Түнгі клубтарда кімдер жүр?
Түнгі клубтарда кімдер жүр?
Көптен күткен фильм отандық прокатқа шыққанын ести сала кинотеатрға асықтық. Сейфуллин мен Мақатаев көшелерінің қиылысында орналасқан «Мега» ойын-сауық орталығындағы «Chaplin» кинотеатрына кештете келсек, тек түнгі сеансқа билет қалыпты. Фильмнен шығамыз дегенше түн ортасынан ауды. Жолдың арғы бетіне өтіп, такси тоқтаттық. Атышулы түнгі клубтың маңайы. «Клиент» іздеген такси жүргізушілерінің көбі түнде сол жерді торуылдайтындықтан көп тұрған жоқпыз. Бірінші тоқтаған көлікке жайланып отырып, фильм кейіпкерлері туралы айта бастағанымыз сол еді, тізгінді ұстап отырған егделеу кісінің зіркілі сөзімізді сап тыйды.
– Қыз деген осылай түнделетіп жүруші ме еді? Өңкей бетімен кеткендер! Ауылдағы әке-шешелерің сендерді оқып жүр, жұмыс істеп жүр деп сеніп отыр, ал сендер клуб жағалап жүрсіңдер! – деп дүрсе қоя берді. Мен аңтарылып қалыппын. Негізсіз айыптауға шыдай алмай кеткен сіңілім:
– Аға, анық-қанығын білмей тұрып неге айыптайсыз? Біз «Мегадан», кинодан шықтық, – деді тұнжырап.
– Кино жаңа ғана бітті. Біраз жаяу жүріп, Райымбек даңғылына таяу маңнан тоқтатсақ, такси арзанырақ болатын шығар деп клубтың алдынан бір-ақ шығыппыз. Әйтпесе, онда жолап көрген қыздар емеспіз, – деп мен де ақтала жөнелдім.
Жүргізушінің түсі өзгеріп, жүзі жылып сала бергенін алдыңғы айнадан көріп отырмын. Даусынан да жылу сезгендей болдық:
– Е-е, қайдан білейін... Кешіріңдер, айналайындар. Түнгі клубтан қызық іздеген көп қыздың бірі шығар деп ойладым. Қазақтың әр қызын өз қызымдай көремін. Олардың жиіркенішті жерлерде жүргенін көрсем жаным ауырады, зығырданым қайнап кетеді. Содан кейін ғой өзімді-өзім ұстай алмай айғайға басып кеткенім. Кешіріңдер, кешіріңдер!.. Сонда да түнделетіп жүрмей-ақ қойыңдаршы. Қазір қорқынышты ғой, әсіресе мына көшенің бойында қағынғандар көп, – деді қамқор үнмен. Біз жүргізушінің ақылын ұққанымызды аңғартып, бас изестік. Түнгі клубтың маңайынан ұзап кетсек те, әрі қарайғы әңгімеміз оның төңірегінен алыстаған жоқ.
Жүргізушінің есімі – Қайсар. Такси қызметі арқылы нәпақа тауып жүргеніне 3 жылдан асыпты. Көбінесе түнде, көлік кептелісі жоқ кезде жолаушы тасиды екен. Маңайлайтыны – мейрамхана, түнгі клубтардың айналасы. Түн түндігін түргенде қозғалысы жанданып, азан-қазан, у-шу болып жататын осындай орындардан «демалып» шыққандарға такси қызметін көрсетеді. Клубтан шығатын қаракөздердің қылығына әбден қаныққан Қайсар аға қазақ қыздарының тәрбиесі кері кеткеніне налыды.
