Жаңалықтар

Адам саудасына қатысты 244 қылмыстық іс қозғалды

ашық дереккөзі

Адам саудасына қатысты 244 қылмыстық іс қозғалды

2017 жылдың сегіз айындағы қорытындысы бойынша, елімізде адам саудасына қатысты 244 қылмыстық іс қозғалған,  – деп хабарлайды 24.kz арнасы. Арнаның хабарлауынша, бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «Қазақстан Республикасындағы еңбекші-мигранттар мен адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғаудың өзекті проблемалары» атты талдау баяндамасының халықаралық таныстырылымында айтылған. Марат Демеуовтің айтуынша, 2014 жылдан бері Қазақстанда ТМД елдерінен келетін еңбек мигранттарына заңды рұқсат етілген. Соның арқасында республика аумағында жасырын жұмыс істеп келген 318 мың адам заңға сәйкес тіркеуге тұрған. Олардың табыс салығы есебінен ел қазынасына 3 млрд теңге қаржы түсті. Бұған дейін мамандар көші-қон саясаты мен адам саудасына қарсы іс-қимылды жетілдіру бағытында шетелдік және халықаралық сарапшылардың мәліметтеріне зәру болған. Енді жаңа баяндамада келтірілген деректер адам құқықтарының бұзылуына қарсы жүйелі жұмыс істеуге сеп болмақ. Талдау барысында адам саудасы жайында сараптамалық ақпараттар ғана емес, оның алдын алуға бағытталған іс-қимыл үлгілері көрсетілген. «Бейресми еңбекші мигранттардың саны 400 мыңнан астам. Ал олардың ресми тіркелгендері осыдан 10 есе кем. Дегенмен еңбекші мигранттардың жағдайлары жариялылыққа жақын. Ал адам ұрлау, адам сату, балаларын сатып жатқан жағдай, нәрестелерін сатып жатқан жағдайлар – ұлтымызға да нұқсан келтіретін, тарихымызда да болмаған қылмыстар. Соларды біз қоғамда болдырмауға еңбек жасауымыз керек, қоғамның назарын аударуымыз керек», – дейді Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов.