Жаңалықтар

Емтихан тапсыру қазақстандық бірегейлікті қамтамасыз ете ала ма?

ашық дереккөзі

Емтихан тапсыру қазақстандық бірегейлікті қамтамасыз ете ала ма?

2016 жылғы Әлемдік азаматтық индексінің қорытындысы бойынша еліміз Ресей, Түркия және Молдова мемлекеттеріне жол беріп, 85-орынды иеленді. Әлемдік азаматтық индексі экономиканың ауқымы, адам әлеуетінің дамуы, қоғамдық тәртіп пен тұрақтылық тәрізді ішкі факторларды қарастырады.  Бұл рейтинг басқа мемлекеттерде визасыз өмір сүріп, жұмыс жасау мүмкіндігін бағалайды. Халықаралық консалтинг компаниясы түзген тізімге барлығы 159 мемлекет кіріпті.

«Қазақстан азаматы атанғың келсе – қазақ тілін біл!»

Биылғы жылдың көктемінде Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндерді мемлекеттік тілден емтихан тапсыруға міндеттеу мәселесі кең талқыға түскен болатын. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев Үкімет басшысына осы мәндегі депутаттық сауал жолдап,  еліміздің азаматы атануға ниеттілер үшін қазақ мәдениеті мен тарихы, мемлекеттік тілден емтихан тапсыру талабын енгізуді ұсынған еді. Оның айтуынша, бұл жергілікті халықтың тілін түсінбеу немесе қалыптасқан дәстүрді білмеуден туындайтын жанжалдарды болдырмау үшін керек. «Гуманитарлық және экономикалық дағдарыстардан, азаматтық соғыстардан қашудың нәтижесінде экономикалық мигранттар мен босқындар жаппай ағылып жүр. Еуропа тәжірибесі көрсеткендей, жағдайы мүшкіл мемлекеттерден қашып келетін адамның саны артып, миграциялық ағым апатты үрдіске айналды. Оларды қабылдайтын елдердің бюджетіне қосымша шығын келіп, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамтамасыз етуге жүк түсіп, жұмыссыздық артып, қылмыстық жағдай нашарлап кетуде. Оның үстіне өзге тіл, мәдениеті және этникалық құрамы жат елдерден мыңдаған мигранттардың бақылаусыз келуі қабылдаушы елдердің ұлттық бірегейлікті сақтауына қауіп туғызады», – деді Перуашев. Депутат өз сөзінде бірқатар мемлекеттегі босқындардың қатысуымен болған жантүршігерлік оқиғаларды мысалға келтірді. Соның салдарынан Еуропа елдерінің көпшілігі сыртқы миграцияны шектеу жөнінде шаралар қабылдай бастаған. «Елбасының бейбіт саясаты мен экономикалық реформалардың арқасында Қазақстан бүгінгі күні  лайықты өмір сүруге болатын тартымды мемлекетке айналып отыр.Сондықтан еліміз жақын аймақтардан қашқан босқындар үшін қызығушылық туғызуы мүмкін. Осыны ескеріп, елімізде миграциялық дағдарысты күтпей-ақ, оны реттеу мен қазақстандық бірегейлікті қорғау жөнінде алдын-ала шараларды қолға алу қажет деп есептейміз. Ең алдымен, заңнаманы Конституцияға сәйкестендіру аясында азаматтық туралы заңда Қазақстанның азаматтығын сұраушылардың емтихан тапсыруы туралы нормалар қарастырылуы тиіс. Атап айтқанда, республика конституциясы, Қазақстанның мәдениеті мен тарихы, мемлекеттік тіл жөнінде және тағы басқалары. Бұл ұсыныс ешкімге ешқандай дискриминация білдірмейді. Бірақ оларға біздің халық пен мемлекетті құрметтеуге тура келеді», – деп атап өтті депутат. Азаматтық құқық алу үшін емтихан тапсырудың тиімділігін Германиядан, Австралия, Австрия, Германия, Канада, Нидерланды, АҚШ, Израиль, Оңтүстік Корея сынды елдердің тәжірибесінен көруге болады. Оның үстіне мұндай емтиханды тапсыру негізінен ақылы болғандықтан, бюджетке ешқандай жүк түспейді. Кейбір мемлекеттерде емтиханды азаматтық алғысы келгендер ғана емес, сонымен қатар еңбек мигранттары немесе ұзақ мерзімге виза алушылар да тапсырады. Голландия мен Ресей тәжірибесі сөзімізге жарқын мысал бола алады. «Емтихан тапсыру талабын енгізудің мақсаты – тілді түсінбеу немесе қалыптасқан дәстүрді білмеуден туындайтын жергілікті халықпен жанжалдарды болдырмау. Біздің ойымызша, ұсынылып отырған бастама дер кезіндегі және конституциялық реформаға сәйкес келеді», – деген еді А.Перуашев. Алайда депутаттың бастамасы Үкімет тарапынан қолдау таппады.  Бақытжан Сағынтаев А.Перуашевтің депутаттық сауалына берген жауабында: «...Қазақстан Республикасының азаматтығына үміткер адамдардың саны шамалы екендігін және тиісті бағдарламалар мен әдістемелерді әзірлеу, мамандарды даярлау, инфрақұрылым және емтихандар қабылдау орындарын құру (ең аз дегенде барлық облыс орталықтарында) үшін қосымша қаржы шығыстарының қажеттілігін ескере отырып, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңға тиісті түзетулер енгізу мезгілсіз деп ұйғарамыз», –делінген. Үкімет босқындар, көшіп келушілер және азаматтыққа қабылдау мәселелері халықаралық-құқықтық стандарттарға сәйкес келетін ұлттық заңнамамен жеткілікті реттелген деп есептейді. «Халықтың көші-қоны туралы», «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы», «Босқындар туралы», «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» заңдар осы саланы реттеуді көздейді. Алайда бұл заңдардың бір-біріне қайшы келетін тұстары басқаны айтпағанда, жат жұртта тұратын өз қандастарымыздың елге көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алу мәселесін күрделендіріп жібергені белгілі.