– Өз қыздарыммен жасты бойжеткендер қысқа көйлек, біз өкшелерін киіп, клуб жағалап жүреді. Біреуінен шыққаны аздай, таксиге мініп, екіншісіне барады. Үсті-бастарынан темекі мен арақтың иісі араласа аңқығанда, көліктің ішінде тынысың тарылады. Бір-екеуіне ұрсып та жібергем, ұялған қыз көрген жоқпын бірақ. Шала орысшаларын қосып, ауыздарына келгенін айтып кетеді. Әңгімелерінің ұзын ырғасы «Сіздің шаруаңыз қанша, ақшаңызды төледік пе, апар деген жерге апарыңыз!» дегенге саяды. Қыздарымның, қаракөз қарындастарымның осындай деңгейге түсіп кеткені жаныма батады. Клубта жүретін қазақ жігіттерінің де оңғаны жоқ. Ішіп алып, ілік іздеп жүреді. Араларында «Клуб деген не өзі?» деп мың рет естігенін бір рет көзбен көру үшін келген бозбалалар да бар. Олардың көбі – ауылдан кеше ғана келген студенттер. Жан-жағына жаутаң-жаутаң етіп қарағандарынан-ақ жаман әдеттерге үйір бола қоймаған жастар екенін аңғарасың. Дер кезінде бойларын аулақ салып үлгермесе, ішетін мен шегетінге салынып, даңғазаға үйір болуы ғажап емес, – дейді такси жүргізуші.
Қайсар аға қала жастарының қарасы үзілмейтін, маңайында төбелес, атыс-шабыс жиі болатын түнгі клубтарды, әдепсіз қыздардың құтты мекеніне айналған кафелерді жіпке тізіп берді. Бәрінің де атауы таныс, әрі-бері өткенде кейбірін көріп те жүрміз. Бірақ бас сұғып көрмеппіз. Беймәлім әлем. Такси жүргізушінің әңгімесі сол әлемнің құпиясына қанығуға итермеледі.
Түнгі жорық
Қала тынысына қанық жастардан сұрастырып, түнгі клуб жайлы білім-білігімізді «тереңдеткендей» болдық. Айтуларынша, жұма-сенбі күндері клубтарда кісі қарасы қалың болады. Ондағы тіршілік түнгі 11-ден кейін қызады екен. Білетіндер ерте барсақ, клубта ешқандай «қызық» көре алмайтынымызды ескерткен соң, «жорыққа» түн ортасында шықтық. Таңдағанымыз – Сейфуллин мен Мәметов көшелерінің қиылысындағы «Арагоста» клубы. Танысымның айтқаны айдай келді. Клубтың кіре берісінде тұратын еңгезердей жігіттер ішке кіргісі келетін жігіттерді бастан-аяқ тексеріп, кейбірін «фэйс-контрольдан» өтпей қалдың деп кіргізбей қояды деп еді. Расында да, бізбен қатар кірген екі жігіт қайта шығуға мәжбүр болды. Ал бізбен жылы амандасты да, клубтың төріне қарай жол нұсқады. Әрі қарай өзін Айбек (есімі өзгертілді) деп таныстырған әкімші жігіт жетелеп әкетті. Әуелі: – Екеусіздер ме, әлде қатарларыңызға кешірек қосылатын қонақтар бар ма? – деп сұрады орысшалап. – Мына жаққа қарай өтіңіздер. Айбек бізді би алаңынан алшағырақ орналасқан шағын үстелге жайғастырды. У-шудан сәл де болса қашық отыратынымызға қуандық. Тамақтары жыртылып кетердей айғайлап, ақ тер, көк тер боп билеп жатқан жастардың үнінен құлақ тұнады. Көк түтіннің арасында ешкімнің түрі көрінбейді. Тек қысқа белдемшелер мен ашық-шашық көйлектерден қыздардың еттері ғана менмұндалайды. Шеткерірек тұрған үш қыз елірген биге қосылмай, айналаны жатырқап тұрғандай көрінді. Клуб деген «кереметпен» алғаш рет танысып тұрған студенттер шығар деп топшыладық. Өзгелер даңғаза әуеннің ырғағымен еден тепкілеп жүр. Бір қыз-бір жігіт боп жұптасып алғандардың биі тіпті ерсі. Бір-біріне ентелей ұмтылып, арсыз қимылдан қымсынар емес. Би алаңына бағытталған қызылды-жасылды жарық көзді талдырған соң, назарымызды үстелдерге бұрдық. Қонақтардың көбі билеп жүргендіктен, үстелдердің біразы бос. Тапсырыс берген астарын ішіп үлгерместен, би алаңына асыққан сияқты. Жартылай желінген пицца, қуырылған картоп, кәуап секілді тағамдар мен стақанның түбінде қалған сыраны әр үстелдің басынан көруге болады. Бізге қарама-қарсы үстелде беттерін баттастыра бояған екі қыз жайғасқан. Алдарында – арақтың шөлмегі, ауыздарында – қорқор. Айналаны шолып, «қармаққа» ілінер олжа іздеп отырғандай. Көп ұзамай, оларды «алтын балық» өзі іздеп келді. Ұзын бойлы, алпамса денелі жігіт жымиып келіп, қолын ұсынды. Сөздері естілмесе де, танысып үлгергендерін ұғу қиын емес. Қыздар да қулана жымиып, қастарынан орын ұсынды. Жігіт сәл тізе бүгіп, әңгімелесті де, сәлден соң би алаңының сол қанатындағы бір үстелді нұсқады. Көп ұзамай, сылаңдаған екі қыз «алтын балықтың» соңынан ілесіп, сол жаққа беттеді. Би алаңындағы түрлі-түсті жарық кедергі келтірсе де, әлгі үстелде тағы екі жігіт отырғаны аңғарылады. Әрі қарай бесеудің отырысы қызып, ішімдік пен тіскебасар тасыған даяшылар дамыл таппады. Манадан бері тек шырынға тапсырыс бергенбіз.Түн ауғанда ештеңе жегіміз келмесе де, отырысымыз күдік тудырмасын деген оймен даяшыны шақырып, тіскебасар алдырдық. Клубтың «қызықтарын» өткізіп алмайық деп жан-жағымызды әлі де шолып отырмыз. Айналамызға жалтақ-жалтақ қарап отырған бізді жігіт іздеп отырған сылқымдар деп ойласа керек, қасымызға орта бойлы жігіт жетіп келді. Музыкадан дауысы естілмегендіктен, құлағыма төніп, келген себебін айтты. Танысып, биге шақырмақшы. Аузынан арақтың иісі бұрқырап тұр. Топшылауымша, 21-22 жас шамасындағы бозбала. Бейтаныс қыздар ғой деп қымсынар түрі жоқ, қылмыңдап қояды. Дауысымды көтеріп ұрсып берген соң ғана жөніне кетті. Үстеліне отырған жоқ. Би алаңындағы топтың ішіне енді де, сонда билеп жүрген қыздардың бірін білектен шап берді. Кіндігі ашық кофта киген бикеш наразылық танытқан жоқ. Жігіттің мойнына жабысып, арсыз биін жалғастыра берді. Мұндай көріністерді әрі қарай көріп отыруға дәтіміз шыдамады. Ішкен-жегеніміздің ақысын төлеп, кетуге ыңғайландық. Шығаберіс есіктің аузында ес-түсін білмейтін қызды сыртқа қарай сүйрелеп жүрген жігітпен қабаттасып қалдық. Оларды бірінші өткізіп жіберуге тура келді. Ішімдікке сылқия тойған қызды қайда алып кеткені бір Құдайға аян, әйтеуір көлігінің артына отырғызды да, күнбатысты бетке алды. Бір бойжеткеннің күні «батқан» шығар сол түні. Әлгі көліктен көз алмай тұрып қаппыз, таяқ тастам жерде топтасып тұрған жігіттердің бізге тесіле қарап тұрғанын аңғарып, тезірек такси тоқтатуға ұмтылдық. Сіңілім сол топтағы біреуінің қолынан пышақ, біреуінен кастет көріп қалғанын үйге жеткенде бір-ақ айтты. Жүрегім су ете қалды. «Неге ертерек айтпадың?» дедім ренжіп. «Ерте біліп қайтпексің? Тартып алайын деп пе едің?», – деді ол да менің негізсіз ренжігенімді ұқтырып. Бір жамандықтың боларын оның да, менің де ішіміз сезіп тұр. Әлгі такси жүргізуші Қайсар ағаның айтқаны рас болып шықты. Клубтағы жиын төбелессіз тарқамайтын секілді.Ажал ордасында ойрандалған өмір
Біздің көргеніміз – Алматыдағы бір клубтың «кереметтері». Алып шаһарда мұндай көңіл көтеру орындарының саны 100-ге жетіп жығылатынын ескерсек, ар мен ұяттан безген ортада қазақтың қанша ұл-қызы бетімен жүргенін ойлаудың өзі мұң. Ең өкініштісі, түнгі клубтың ажал ордасына айналғаны. Клубтан «көңіл көтеріп» шығып, қайғылы қазаға ұшырағандар жайлы жан түршіктірер хабарлар көбейіп кетті. Ғаламторды ақтарсаң, «Шымкентте 22 жастағы жігіт түнгі клубта қаза тапты», «Астанада түнгі клубтан шығып жоғалған қыздың өлі денесі табылды», «Талдықорғанда 29 жастағы жігітті түнгі клубтың маңында айуандықпен ұрып-соғып кетті», «Алматыдағы түнгі клубта болған төбелестің соңы қайғылы жағдаймен аяқталды» деген ақпараттардан көз сүрінеді. Соңғы он шақты жыл көлеміндегі әлемнің әр түкпіріндегі түнгі клубтарда болған қайғылы оқиғаларды сараптап көрсек, ажал құшқан адамдар саны көптігін байқауға болады. Бұларға қарап отырып, дүниедегі ең қауіпті орын – осы түнгі клубтар ма деген ойға қаласың. Мәселен, 2009 жылы Ресейдің Пермь қаласындағы «Хромая лошадь» түнгі клубында кенеттен өрт тұтанып, 156 адам қаза тапқан болса, сол жылы Таиланд астанасы Бангкоктегі «Сантика» түнгі клубында тұтанған өрттен 61 адам көз жұмды. Сол сияқты, 2008 жылы Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы «Вуванг» түнгі клубында 43 адам, 2004 жылы Аргентина астанасы Буэнос-Айрестегі «Республика Краманьон» түнгі клубында 194 адам, 2003 жылы АҚШ-тың Род-Айленд штатындағы түнгі клубта 100 адам, ал 2000 жылы Қытайдың Лоян қаласындағы бір түнгі клубта 309 адам аяқ астынан пайда болған өрттің себебінен түтінге тұншығып немесе тірідей өртеніп, мерт болды. Тізбелегеніміз – әлемдегі жын-ойнақ ордаларының кесірінен болған жан түршіктірер оқиғалардың бірнешеуі ғана. Білмейтініміз қаншама... Ащы суға сылқия тойып алып, өзара төбелесіп, бір-бірін майып қылған, жарымжан, мүгедек күйге түскен жастардың өзі бір бөлек әңгіменің арқауы. Қайбір жылы депутаттар Алматы мен Астанадағы гей-клубтардың мәселесін айтып, қоғамды азғындауға, жастарды тура жолдан тайдыруға апаратын жерлерді жауып тастау қажеттігін шыр-пыр болып көтергені есте. Алайда өскелең ұрпақты арсыздыққа тәрбиелейтін орындар әлі күнге дейін өз ісін дөңгелетуде. Тіпті, жыл өткен сайын жұмысы жанданып, табыстары артып келеді. Мейрамхана бизнесінде кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіпкердің мәліметіне сүйенсек, шаһарымыздағы адам қарасы үзілмейтін шағын түнгі клубтар айына 50-65 мың доллар пайда түсіреді екен. Қалтаның қамын ғана күйттейтін қожайындар ұрпақ тәрбиесін қайтсін? Әмияны күн сайын долларға толып жатқанда ұлттың ұятын ойлап, бас ауыртсын ба? Майшелпектен қағылғысы келмейді. Сондықтан мың түрлі уәж айтып, түнгі клубтарды жабу керек деген қоғам белсенділеріне қасқайып қарсы тұрады. Бірақ бір кездері мемлекет ешқандай қарсылықтарға қарамастан қаладағы казиноларды жаппай жауып тастады емес пе? Соның арқасында құмар ойыншылардың саны азайып, ойран болған отбасылардың түтіні қайтадан түзу шыға бастады. Тек дауасыздар ғана берісі Қапшағай, арысы Бурабай асып жүр. Сол сияқты Алматыдағы түнгі клубтардың да түтінін өшіретін уақыт жетті. Әйтпесе арсыздық пен бұзақылықтан басқа үйретері жоқ орын ұрпақтың түбіне жетуі мүмкін.