Түркі кеңесінің бас хатшылығына Қазақстан өкілі тағайындалады
Түркі кеңесінің бас хатшылығына Қазақстан өкілі тағайындалады
Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің жұмысы БҰҰ Бас Ассамблеясы шеңберінде өткен Сыртқы істер министрлерінің кеңесінің бейресми кездесуінің басты тақырыбына айналды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Келелі кеңеске Әзербайжан Сыртқы істер министрі Э.Мамедьяров, Түркия Сыртқы істер министрі М. Чавушоғлу, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Е.Абдылдаев және Түркі кеңесінің Бас xатшысы Р.Хасанов қатысты.
Жиында Түркі кеңесінің кезекті Саммитінің уақыты мен күн тәртібі талқыланып, кеңестің атқарған жұмыстарына баға берілді. 2015 жылғы 11 қыркүйекте Астана қаласында өткен Түркі кеңесінің V Саммитінің шешімін дамыту қадамдары мен Қырғызстанның мемлекет басшысымен болатын кезекті кездесудің дайындығына баса назар аударылды.
Сонымен бірге министрлер Түркі кеңесі мен БҰҰ және оның маманданған мекемелерімен, халықаралық және аймақтық ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жайындағы сұрақтарды қарастырды. Қатысушылар Түркі кеңесінің БҰҰ және ИЫҰ сияқты халықаралық ұйымдарда бақылаушы мәртебесін алуға өтініш беруге байланысты атқарылатын келесі қадамдарды мақұлдады. Халықаралық Түркі академиясына Мажарстан (Венгрия) тарапының бақылаушы мәртебе алу туралы ұсынысы мақұлданып, Түркі кеңесінің алдағы Саммитінің күн тәртібіне енгізілді.
Түркі кеңесінің бас хатшысы Рамиля Гасановтың өкілеттілік мерзімі аяқталуына байланысты Қазақстан мемлекеті тарапынан жаңа бас хатшы лауазымын тағайындау келісілді, қызметке кірісу мерзімі қосымша мақұлданатын болады.
2009 жылғы 3 қазанда Нахчыван қаласында (Әзербайжан Республикасы) өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының ІХ Саммитінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін құру туралы келісімге қол қойылды. Түркі кеңесіне Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мемлекеттері мүше.