үстіне ноқаттарды қою арқылы жазғанымыз дұрыс. Теледидардан жүгіртпе жол арқылы латын қарпімен жазылған ақпараттарды байқап қаламын. Бірақ мен оның бір сөзін де оқып үлгере алмаймын. Қазіргі әліпбиге қарасам, қазақ әріптерінің дыбысталуы мен жазылуы екі бөлек болайын деп тұр. Қайсысы дұрыс? Қайсысы бұрыс?  Орфоэпия, орфографияны былай қойғанда, әріптің не екенін мектеп қабырғасында оқыдық емес пе? Әріп – дыбыстардың таңбалануы. Бұл – қатып қалған теория. Оны өзгертуге келмейді. Осыған дейін қазақ алфавитінде 42 әріп болып еді ғой. Біз сонымен жазып келдік. Ешкім ештеңе деген жоқ. – Латын әліпбиіне көшуде қандай қиындықтармен бетпе-бет келуіміз мүмкін, қалай ойлайсыз? – Енді өз шығармаларымды өмір бақи кириллицамен  жазып өтетін шығармын. Мен жаңа әліпбиге көше алмаймын. Мектеп табалдырығын жаңа  аттаған балалар, өскелең ұрпақ үйреніп шықпаса, менің замандастарым үшін оңай болмайтын секілді. Алайда ағылшынның үндестігіне қарап оқыған күннің өзінде де қазақтың сөзі түсініксіз болып, басқаша мәнге ие болып кететіндей көрінеді. Түріктің, әзірбайжанның сөзіне ұқсап кете ме, қалай?! Әйтеуір, қазақтың сөздері қазіргі кирилл қарпімен жазып жүргеннен басқаша болып шығатын түрі бар. Бұл – бір. Мен қазір осыны уайым қыла бастадым. Екінші, латын әліпбиі біздің қоғамды екіге бөлетін түрі бар. Өйткені орыс тіліндегі мектептер, жоғары оқу орындарындағы орыс бөлімдері кирилл қарпімен қалады. Сонда мектепті кириллмен бітіретіндер және латынмен бітіретіндер тобы қалыптасады. Орыс мектептерінде оқитын балалардың 80 пайызы қазақ балалары. Сөйтіп ертеңгі күні олар мектепті бітіреді. Жоғары оқу орнын тәмамдайды. Қызметке араласады. Сол кезде кириллицамен жазатын топ, латынның тобы боп екіге бөлініп, қызметте де бір-бірін тартады. Ал латын әліпбиімен бітіргендер өздері секілділерді тарта бастайды. Сөйтіп, баяғы келе жатқан бір топ екіге бөлінеді. Осы үлкен қауіп болады. Қазір оны байқамай тұрмыз. Онсыз да бөлініп-жарылып жүретін қазақ едік. Енді латын және кириллмен оқығандар тобы боп тағы бөлінетін болдық. Менің ұсынысым мынадай, өткенде Алматы қалалық әкімдігінде өткен жиында да осылай айтқанмын. Президенттің алдында да келіскен сияқты едік. Егер де латын әліпбиіне көшетін болсақ, Қазақстан жаппай көшуі тиіс. Орысы да, қазағы да, ұйғыры да, шешені де. Қазақстанның территориясында әліпби біртұтас болу керек. Егер олай жасамайтын болсақ, бізге үлкен қиындық туғызады. Әзірбайжандар мен өзбектер баяғыда өтіп кеткен деп айтамыз, бірақ олар әлі сол қиындықтан арыла алмай келеді. – «Латын әліпбиіне көшсек, бұрынғы жазылған еңбектерді аударуға көп уақыт және қаражат кетеді» дейтіндердің қатары көп. Жаңа әліпбиге ауысамыз деп құнды шығармаларымызды жоғалтып аламыз деп үрейленетіндер де аз емес. – Біздің қаншама шығармаларымыз бар. Оның бәрін электронды түрде латын қарпіне аударғанда қате кетпесіне кім кепіл?! Тек көркем шығарма, философиялық, танымдық дүниелер ғана емес, тау-тау боп үйіліп жатқан тарихымыз бар. Мәселен газеттердің архивін қарау керек болады. Ғалымдар мұрағаттан өздеріне керекті материалдарын іздейді. Белгілі бір кезеңде жазылған мақалаларды қарау керек болса ше? 10 жылдық газеттің тігіндісін алып қарайтын ғалымдар үшін бұл үлкен қиындық туғызайын деп отыр. Латын қарпімен бітіргендер кириллицамен жазылғанды оқи алмауы мүмкін. Сөйтіп, өзіміз осының бәрін шәт-шәлекей қылып аламыз ба деп қорқамын. Қазір көркем шығармалар онсыз да оқылмайды. Енді әріп қиындығы туындап, шығармалардың бәрін латын  