Қандастардың азаматтық алуы жеңілдейді

Көп боп көтергеннің нәтижесі болар, жуырда қандастардың мәселесіне қатысты ақжолтай жаңалық естідік. Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының бөлім басшысы Күлсін Ысқақова «Алматы» телеарнасына берген сұхбатында бұдан былай оралмандар Қазақстан азаматтығын қиындықсыз ала алатынын жеткізді. Бұрындары Қазақ елінің азаматы атану үшін қандастарымыз 3-5 жыл сарсаңға түссе, енді құжатқа бір жыл ішінде қол жеткізуге болады екен. «Былтыр көбі Өзбекстаннан келген болса, ал биыл келген 217 адамның 63 пайызы Қытай Халық Республикасынан оралғандар», – дейді Күлсін Ысқақова. Егемендігімізді алғалы бері елімізге 284 мың отбасы, яғни 1 миллионнан астам қандасымыз көшіп келген. Бүгінгі күні Отанына ораламын деген азаматтың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының азаматы болу. Сондықтан қолданыстағы заңнамада қандастарымыздың азаматтық алу жолдары жеңілдетіліп отыр. Атап айтсақ, Қазақстанға оралған бауырларымыздың қоныстанған өңіріне қарамастан 5 күннің ішінде «оралман» мәртебесі беріледі. «Оралман» мәртебесi азаматтықты алғанға дейін Қазақстан Республикасы азаматтарымен барлық салада тең құқыққа ие болу үшін берiледi. Ал одан кейін тұрақты тұруға рұқсатты жеңілдетілген түрде 3 ай ішінде алуға болады. Және оны алу үшін басқа шетелдіктер сияқты төлем қабілеттiлiгiн растаудың қажеті жоқ. Біздің елге кірген визаның түріне қарамастан оған тұрақты тұру рұқсаты беріледі. Осы рұқсатты алғаннан кейін жеңілдетілген түрде 3 айдың ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мүмкіндігі туады. Яғни, Отанына оралғысы келетін бауырларымыздың құжаттары барлығы түгел болып, заңнамада белгіленген рәсімдер уақытында жасалса, оларға 6 айдың ішінде Қазақстан азаматы атануға мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта қазақ көші қайта жанданып, алыс-жақын шетелдегі қандастарымыздың бәрі елімізге қарай ағылса, Қазақстанның санын 20 миллионға жеткіземіз деген асыл мұратымызға жететін күн алыс емес секілді. Солай боларына сенейік.