Роумингтің алынып тасталуынан келетін пайда - екі миллиард теңге
Роумингтің алынып тасталуынан келетін пайда - екі миллиард теңге
Еуразиялық экономикалық одақта ұялы байланыс роумингін алып тастауға қатысты ұсыныстар айтылуда. Бұл туралы Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен кеңесте Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу министрі Нұрлан Алдабергенов хабарлады. «Қазіргі кезде Ресеймен шекаралас аймақтарда шамамен 5 млн адам бар. Ресей жағынан шамамен 14 млн адам тұрады.
Қазір шекара ашық, адамдар қатынайды, бизнес пен сауда жүріп жатыр. Және сіз шекарадан асқан кезде немесе тіпті шекараға жетпей жатып тарифтер өзгереді. Біз мұны дұрыс деп санамаймыз. Біз адамдарға жақсы жағдайлар ұсынуымыз қажет», — деп мәлімдеді Н.Алдабергенов. Оның айтуынша, роумингтің 10%-ға қысқаруы қызметтер көлемінің осындай көлемде артуына әкеліп соқтырады. Бұған қоса, қазақстандық абоненттер 2,2 млрд теңге үнемдей алады.
«Жалпы ЕАЭО-ны алсақ, 5,5 млрд теңге үнемделеді. Байланыс операторларының табысы шамамен 79 млрд теңгеге артады, Қазақстанның үлесі 23 млрд теңге болмақ. Бұл тиімді. Осы бағытта біз алға жылжуымыз тиіс», — деді ЕЭК мүшесі. Сонымен қатар Н.Алдабергенов ұялы байланыс операторлары роумингтен бір уақытта бас тарта алмайтынын, бірақ олар роуминг тарифтерін төмендету қажет екенін түсінетіндігін айтты. «Келіссөздер жүрігізілуде, бірақ ауқымды кеңесу әлі болған жоқ. Түсіністік бар, иә, бірақ бірден болмайды. Лицензия беру және заңнаманы өзгерту мәселелері бар. Бұл шамамен 3-4 жыл уақыт алады», — деп түсіндірді Н.Алдабергенов.