әліпбиіне көшіргенде сөздің мәні де, мағынасы да, құнарлылығы да, құндылығы да, әуезділігі де жоғалады. Мәселен, өзімнің шығармаларымды оқып отырмын. Керемет бір сөздер бар деп ойлаймын шығармаларымның ішінде. Сол сөздерді латын әліпбиіне салып көріп едім, бұрынғыдай мәні жоқ сияқты. Жұрт арасында тарап кеткен «қара қарғаның миы қайнайды», «шаңқай түс» деген сөздерді жазып көріп едім. Әлгіндей мағына бермейтін тәрізді. Әуезділігінен айырылып, сөз мағынасының құндылығы жойылып кеткендей. Тағы да осындай сөздер көп. Мұхтар Әуезовтің романынан да үзінді алып, латын әліпбиіне салып көрген едім, ойпырмай, сөздерді өзім түсіне алмадым. Әлде біздің құлағымыз үйренбей жатыр ма? Ертең болашағымыз бұлыңғыр болып қала ма екен деп те қорқамын. Сауатсыздар көбейіп кете ме деп сескенемін. Кирилл қарпімен жасаған рухани қазынамыз өзге алфавиттерден гөрі бірнеше есе көп қой. Араб әрпімен жазып көрдік, онда да санаулы уақыт қана. Ол кезде көркем шығармалар аз еді. Он шақты ғана қаламгер болатын. Ғалымдар да көп шықпады. Ал қазір қаншама доктор, қаншама ғылым кандидаттары бар. Олардың еңбектерін қайтеміз? Көбісі орыс тілінде Мәскеуде қорғап келгендер. Мұндай жағдайда қалай әрекет етеміз? Осындай қауіптің бәрін көшпей тұрып ойланып алсақ дұрыс болар еді. Қазақта «себепсіз қоныс ауыстырма, себепсіз ат ауыстырма» деген сөз бар. Қазақ тілі поэтикалық тілдердің бірі ғой. Ал қазақ құлақпен қабылдайтын халық. Жеке-жеке сөздерді қабылдамайды. Баяғыда Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесін» аударғанда, «ақ кеме» деген сөз біразға дейін біздің құлағымызға сіңбей қойған. Образды түрде «шаңқан кеме» деп атаймыз ба деген де ой болды. Қазір де сол сияқты біраз қиындықтар туатын түрі бар. Мұның бәрі алғашқы қиындықтар. Ал ертең жаңа әліпбиге көшкен кезде көреміз. Жұртқа барғанда анау жетпейді, мынау жетпейді. Бірақ ол кезде кеш болады. Қайтадан бұрынғы жұртқа көшіп бара алмаймыз. Одан несіне қашқанымызды қайдам, Ахмет Байтұрсыновтың баяғыда бекітіп берген алфавиті бар еді ғой. Менің үйімде әлі журналдар тұр. Сондағы шығармаларды оқып жатырмын. Оңай оқылады. Жеңіл қабылданады. Ал мына жерде  елдер шатасып кетті. Бір әріпті екі-үш таңбамен жазу керек екен. «Ә» дегенді «а» және «е» әріптерін қосып, кәдімгі дыбысталудың ағылшынша оқылуы болмақ. Ағылшындарға жұрт күлмейтін бе еді?! «Ливерпуль» деп жазады да, «Манчестер» деп оқитындығы үшін. Сол сияқты бізде де сөздердің жазылуы бір басқа, оқылуы бір басқа болғалы тұр. Осылай шатасып, оған үйренеміз дегенше ұзақ уақыт өтіп кететін түрі бар. Мен қазір ойланып қалдым. Латын әліпбиіне көшу керек пе? Әлде керек емес пе? Шынында, ойланатын жағдай. Менің бұл сөзіме қарап, ел-жұрт «Исабеков бодандықтан қашқысы келмейді» деп ойлауы мүмкін. Баяғы сына жазуына өтеміз бе, армян жазуына ауыссақ та, тіпті, қытай жазуына көшіп кетсек те, қандай жазуға көшіп кетейік, біз іргемізде отырған орыстың өктемдігінен құтылып кете алмайтын сияқтымыз. Өйткені біздің еліміз Қытай менен орыстың қақ ортасында орналасқан. Іргеміз 8 мың шақырым. Оны біз қалай тоқтатамыз? Әуелде, латынға көшеміз дегенде алақайлап, қуанып қалып едім. Көшсек, көшкеніміз дұрыс болады дегенмін. Ал енді көшеміз дегенде ескі жұртты қимай, барып қонатын жерді білмей, ойланып отырмыз. Үйді жығайық па, жықпайық па? Жыққанда не боламыз? Көшкенде адам міндетті түрде бір нәрсені жоғалтады. Жұртыңда кішкентай ұлтарағың қалса да қимайсың. Осы тұрғыдан келгенде, алфавитімізді бірізге түсіріп алмай, латын әліпбиіне көшу қиын сияқты. – Латын әліпбиіне ауысу арқылы қазақ тілінің мәртебесін арттырамыз деп жүргенде, әлгіндей жағдайлар орысша оқитын балалардың санын арттырып жібермей ме? – Қазірдің өзінде солай. Қызым мектепке дейінгі балаларды оқытатын орталық ашқан. Балаларды мектепке дайындайды. Қазір сол орталыққа қазақ тобына екі-ақ бала келіпті. Қалғанының бәрі орыс тобына қабылдануда. Неге дейсіз ғой? Ата-аналардың айтуынша, орысша бағдарлама жеңіл, балалардың қабылдауына оңай. «Ал қазақшада бәрі күрделі, қазақтар балаларын бірден данышпан қылып тәрбиелегісі келеді. Оқулықтарының да тілдері өте қиын. Оны жас балалар түгілі біз түсінбейміз. Біз түсінбейтін сөйлемдер бар оқулықтарында. Сондықтан орыс тіліндегі бағдарламаларды балалар оңай қабылдайды» дейді ата-аналар. Әлі күнге дейін балалардың қабылдауына сәйкес бағдарлама жасай алмай жатырмыз. Сосын бәрі орыс топтарына беріп жатыр. «Қазақ тілінде оқыса, сол елден тыс жерде өмір сүре алмайды ғой» деген қауіп те бар кейбіреулерде. Ресей іргемізде тұр, оған бармай тұра алмайды. Тәуелсіздік алдық дегенімізбен, одақтас республикалардың көбі орысша сөйлейді. Бәрібір орыс тілінде сөйлесіп, хабар алысатындар көп. Ахмет Байтұрсыновтың жасап берген әліпбиінен қашпай, соны қабылдауымыз керек. Оны қиындатудың қажеті жоқ. Қазір бәрін қолдан қиындатып отырмыз. Ұсынылған әліпбиді қолдайтындар бар. Олар өздерінің бейімделу жағынан бізден алда жүр ме, білмеймін. Мен де осы бейімделуге дайын-ақ едім. Әлгілерді көргеннен кейін тоқтап қалдым. Бұл ертең қалай болады? Қазақ тілінің мәнін онсыз да жоғалтып жатқан кезде, латын әліпбиіне көшсек, мүлдем айырылып қалмасақ болғаны. Ең бастысы, Қазақстан латын әліпбиіне ауысатын болса, бәріміз бірге өтуіміз керек. Бәріміз бірдей ауыспасақ, қарап отырып жастарымызды екі топқа бөліп аламыз. Болашақ сол жастардың қолында. Сонда әркім өзінің тобын тартып, бөлініп кете ме деп отырмын. Кириллицамен бітіргендер өздерінің керемет бір ақылды, білімді жастарын тартып, латын әліпбиімен оқығандарды өздерінше дамымаған, жетілмеген ұрпақ деп санап, бір-бірінің кеудесінен итеріп жүре ме деп қорқамын. Жарайды, көппен көрген ұлы той. Бірақ біз осы кирилл қарпімен жұмысымызды жалғастырамыз. 30-40 жастағылардың өзі кириллицамен жазып өтеді. Мысалы, Әбділда Тәжібаев өмір бойы араб әріптерімен жазып өтті емес пе? Кирилл қарпіне көне алмады. Барлық шығармаларын араб әріптерімен жазып, оны машинисткалары қайта кириллицамен басып шықты. Біз де тура солай күн кешейін деп тұрмыз. Бір отбасының өзі бірнеше топқа бөлінгелі отыр. Бір бала латын әліпбиімен, бір бала кириллицамен білім алған. Ал олар қалай сөйлеседі, қалай оқиды бір-бірінің жазғанын. Сөйтіп, отбасының өзінде түсініспеушілік пайда болуы мүмкін. Өзбектер, әзірбайжандар өтіп кетті деп атымызды қамшылағанымызбен, олардың қазіргі жағдайын көріп жүрміз. Жік-жікке бөлініп, бірнеше рет алфавиттерін қайта қарады. Біз де сөйтіп жүрмесек жарар еді. Бірақ оларда біз сияқты әріптер көп емес қой. Ал бізде спецификалық әріптер көп. Олардың айтылуы да қиын. Мен қазір академияда сабақ беремін. «Ң» деген әріпті айта алмайтындар бар. Қазақы отбасында өскен балалар да айта алмайды. Әлгі әріптердің латынға ауысуы қиындау. Қазірдің өзінде қазақ тілін үйрете алмай жатырмыз. Ал латынға көшкенде балалар тіптен беттемей қалуы мүмкін. Сөйтіп жүріп тілімізді бүлдіріп алмасақ болғаны. Сондықтан тағы бір ойлану керек секілді. Бірақ қашанғы ойлана бермекпіз?! – Ой-пікіріңіз үшін рахмет!  

Сұхбаттасқан

Әсел ӘНУАРБЕК