Жеңілдетілген несиелендіруге бөлінген қаражаттың 40% игерілді

Екінші деңгейлі банктер жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасына бөлінген қаражаттың 40%-ына несиелер беріп үлгерген. Бұл туралы сейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев хабарлады. «Автонесиелендіру — біздің азаматтар айрықша қызығатын тақырып. Бұл бағдарлама бойынша қаражат белсенді түрде игеріліп жатқанын айтқым келеді. Бүгінгі таңда Қазақстанның даму банкі 5 млрд 682 млн теңгеге 1757 қарызды мақұлдады.

Біз нақты борышкерлердің қарыздарын мақұлдамаймыз, біз екінші деңгейлі банктердің шешімдерін мақұлдаймыз, әрине олар бағдарлама шарттарына сәйкес болуы тиіс. «Бұл бөлінген соманың 40%-ы», — деді Б.Жәмішев. Бұл ретте ҚДБ басшысы қазіргі уақытқа дейін осы бағдарламаның операторы ретінде банк тарапынан қабылданбаған өтінімдер жоқ екенін айтты. «Біз қабылдамай қойған күннің өзінде, біз қазақстандықтардың өтінімін емес, дұрыс ресімделмеген банк өтінімін қабылдамаймыз», — деп нақтылады ол. Сондымен қатар Б.Жәмішев коммерциялық банктердің бір де бірі осы автонесиелендіру түрі бойынша өтінімдерді қабылдауды тоқтатпағанына назар аударды.

«Екі банк — Еуразиялық банк пен Сбербанк «Азия авто» өтінімдерін жинап алды деген ақпарат тараған болатын, бұл ретте олар өтінімдерді жинауды бағдарлама іске қосылғанға дейін бастап кеткен. Әрине, егер олар бағдарлама іске қосылғанға дейін «Азия авто» дилерлерімен жұмыс істеп бастаса, демек олардың алға шығып кеткені де түсінікті жайт. Бірақ бізде бар ақпаратқа сүйенсек, олар өздерінің басқа екі өндірушіге тиесілі лимиттерін әлі толықтай өтеген жоқ. Сондықтан бағдарламаға барлық банктер қатысып жатыр деуге болады», — деп қорытындылады Б.Жәмішев.

Back to top button