Қазақстанда тұмауға қарсы жаппай егу 1 қазанда басталады

Қазақстанда тұмауға қарсы жаппай егу 1 қазанда басталады

Қазақстанда тұмауға қарсы жаппай егу 1 қазанда басталады
ашық дереккөзі
Қазақстанда тұмауға қарсы жаппай егу 1 қазанда басталады. Қазақстанда 1 қазан күні тұрғындарды тұмау және өткір респираторлық вирустық инфекциялардан қорғау мақсатында жаппай егу кампаниясы басталады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. «Жыл сайынғы дәстүр бойынша иммундау кампаниясы 1 қазаннан басталады. 2017-2018 эпидемия маусымына арнап бюджеттің 1 млрд 200 млн теңге қаржысына Ресейде шығарылған «Гриппол» вакцинасының 1 454 161 дозасы алынды. Оның құрамында В тұмауына, A(H3N2) және A(H1N1 ) маусымдық тұмауларына қарсы штамм антигендері бар», - деп мәлімдейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің баспасөз қызметі. Қазір Қазақстанда тұмауға қарсы үш түрлі вакцина ресми тіркелген, олар: «Ваксигрип» (Франция), «Инфлювак» (Нидерланды) және «Гриппол плюс» (Ресей). Тұмауға қарсы егу үшін осы үшеуінің кез келген біреуін қолдануға болады. «Мемлекеттік бюджет есебінен халықтың созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры ауруларымен ауыратын, иммунитет жетіспеушілігі бар балалар, медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер сияқты мейлінше әлсіз тобына дәрі егіледі», - дейді кеңсе баспасөз қызметіндегілер. Бұдан тыс, жұмыс берушілердің және тұрғындардың жеке қаржысына да вакцина егіледі. Ақылы егу вакцинация орталықтарында, тиісті емханаларда жүргізіледі. Олардың дәл мекенжайы туралы қоғамдық денсаулықты сақтау өңірлік департаменттерінен ақпарат алуға болады. Комитеттегілердің айтуынша, Қазақстанда тұмау және өткір респираторлық вирустық жұқпалы ауруларға қарсы сәтті эпидемиологиялық бақылау жүйесі қалыптасқан. Сонымен қатар жылдам шаралар қолдану мақсатында жыл сайын 1 қазаннан бастап апталық, 1 желтоқсаннан бастап айлық мониторинг жүргізіледі. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы тұмауға қарсы күресудің ең тиімді құралы тұмауға қарсы егу шараларын жүргізу екендігін айтады.