Өскеменде ауқымды ойын бизнесінің желісі әшкереленді

Өскеменде ауқымды ойын бизнесінің желісі әшкереленді

Өскеменде ауқымды ойын бизнесінің желісі әшкереленді
ашық дереккөзі
Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі ойын бизнесіне қатысты бір ғана іс бойынша 61 терминалын анықтады. Ойын құрылғыларының барлығы жойылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Атап айтқанда, Өскемен қаласының 30-ға жуық сауда нүктелерінен 61 лототерминал тәркіленген. Олардың ішінде жалпы сомасы 7,4 млн теңгенің болғаны анықталып отыр. «Қылмыстық іс келесі сызба бойынша іске асырылған: Қарағанды қаласының тұрғыны терминалдармен жұмыс атқаратын кадрларды жалдап, оларға ай сайын ақшаларын төлеп отырған. Ол жалдаған «мамандар» терминал қойылатын орындар үшін сауда нүктелерінің иелерімен келісіп, құрылғының ақшалай инкассациясын жүзеге асырған. Ойын бизнесінен түскен сома банк картасының шотына аударылып отырған», - дейді ШҚО МКД ЭТҚ аға тергеушісі Лейла Ысқақова. Қылмыстық топ 2016 жылдың қарашасы мен 2017 жылдың наурызы аралығында лотореялық ұтыс ойыны ретінде құрылғыларды Өскемен қаласындағы мейрамханалар мен сауда орталықтарына, дүкендеріне қойып, осы аралықта 21 млн теңге пайда тапқан. Өскемен қаласының сотының үкімімен қылмыстық топ мүшелері 3,5 жыл мерзімге шартты түрде сотталды. Бұған қоса ойын бизнесі бойынша Өскемен мен Семей қалаларында тағы екі жағдай тіркеліп, оған сот үкімі де шығып қойған. Қос қаладағы сотталушылардың бір жылға шартты түрде бас бостандықтары шектелген. Сонымен қатар, оларға ірі көлемде айыппұл салынған. Лейла Ысқақованың айтуынша, сауда немесе дүкен нүктелерін жалға берушілер де назардан тыс қалмаған. Мұндай қылмысқа жол берген адамдар ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша жауапқа тартылады. Кінәлары дәлелденсе оларға 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін.