Несіпбек Дәутайұлы: Жалғыздықтың құдіреті — ойы мен қиялында
Несіпбек Дәутайұлы: Жалғыздықтың құдіреті — ойы мен қиялында
Ол тосын адам. Қазаққа мүлдем бөтен бейне. Сырт қарағанда солай... Жазушылар одағында аса бір маңызды жиын өтіп, жұрт тараған тұста әсем ғимараттың алдында кең етек ковбой қалпақты көзіне түсіріңкіреп киген ұзын бойлы, ашаң, сұстылау жүзіне күлкі үйіріле қоймайтын тосын кісі талайдың назарын аударғаны күмәнсіз. «Күлмейтіні қалай, – деп ойлар еді кейбіреулер осындайда. – Арқа-жарқа боп, бір-бірімен қайшыласа құшақтасып, қауқылдасып жүрген қаламгерлерге өкпесі қара қазандай кісі ме? Әлде жалғыздыққа берілген кісікиік пе?».
Әрине, бізде ойлау еркіндігіне жол ашық. Не ойласаң да өзің біл! Ал ол кісімен сөйлессең... терең біліміне, арғы-бергі әлем жазушыларының жазғандарын жіліктеп шағатын біліктілігіне, қаймана қазаққа жүрегін жұлып берердей ақи мәрттігіне еріксіз бас иесің.
Ол – Алматыдан алыста тірлік кешсе де, алып шаһарда іштей талықсып жүргендердің талайының қолтығынан демеуші, қамқоршысына айналған Несағаң. Ол – көрнекті қазақ қаламгері, дарынды жазушы Несіпбек Дәутайұлы!
Редакциядан
– Несаға, бұл сізбен алғаш рет сұхбаттасуым. Тәжірибемнің аздығы аңғарылып қалмай ма деп алаңдап отырғаным да, көкейдегіні бүкпей сөйлейтін тік мінезіңізден жүрексіне келгенім де шындық. Тілшілік қызметіңіздің алғашқы жылдары осындай күй сіздің де бастан өткен болар... – Алғашқы кезде... Қалқам-ау, сендегі көңіл-күй біздің де бастан өткен. Десе де, «өзекті жанға бір өлім» дейтін тәуекел алған беттен қайтара ма?! Біз алты жасынан асау үйретіп өскендерміз. Әдепкіде тулаған асаудың үстінен қалай ұшып түскенімізді білмей қалатынбыз. Оңбай құлау оңай ма. Басыңмен түскенде, шыр айналған дүниемен бірге шыбын жаның да бірге шығып бара жатқандай болатын. Шалдар қоймайды: «Әй, күшік, қане, мін қайта, – дейді төрт өрім қамшысын төбеңде ойнатып. – Кеудесінде жаны мен намысы бар қазақтың асаудан өлгенін көрген жоқпыз. Қане!». Мінесің. Жығыласың. Мінесің, тағы жығыласың. Бірақ, жетесің дегеніңе. Үйретесің асауды. Үйретуге өзің де үйренесің. Ниет болсын де. Талап болсын де. Қайтпас мінез қалыптасады. – Жазу жаныңыздың жалауына айналатынын қай кезде сездіңіз? – «Жас кезімнен-ақ» деп жанымды жеп қайтем. Бәрі беріректе. Ешкімге ұқсамай жазуға мүмкіндігім бар екенін сәл-пәл аңғарғанда. «Көгілдір көйлекті келіншекті» жазып жүргенім, сол. Эротикалық-тентектеу сипаты бар, негізі жабық тақырыптың жабуын (Айгүл Кемелбаеваның сөзі) көтерген көріністер көркемдік қалыпқа түскенде жазу мәнеріндегі жанымды жалаулатқан қолтаңбам қылт-қылт еткен. Бұл өзі қалай болар екен, жұрт қалай қабылдайды деп, жалтақтаған жоқпын. «Таңшолпанға» жіберіп едім, қайсыбір күні телефонға Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз шақырып тұр. Ешуақытта бетпе-бет келіп, қол беріп, жүздеспеген адамым. «Әй, айналайын, – деді. – Сенің мынау «Көгілдір көйлекті келіншегің» менің алдымда жатыр. Кірпіш қалағандай мінсіз екен. Дегенмен, алдыңғы үш бетін қайта қарашы». Қарадым. Бәрі дұрыс сияқты. Ақау қай жерінде, білсем қане. Содан қанша жыл өтті, әлгі әңгімені парақтап отырғанда... Таңғалғаным, Әбең алдыңғы үш бетінің әр жерінде тұтас сөйлемнің арасындағы аз-кем сөзді түзеткен екен. Реті келгенде айтып отырмын мұны. Иә, «Көгілдір көйлекті келіншек» осы күні жастар жағы жабыла оқып жүрген, көркем ізденісімдегі жаңа өріске жетелеген шығармам. – «Суреткері аз қоғамның рухани тоқыраудан шығуы неғайбіл» дейсіз. Қазір өз заманының суреткерін іздейтін оқырман бар ма өзі? – Мүлде жоқ деу болмас, сірә. Аз екені ақиқат. Бұл өзі көп факторлы мәселе. Менің ойымша, біріншіден, суреткерлеріміз санаулы, екіншіден, оқырмандарымыздың үлкен бөлігі әлемдік әдебиеттің қилы-қилы элементтеріне психологиялық, философиялық, көркемдік қабаттарын қазып оқып-түсінуге, өмір шындығын мистикалық, магиялық реализм тәсілдерімен тақымдап, тарқататын шығармаларға дайын емесі рас. Қоғамды рухани тоқыраудан сақтау, көп жағдайда, суреткерлерді былай қойғанда, ұлттың жандүниесінің жаппай көркемденуіне байланысты ма деп те ойлайсың. Яғни, әдебиетке бала кезден бетбұрыс. Мысалы, осы биыл АҚШ-тың Флорида штатында мектеп оқушыларына әдеттегідей үй тапсырмасының орнына әдебиетті оқыту туралы заң қабылдады. Осы жерде Ф.Достоевскийдің бәріміз білетін «Адамдар әбден азғындағанда әдебиетке бет бұрады» деген сөзі еске түседі. Ойланатын шаруа. – Жазушылардан жақсы шығарма сұрасаң, мемлекеттен қолдау жоғын алға тартады. Мемлекет төсіне медалін тағып, астына көлігін мінгізіп берсе, қаламы жүйтки жөнелетін болғаны ма сонда? – Жазушының жазушылығын міндет етуін түсіне бермеймін. Жазу – өмірімнің мәні. Онсыз, өзгені қойғанда, өзің үшін де «шіріген жұмыртқасың». Ал мемлекет қолдасын дейін. Үлде мен бүлдеге орасын. Жаза аласың ба шедеврді?! «Менің көп оқылып жүрген осындай жақсы шығармаларым бар, мемлекет соны көрмейді, елемейді, бағаламайды» деп сендіре алатын нақты дәлеліңді көрсетіп жатсаң жөн. Бермей жатып сұрасаң, ол жай әлсіздігіңді жаба тоқу, ақталу. Қаламақыны айтсаң, оны алса талантты шығармалар алсын. Әдебиеттегі, бізде орын алып келе жатқан жағымсыз жай, теңгермешілік те әдебиеттің түбіне жетеді – «Аударылмаған әдебиет – артта қалған әдебиет» деген сөзіңізді түртіп алып едім. Біздегі аударманың бүгінгі аяқ алысымен озық әдебиеттердің қатарынан көрінеміз деу бос әурешілік емес пе? – Шетелдерге биыл 100 көркем кітапты аудару жөніндегі Үкімет бағдарламасы – Президенттің рухани жаңғыру идеясы арқылы қазақ әдебиетінің басына орнайын деп тұрған бақ. Хош, сонда қай авторлардың шығармаларын аударту керек? Осы ретте айтып қалайық: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Алқымнан алып тұрған азаматтық бар. Міңгір-міңгірлердің атасының аузынан ұрайын дейтін мірдің оғындай өткірдің жүзі тұр, аузыңа сыймай. Сондағы айтпағың, әруақтарыңнан айналайын, асып туған хандарымыз, билеріміз, батырларымыз туралы жазылған құлаш-құлаш кітаптар шетелдіктерді қызықтыра қояр ма екен. Өздерінің тарихи тағдырларда рыцарлық, самурайлық және сондай-сондай адамзат әлеміне ежелгі елдің, сұрапыл ерліктің ғажайып үлгілерін сыйлаған және таңғалдырған көркем әдебиетінде де, көркем өнерінде де жер қозғалтып, көк тірегенін көрсетіп келе жатқан оларды таң қалдыра ала ма?! Ары қарай, шетелге Үкімет бағдарламасымен әуелі біз аударылуымыз керек десіп, Мемлекеттік сыйлық алғандардың көбісі-ақ аяқ-қолдарын ысқылап жүргендері тегі рас. Көпке топырақ шашуға болмайды. Бар бізде, осы топтың ішінде ортадан оза шапқандар. Кімдердің әрқилы жағдайлармен алғандары да белгілі. Бұлардың бір жағында жатқан жыланның астынан жұмыртқасын алатын пысықтар сөзсіз жүреді. Әлем оқырмандарына керегі, біздің пайымдауымызша, әлемдік әдебиеттің сұранымына лайық, әр ұлтқа, әр адамға тиесілі, бәрінің бірдей жан тебіренісін тудыратын, армандарын, мақсат-мұраттарын, азап-шерлерін ортақ алып қозғайтын, исі адам атаулыға не тән, соның барлығын бір уысқа сыйдырып әкете алатын, кез келген қоғамға, жер дүниедегі қол жеткен рухани құндылықтарды, өмір сабақтарын, өркениеттердің өмір дегенде, өліспей-беріспейтін өміршең өнегелерінің теңдей тиесілі екенін еске салып отыратын көркем шығармалар. Габриэль Маркесті алайықшы. Алақандай Колумбияның тумасы. Күллі әлемге әйгілі. Болатыны, ол «Жүз жылдық жалғыздығында» егер адамзат азғындауын тоқтатпаса, жалғыз сәтте топан судың астында мәңгіге қалатынын ескертті. Өздерің де оқыған шығарсыңдар, Стефан Цвейгтің «Бейтаныс әйелдің хаты» деген бар-жоғы 8-9 беттік әңгімесін. Осыны оқымаған оқырман жер бетінде жоқ та шығар. Әйел сүйіспеншілігінің қасіреті және ешкім күтпеген жерден шыға келген құдіреті. Сонда қалай? Жұмбақ. Сол жұмбақтың жауабы оқырманын әлі күнге ойландырып келеді. Мемлекеттік бағдарлама болған соң, мемлекеттік комиссия да құрылар, мүмкін құрылып та қойған шығар. Әңгіме, соның мүшесі кімдер болады?! Мемлекеттік бағдарламаның аты мен абыройын ойлайтын, әдебиеттанымы әлемдік әдебиеттің сұранымына сай, адалдығы мен азаматтығы бірдей біліктілер ме, о жағын уақыт көрсетер. Әйтеуір шетелдіктердің күлкісіне қалмайық. Көңілдерін қалдырып алмайық. Менікі – пікір, ұсыныс, тілеу. Ойлаймын ғой, шіркін, М.Әуезовтің «Қаралы сұлу», «Қорғансыздың күні», Әбіш ағаның «Шыңырауы», Төлен Әбдіктің «Оң қолы», Тынымбайдың жазғандары тектес шығармалар аударылса деп. – Заман өзгерді – сана өзгерді: қабылдау басқа, түйсіну бөлек. Демек жазу да жаңғыруы керек. Бірақ жазушылар мұны елегісі келмейтін секілді. Қаламды ескі сүрлеумен сүйретіп үйренген қаламгерлер жаңа соқпақ іздеуге еріне ме, әлде жаңалық атаулыдан үрке ме? – Заман өзгергенмен, сана... Бұл өзі... «Әй, қайдам» дейтін әңгіме. Оқырманның санасы өзгеруі үшін, жазушы қауымы одан оқ бойы озық тұрсын де. Қай кезде де уақыттың көксегені сол болды. Қайтесің, алдымыздағы ағалардың көбі, енді біз, оқырманның жуан ортасында жүріп алдық. Бұл рас. Өтірік дегендердің өздері білер. Ал жаңа заманның жаңа соқпағы, жаңалығы дегеннен ешкім қашпайды. Бірақ ондай қабілетті Жаратушы бермесе қайтеді. Өзің айтпақшы, ескі сүрлеумен сүйретіле береді. Жыл сайын кітаптарын шығарып жатады. Оларының санын 20-30-ға дейін жеткізіп тастағандары да бар деседі. Не деген еңбекқорлық! Амал не, еңбекқорлық пен талантты қатар қою көргенсіздік. Соңғысынан алдыңғысы садаға кетсін, әрине. Оған қарайтын әзірге ешқайсысы жоқ, керісінше үдеп барады. Журналист те – жазушы, филолог та – жазушы, ардагерлер де – жазушы... – Руханиятымыздың тағылымды тарихына үңілсек, әр кезеңнің әдебиетіне белгі-бедеріне сай атау берілген. Бүгінгі әдебиетке қандай айдар тағуға болады? – Сұрағыңның астарын түсіндік. Егер қазақ әдебиетінің алтын ғасыры қайсы десек, өзім әркез айтып жүргенімдей, ол ауыз әдебиетіне тиесілі. Бұқар жырау, Ақтамберді, Сүйінбай, Марқасқа, Үмбетей, Шөже, Шернияз, Шортанбай, Мұрат, Махамбет және басқа да салған жерден самғап шығатын саңлақтар. Өз замандарының ақиқатын аяусыз айтып, аузы алты қарыс алпауыттарды албастыдай басып, халықтың қамын жеген, елдік пен ерлікті жырлаған, орақ ауыз оғландар. Ханнан қаймықпаған, байды басындырмаған. Ал енді, әдебиетімізде көркемдік бетбұрыс, көркемдік үрдіс, кемелдену кезеңі дейтін реттер бар деп ойлаймын. Кеңес Одағы кезіндегі әдебиетті алтын ғасыр дегенге, анау айтты, мынау айтты дегенге қосыла алмаймын. Орыстар әдебиетінің Алтын ғасырына Л.Толстой, Ф.Достоевский, А.Пушкинді ғана қосады. Тіпті, күллі әлем прозасын бас алмай оқитын, пьесалары қойылымы жағынан биыл Шекспирді артқа қалдырған А.Чеховты күміс ғасырға жатқызады. Талғам, танымның таңдай қақтырар тұсы да осы болар. Ал сен, өз әдебиетіміздің қазіргі айдарын сұрайсың. Қазіргі әдебиетіміздің айдары, ішінде мына өзім де жүрген, кешегілер қызыл идеология жапқан шапанның екі жеңін жаңа-жаңа шешіп үлгеріп жатқан осы заманның «Көркем көңілі». – Сөреңізде қайталап оқудан жалықпайтын кітаптардың қатары қалың ба? – Ол біраз ғой. – Өз шығармаларыңызға жиі үңілесіз бе? Жазғандарыңызды жылдар өткен соң парақтап отырып, оқырманнан ұялған сәттер болды ма? – Оқта-текте. Өйткені оқып алып, оқырмандарымнан ұялып отырғым келмейді. Әсіресе, әуелде жазғандарым... Әй, осы дұрыс-ау дегендерінің өзінен өкініштерім өріп шыға келеді. Қалай жіберіп алғанмын деп өзімді- өзім талап тастаймын. «Мүлде қойсам қайтеді» деген де кездер көп. Бірақ жандүниеңе судай сіңіп, тастай батып алған жазу дерті иектейді де тұрады. Алма-кезек қоршаған ортаның азап-шерге салатын біртүрлі құбылыстарына жұлдызы қарсы ойынды еті он бөлек ойлар да келеді. Жазуға бата алмаймын. Шамам жетпейтін сияқты. «Ит те жілікті артына қарап жұтады» деген жұрттың сөзі және сүйектен өтеді. Әрі-сәрі ит тірлік, кейде осы жазушылық. – Көптен оңашалау жүретін бүгінгі қаламгерлер сіздің «Жазушының жалғыз досы – жалғыздық» деген сөзіңізді қалқан көреді... Ортадан оқшауланбайынша оқырманның жақынына айналам деу бекер ме сонда? – «Жазушының жалғыз досы – жалғыздық»... Осы сөзім ылғи алдымды орай береді. Өзіме тиесілі шыным еді. Таңдаған тағдырым болатын. Талай-талай қалтаң-селтеңдіктен сақтап қалған сабырым. Өзімді өзіме танытқан ақылшым. «Ертеңде шапса, төсте озған» ерік-жігерім. Оның қадіріне білгендер ғана жетеді. Жалғыздықтың құдіреті – ойы мен қиялында. Ол өзінің ой-қиялымен өмір мен өлімнің арасында өтетін адамның қамшының сабындай қысқа ғұмыры көп жағдайда беймәлім әлемінің түкпір-түкпіріне қарай, бары мен жоғын түгендеп көруді көксеп бара жатады. Одан не шығып, не қойып жүр, түсін түстеп, атын атап бере алмаймын. Сірә, «қырып-жойып» бара жатқаным шамалы. Мейлі, қалай болған күнде, өзіме адалмын. – Театрға барсаң да, киногерлер мен қаламгерлермен тілдессең де еститініміз бір: «сын жоқ». Шығармам сыналды деп жүргендерді расында да кезіктіре бермейсің. Мақтамен бауыздайтын баяғының сыншылары келмеске кеткен секілді. Көңілжықпастық көбейді ме, әлде туындыны талдап-таразылауға өресі жететіндер азайды ма? – Осымның дұрыс-бұрыстығын қайдам, жазушының сыншысы – әуелі өзі. Сын бөтеннің ойы, бөтеннің танымы. Онымен келісу-келіспеу сенің шаруаң. «Өз ақылым ақыл-ақ, кісі ақылы шоқырақ» деген ойға түседі. Кімнің де ең басты сыншысы – оқырманы. Шығармаң оқылып жатса, оның оқырманға ұнағаны. Тамырын тап басқаның. Талғамына сай келгенің. Баяғының сыншыларының мақтамен бауыздағандары, көп жағдайда идеологияның жарапазаны еді. Орыс сыншылары В.Белинский, Писарев, берідегі Ф.Кузнецов, тағы тағыларының цитаттарына сүйенген қызыл сөз болатын. Сенің баяғыда мақтамен бауыздайтын сыншыларыңыз шынында да білгірлер болса, қазақ әдебиетін әлемдік әдебиеттің концептуалдық жетістігіне қарай бағыттап көзін ашып, көкірегін оятып бермейтін бе еді. Көпке топырақ шашпаймын, жалпы алғанда шындық осындай. Өрені айтасың. Осы бастан басын ашып алатын орынды сөз, оларға жаңа сипаттағы, өрісі өзгеше әрі тосын шығармаларды танып-талдау оңай болмай қалған сыңайлы. Жұмбағы мен құпиясына құрық бойламайтын шығармаларды жіліктей шағып, жібектей