Елімізде 1 адвокаттың үлесіне 4 мың адамнан келеді
Елімізде 1 адвокаттың үлесіне 4 мың адамнан келеді
Соңғы 4 жылда елімізде адвокаттар саны небәрі 300 адамға өскен, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Адвокаттардың жалпы саны 4 мың 683 маманға жетіп отыр. Бұл туралы ведомствоаралық комиссияның отырысында хабарланды. Әділет министрлігі өкілдерінің айтуынша, қорғаушылар арасындағы тапшылық мәселесі бүгінде өте өзекті. Елімізде бір адвокаттың үлесіне 4 мың адамнан келеді.
Азды-көпті өсім байқалған өңірлер – Алматы, Ақмола, Қарағанды, Шығыс және Оңтүстік Қазақстан облыстары. Заң жобалау қызметі мәселелеріне арналған жиында мамандықтың осы түріне жастардың қызығушылығын арттыруға баса мән берілді. Ол үшін қорғаушылардың алқа мүшелігіне қабылданар алдында төлейтін алғашқы жарнасын алып тастау ұсынылып отыр. Айта кетейік, жарна көлемі – 800 мың теңге. Сондай-ақ айтылған ұсыныстар қатарында әлеуметтік аз қамтылған санаттарға «Про Боно» жүйесі арқылы тегін адвокаттық қызмет көрсету де бар.
«Адвокат болу үшін бірнеше сатыдан өту керек. Жоғары заң білімі болуы керек. Одан кейін ол тағылымдамадан өту керек. 6 айдан 1 жылға дейін, оның ақысы 280 мыңға дейін барады. Кейін Әділет министрлігінде аттестаттаудан өту керек. Ал алға мүшелігіне кіру үшін, алғашқы жарна 700-800 мың қаржы төлеуі тиіс. Осының бәрі бұл кәсіпке кіруге кедергі болып отыр», – дейді ҚР Әділет министрлігінің департамент директоры Бақтыгүл Атағазиева.