Жаңалықтар

Тоқаев Сенат төрағалығына қайта сайланды

ашық дереккөзі

Тоқаев Сенат төрағалығына қайта сайланды

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы қызметіне Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қайта сайланды деп жазады ҚазАқпарат. Бүгін Сенаттың жалпы отырысына ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков қатысып, сенаторлар алдында Елбасының ҚР Парламенті Сенатаның төрағасын сайлау туралы хатын оқып берді. «Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы1-тармағына сәйкес, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ҚР Парламеті Сенатының төрағасы қызметіне сайлауды ұсынамын», - делінген хатта. «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маған тағы да сенім артқаны мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп білемін. Қазақстан Тәуелсіздік алған кезден бастап мен Елбасының сеніміне ие болып, оның тапсырмаларын орындап келе жатырмын. Біздің Президентімізді әлем жұртшылығы ғаламдық деңгейдегі саясаткер, ұлы реформатор ретінде құрметтейді, шын мәніндегі тарихи тұлға деп біледі. Елбасының көреген басшылығымен еліміз биік белестерді бағындырып, әлемдегі танымал әрі абыройлы елдердің қатарына қосылды. Мемлекет басшысының салиқалы, көреген саясатын іске асыру мен үшін әрқашан жауапты және зор мәртебелі міндет. Президенттің сенімін ақтауға бар күш-жігерімді жұмсайтын боламын», - деді өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев. Атап айтқанда, Президенттің ұсынуы бойынша депутаттар жасырын дауыс беру арқылы Қ.Тоқаевты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы етіп сайлады. Қасым-Жомарт Кемелұлы 1953 жылы 17 мамырда туған. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын, Пекин лингвистикалық институтын (КХР), Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген. Саяси ғылымдарының докторы. Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті докторы және профессоры. Женева дипломатия және халықаралық қатынастар институтының құрметті докторы. Бүкіләлемдік Жаратылыстану және гуманитарлық академиясының толық мүшесі. Дипломатиялық дәрежесі - Төтенше және Өкілетті Елші. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Мемлекеттік хатшы, Сыртқы істер министрі. Үшінші, төртінші сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздандыру конференциясының Бас хатшысының қызметінен 2013 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаттығына тағайындалып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы болып сайланды.