есіп бере алатын сыншының ілуде біреу екені өкініш. Сын да жеке жанр. Қисынын тауып, қиюын келтіріп, қылпып тұратын өткір өнер. Сыншылардың осындай жаңа тұрпаттағы тұлғалары өсіп шығар деп үміт етеміз. – Бүгін жастардың әдебиет деп жастанып оқып жүргені – күйеудің тілін табуды үйретем деген әйелдердің, кәсіпте табысқа жетудің жолын көрсеткісі келетін еркектердің «ақыл» топтамасы. Мұндай «шедеврлардың» әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын өскелең ұрпаққа ұқтыру үшін қайтпек керек? – Орекеңдерде «Каждый по своему с ума сходит» деген сөз бар. Бұл құбылыс әр кезде-ақ болған. Мәселе түптеп келгенде әркімнің туысына байланысты. Ата-бабаның: «Бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең, ала бер» дегені еске түседі. Дәл қазір қалай көкимін десе де өзі білетін көрінген көлденең көк аттылар кітап жазып, оны жандары қалмай жарнамалап, таратып жатқан, желдір-жекемдер соның жетегінде кеткен алмағайып заманда олардың бетін шынайы әдебиетке бұру оңай шаруа емес. Десек те жастарымызды түгелдей қаралауға болмайды. 2015 жылы «Қазақ әдебиетінің» 85 жылдығына байланысты ҚазҰУ-дың ғимаратында үлкен жиын өтті. Фойеде келе жатырмын. Кенет мені 10-15 қыз бала дереу қоршап алып, сұрақты жаудырды келіп. «Постмодернизм, магия, мистика, сюрреализм» дегенді түсіндіріп беріңізші десіп. Сол кезде журналистика мен филология факультеттерінің декандары жетіп келіп: «Ағаларыңды ұстамаңдар, жиын басталғалы жатыр. Керек десеңдер, арнайы шақырып, кездесу өткізейік» деді. Артынан естісем, аталған екі факультетте әдебиет теориясы бойынша өтетін лекцияда менің де бірді-екілі шығармам жайлы дәріс оқылады екен. Мен жастарымыздың әдебиетке деген құштарлығына марқайып қалдым. Демек, үмітімізді үзбейік. – Қазақтың біртуар ұлы, еліміздің халық жазушысы Шерхан Мұртазаны рухани дос, аға тұтып, үнемі жанынан табыласыз. Сіздің де ағалық ақылыңыз бен рухани қолдауыңызға сүйеніп жүргендер көп болар. Өкшеңізді басқан інілердің ізетіне көңіліңіз тола ма? – Ағаға ізет... Иіліп, бүгілу емес ол. Атадан қалған аманат. Арыстан туған Шерағамның қадіріне жетсем, парызым. Қай кезде де бір-бірімізге айтсақ, адалын айттық. Тіпті, кейде бетің бар, жүзің бар демейтін кездеріміз де бар еді. Бірде: «Шераға, осы «Бір кем дүние» кітабыңыз нелеу ме, қалай?» деп қалдым. «Сонда неғылдейсің? – деді бүкіл денесімен бері бұрылып. – Айтшы, қане». «Бір таң дүниені» жазғаныңызда болатын еді». «Өзің жаз». «Шераға-ау, ол менің қолымнан келмейді ғой». «Менің қолымнан келеді деп кім айтты саған?..». Қосыла күліп жібергенбіз. Мен сұрағыма, ол жауабына разы ма, немене. Жазушы Марал Сқақбаев ағамыз: «Шерханмен талай жолы дастарқандас болғанбыз, түнереді де отырады, сені көрсе, жайылып салып, жайнап кетеді, о қалай?» – деп сұраған-ды. Себебі