Бауырластық тамырын жая түсті

Бауырластық тамырын жая түсті

Бауырластық тамырын жая түсті
ашық дереккөзі
Қазақстан мен Түркия – ежелден бауырлас мемлекет. Екі ел арасындағы саяси, мәдени, рухани байланыс әу бастан «тонның ішкі бауындай». Ал биыл осынау сызат түспеген өзара дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Бүгінде Қазақстан өңірлік және ғаламдық дипломатияда айтарлықтай белеске көтерілді. Бұл әлем елдерімен, соның ішінде туысқан мемлекеттер арасындағы достықты берік ете түсті. Тарихқа үңілетін болсақ, Тәуелсіздік алған сәтімізде қазақ елінің дербестігін бірінші болып Түркия мемлекеті таныды. Ал 1992 жылдың 2 наурызында екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынастар орнады. Тәуелсіз Қазақ елімен іскерлік, экономикалық байланыс орнатуды да алдымен Түркия бастап еді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Түркиямен туысқандық қарым-қатынастың нығая түсуіне дипломатиялық қатынастар жанданған күннен бастап мүдделілік танытып келеді. Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартқа Елбасының Түркияға 2009 жылғы қазан айындағы ресми сапары барысында қол қойылды. Түркия Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші мемлекет ретінде  маңызды стратегиялық әріптесі санайды. Екі елдің жоғарғы басшылары арасында екіжақты форматта да, көпжақты деңгейде де, атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК), Түркі кеңесі, Түркі Академиясы және басқа да ұйымдар шеңберінде нәтижелі саяси сұхбат қалыптасты. 2016 жылы Ыстамбұлда өткен ИЫҰ Саммитінде мемлекет басшылары «Исламды татуластыру туралы» бірлескен Декларация қабылдаған болатын. Түрік тарабының осы жылы ИЫҰ-да төрағалық етуіне орай, Түркия басшысының аталған іс-шараға қатысуы екі ел үшін де маңызы зор. Сондықтан да Қазақстан мен Түркия ширек ғасырда қол жеткізген ортақ табыстарын еселей түсуі үшін алдағы уақытта да күш-жігерін жұмсауға дайын. Сондай-ақ, жаһанданған әлемнің қазіргі қал-ахуалын ескеріп, экономикалық жағдайының күрделілігін есепке ала отырып, екі бауырлас ел арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтеріле түспек. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы өз қатысушыларының саны, географиялық ауқымы мен мамандандырылған құрылымдары жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі 57 мемлекетті біріктірген ірі халықаралық ұйым болып табылады. Қазақстан 1995 жылы Ұйымның толық құқылы мүшесі болды. Міне, бұл еліміздің ИЫҰ-ға мүше мемлекеттермен байланыс орнатуына ислам кеңістігіндегі саяси-экономикалық үдерістерге белсене қатысуына жол ашты. Ал Қазақстан Парламентінің «Ислам конференциясы ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімді» ратификациялауы маңызды мәселенің бірі саналады. Себебі ол сауда-экономикалық ынтымақтастықты регламенттейтін ИЫҰ-ның басты негіздемелік құжаты ретінде ерекшеленеді. Сондай-ақ, бұл мұсылман елдерімен тығыз серіктестік қатынастардың дамуына серпін береді, ислам қаржы-экономикалық институттарымен байланысты жандандырады. Астанада 10-11 қыркүйекте өткен Ислам Ынтымақтастық ұйымының саммитіне арнайы келген Реджеп Тайып Ердоған Елбасының өңірлік проблемаларды шешуге бағытталған бітімгершілік қызметі үшін ерекше риза. «Қазақ жерін өзіміздің екінші үйіміз деп санаймыз. Қарым-қатынастарымызды барлық салада, соның ішінде экономика, мәдениет, әскери және саяси алаңда дамытуға тырысамыз» деп, өзара достығымызды ары қарай арттыруға дайын екенін жеткізді. Демек, сауда-саттық, экономика, қаржы-инвестиция, көлік-коммуникация, ғылым-білім салаларындағы ынтымақтастық кеңейіп, бірлескен жобалар қатары бұрынғыдан да көбейе түседі. Қазақстан тарапы да көлік-транзит әлеуетін арттыру үшін инфрақұрылымы дамыған транзиттік ел Түркияның тәжірибесін қолдануға дайын екенін білдірді. Сонымен бірге, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мақсатында жоғары оқу орындары арасында өзара студенттер алмасу дәстүрге айналмақ. «Нұрлы жол» бағдарламасына да жан-жақты қолдау көрсетуге келісім берді. Түркия президенті Р.Ердоған Елбасын ЕХРО көрмесінің табысты ұйымдастырылғанымен де құттықтап, қызметіне табыс тіледі. Қазақстанды Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекеттердің бірі деп бағалаған ол Қазақстан Президентін келесі жылға қонаққа шақырып, ары қарай да жақындасуға ниетті екенін мәлімдеді. Түркия президенті 57 ислам елінің өкілдері жиналып, ғылым мен технология саласындағы жетістіктер мен кемшіліктерді ортаға салған саммит жұмысының маңыздылығына да баса мән берді. Сондай-ақ, Қазақстан Президентінің ислам елдерінің айтулы ғалымдарын ғылым мен технологияларды дамытудағы ерен еңбегі үшін берілетін арнаулы сыйлықпен марапаттауы да жоғары қабылданды. Ал Елбасы Н.Назарбаев Реджеп Тайып Ердоғанға Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін шынайы ризашылығын білдірді. «Қанша кездессек те көптік етпейді. Қазіргі заманның өзі қиындап тұр. Жиі кездесіп, көп ақылдасу керек. 25-26 жыл ішінде Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас достық әрі бауырластық бағытта дамып келеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Түркия Президентінің Қазақстанға жасаған бұдан бұрынғы сапары кезінде экономика саласына қатысты бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті. «Қабылданған келісімдер аясында көп жұмыс атқарылуда, көптеген жобалар іске асырылды. Өңірлік сипаттағы проблемалар бізде де, Түркияда да бар. Бүгінгі кездесуіміз сол мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді», – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президентіне Астанада өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитіне қатысуға ниет білдіргені үшін алғыс айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркияның саяси және экономикалық тұрғыдан бір-біріне жақын екенін айтып, екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып отырғанын атап өтті. «Түркия – Қазақстанның ең жақын саяси және экономикалық серіктесінің бірі. Екіжақты тығыз ынтымақтастық әрдайым белсенді дамып келеді. Жоғары деңгейдегі кездесулер жиі өткізілуде. Биыл дипломатиялық қарым-қатынасымыздың орнағанына 25 жыл толып отыр», – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев түрік капиталының қатысуымен 1600-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп жатқанын, сондай-ақ бірлескен инвестициялық жобаларды одан әрі дамыту қажет екенін айтты. «Түркия инфрақұрылымы дамыған транзиттік ел екені баршаға белгілі. Осыны ескеріп, түрік тарапын Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін бірге дамытуға шақырдым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы: «Түркия – біздің стратегиялық әріптесіміз және табиғи одақтасымыз. Оның үстіне Түрік елі – әлемдегі және аумақтағы геосаяси актерлар санасатын, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Мұстафа Кемал Ататүрік құрған Түркия Республикасы 2023 жылы өзінің 100 жылдық мерейтойын өткізеді. Ұлттық-патриоттық сана-сезімде тәрбиеленген түрік саңлақтарының атқарған орасан зор еңбектерінің нәтижесінде әлемдегі экономикасы дамыған 20 мемлекеттің қатарына кіреді. Түркия Президенті Р.Т. Ердоған төрағалық етіп отырған Әділет және даму партиясы Түркияның дамуына және екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынастың күшеюіне зор септігін тигізіп келеді», – дегенді жеткізді.

Инвестициялық ынтымақтастық артып келеді

Айта кету керек, бүгінде Түркия мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың маңызды аспектісі – сауда-экономикалық және өзара инвестициялық ынтымақтастық. Қазір Қазақстанда 1600-дан астам түрік компаниялары жұмыс істейді. Қазақстан экономикасына шамамен 2,1 млрд АҚШ доллар көлемінде тікелей түрік инвестициясы құйылса, ал Қазақстаннан Түркияға шамамен 1 млрд АҚШ доллар көлемінде тікелей инвестиция салынған. Сонымен қатар, түрік мердігерлері Қазақстанда құны 20 млрд АҚШ доллардан асатын құрылыс жобаларын жүзеге асырды. Осы орайда екі мемлекет басшысының қойған ортақ мақсаты бар – екі ел арасындағы сауда айналымының көлемін 10 млрд АҚШ доллар мөлшеріне жеткізу. Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлының айтуынша, сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылды жандандыру мәселесі Қазақстан мен Түркия басшылығының қамқорлығымен «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы аясында қолға алынды. Бағдарлама екі ел арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық туралы шарттың негізінде құрылған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің (ЖДСЫК) жұмысы аясында жасақталды. Нәтижесінде үкіметаралық экономикалық комиссияның 10-шы отырысының хаттамасы, 2017-2020 жылдарға арналған «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасының іс-шаралар жоспарының хаттамасы әзірленді. Жалпы, әлемде жаһандану үрдісінің аясында Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) қолдауымен сыртқы сауда көпжақты және екіжақты келісімдер шеңберінде либералды сипат алып отыр. Бұған мысал ретінде мемлекеттер арасындағы экономикалық және кеден одақтарының Еркін сауда келісімдері мен Таңдаулы сауда келісімдерін келтіруге болады. Сондай-ақ, заңнамалық сипатта шетелдік, соның ішінде қазақстандық компанияларға ешқандай шектеулердің қолданылмайтындығын еске сала кеткен жөн. Дегенмен әрбір мемлекет үшін ең алдымен ұлттық экономикалық мүдде маңызды. Осыған орай, ДСҰ-ның негізгі ережесі халықаралық сауда еркіндігі болғандығына қарамастан, белгілі жағдайлар мен шарттардың негізінде ішкі нарықты қорғау шаралары қарастырылады. Сол сияқты Инвестициялар және даму министрлігі мен «Алсим Аларко» консорциумы және Еуропа қайта құру және даму банкі арасында «БАКАД» автокөлік жолын салу жөнінде меморандумға қол қойылды. «Ел экспорты 53,8 пайызға өсіп, 563,3 млн АҚШ долларын құрады. Тауар айналымы 6 ай ішінде 925,1 млн АҚШ долларына жеткен, бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 36,1 пайызға жоғары. Келісімдер мен меморандумдар ірі түрік холдингтері – Calik Holding, Yildirim Holding, Yildizlar SSS Holding, Agrobest Group арасында жасалды. Жалпы алғанда, қазақстандық-түрік инвестициялық бастамаларының жалпы сомасы 2,7 млрд АҚШ долларын көрсетеді. Бүгінде 70 жобаның 31-і іске асырылған. Тағы 40 жоба жүзеге асырылуда», – дейді Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында жалпы ауданы 50 гектарлық Қазақстан-Түркия индустриалды аймағы құрылған. Аумақты 250 гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Бұл туралы елші мырза: «ПВХ және алюминийден жасалған профильдер мен жарық өткізгіш конструкциялар өндіретін Gold Aluminum ЖШС зауыты көп ұзамай пайдалануға беріледі. Merkez Asia Madencilik және Petronet Otomosyon компанияларымен жалпы құны 12 млн доллар болатын зауыттың құрылысы басталмақ. Бұдан өзге, сегіз түрік компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Солардың ішінде жиһаз фабрикасының құрылысы бойынша «Madeyra Group» ЖШС-мен сөйлесіп жатырмыз. Инвестиция көлемі – 10,7 млн доллар болады», – деді. Осы тұрғыдан келгенде, 2012 жылдың мамыр айында Астана қаласында құрылған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі (ЖДСЫК) екіжақты ынтымақтастықты арттыруға сеп болуда. Бұл құрылымның жиындары әрбір үш жыл сайын алма-кезек өтіп отырады. Бұдан бұрын 2012 жылы Түркияда және 2015 жылы Қазақстанда болып өтті. Қарым-қатынастың дамуына серпін беретін Кеңестің үшінші отырысы 2018 жылы Түркияда жоспарланып отыр.