екеуміздің ой-жүйемізде, мінезімізде жақындық, бауырмалдық болу керек. Басқа не?! Жасы сексеннен асқанда, қайсыбір күні қатты ауырып, ауруханаға түсіп қалды. Жанымда екі азамат бар, бардым. Сұп-сұр болып, сұлық жатыр екен. Қорқып қалдық. «Мұртаза мұрттай ұшыпты, сірә, саудасы бітер деп тұрсыңдар ма? – Ол кісі әлсіз сөйледі. – Өйтпеңдер, әзір». Жанында біраз отырғанда, ағам маған қайта-қайта қарап: «Сен аман бол, сен аман бол, сен аман бол» деп үш рет қайталады. Неге бұлай еткенін кім білсін?! Бәлкім, деп ойлаймын, ұзақ жылдарғы інілік адал ілтипатыма разы көңілі ме... Ағалық ақылым мен рухани қолдауыма сүйеніп жүргендер, Құдайға шүкір, Қазақстанның кез-келген қиырынан табылып жатады. Көбісін көзбе-көз көрген де емеспін. Телефон шалады, әдебиет пен азаматтық қана емес, қоғамның қозғаушы күші – ақыл-сана, парасат жайында әңгіме-дүкен құрамыз. Кейде, Алматыдан топ құрап келетін жас әдебиетшілер бір төбе. Тараз қаласындағы талантты інілерім қазақша айтқанда, «құдайындай сыйлап» жүреді. Солардың жұмысқа орналасып кетулеріне де бел шешіп, кірісіп отырамын. Жалпы, талантты қыз-жігіттермен кеңінен кеңес құрып отырғанда, олардың соны ойларымен өзіңді де тәрбиелеп отырсың. – Не жазып жүрсіз? – Жазушы өзіне-өзі үзіліс беріп отыруы тиіс қой. Баста жазылып жүретіннің барлығын бұрқыратып қағазға түсіре беретіндей желбір-жекен емеспін. Нені, неге, қалай жазу жан қинайды. Ақылың жеткен жерге талантың, талантың жеткен жерге ақылың жетпейтін жағдайлар бар. Сондықтан қалқам, қазір жазып жүргенім жоқ, жанымды жеп жүрмін. – Жаға ұстатудан жалықпайтын «тосынсыйы» көп қоғамда күйінетіңіз не, сүйсінетініңіз не? – Ұлттық Ес деген ұғым бар. Егер ол қазақтың рухани Алтын қазығына айналмаса, қоғамда күйінішің көбейе береді. Сүйінетінің соны қоғам түсініп, Есті түзетудің пәрменді әрекеттерін жасап жатыр. Осы бағыттағы Президентіміздің Рухани Жаңғыру концепциясы тарихи тағдырымыздағы Жанұран! – Уайымыңыз көп пе? – Уайымсыздық ұлттың соры. Уайым жазушыда қырық қабат. Әр қабатында аңыраған азап-шер. Қоғамның да, адамның да қайғы-қасіретін қаз қалпына айта алатын – қоғамның да, адамның да қайғы-қасіретіне қан жұтып, қабырғасы қайысатын азабы бар, шері барлардың қасиеті. Ақиқаттың айбалтасы қап түбінде жатпайды. – Несаға, жетпіске дейін жетсем деп көксегеннің бәріне қол жеткізе алдыңыз ба? – Олай болса, пайғамбарға айналып кетпес пе едім. Төбеге шықтым, төбеден тауға жеттім, таудан оның ұшар басына бет бұрдым дейтіндей, бітіре қойған бәлендей түгім жоқ. Әйтеуір, барға қанағат, жоққа салауат. Осыны мойындап, айта алғаныма да, шүкір! – Өтінішімді жерге тастамай, қат-қабат тіршіліктің арасынан әңгімелесуге уақыт тапқаныңызға рахмет! Аман болыңыз, аға! – Бар бол, айналайын!Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА