Балабақшаны оңтайландыру: оң шешім бе, әлде...

Балабақшаны оңтайландыру: оң шешім бе, әлде...

Балабақшаны оңтайландыру:  оң шешім бе, әлде...
ашық дереккөзі
Елімізде жыл сайын сандаған балабақша салынып, пайдалануға берілсе де, орын жетіспеушілік мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Әсіресе, соңғы жылдары Алматы қаласында бала туу көрсеткішінің артып отырғанын ескерсек, балабақша кезегінің уақытылы келуі де мұңға айналған.  width= Жақында Алматы қаласы, Әуезов ауданына қарасты №29 балабақша ата-аналарының тарапынан шағым түсті. Олар балабақшадан жаңа 4 орыс тобының ашылуына наразы. Қала әкімі Б.Байбекке, Білім басқармасының басшысы Р.Шимашеваға, сондай-ақ, СЭС-ке жазылған арыздың қысқаша мазмұны мынадай. «Құрметті әкім, Алматы қаласында балабақшаға кезекте тұрған сәбилер көп екенін түсінеміз. Сол кезек санын қысқарту үшін жұмыс істеп тұрған балабақшалардағы бос орындарға топтар ашып, бала қабылдансын деп айтылғанын естідік. №29 балабақша 1972 жылы пайдалануға берілді. Сол кезде 12 топтың ұйықтайтын, тамақтанатын, сабақ оқып, ойнайтын бөлмесі бір жерде еді. 1994 жылы 8 топтық болып, арнайы ұйықтайтын бөлмесі бөлек болып, санитарлық нормаға сай етіп жасалды. Спорт залы да болды. Қазір 4 орыс тобын ашуға байланысты бүлдіршіндер бір жерде тамақтанып, ойнап, сабақ оқып, ұйықтайды. Балабақша санитарлық нормаларға сәйкес емес. Спорт залды да жауып тастаған. Біз оның қайта ашылуын талап етеміз...» делінсе, Білім басқармасына бағытталған арызда: «Әуезов ауданындағы №29 балабақшасына Гүлмира Сайлауханқызы келгелі 9 айдың ішінде бұрынғы тәрбиешілер мен мамандар қудаланып, орындарынан кетіп, орыс тілінде сабақ өткізетін тәрбиешілерді жұмысқа алуда. Тілі туған тілінде енді шығып, дамып келе жатқан сәбилерімізді орысшаландырып, шүлдірлетіп қойды. Балалар не орысша, не қазақша ойын нақты жеткізе алмайды. Ал қазір 4 орыс тобының ашылуына орай, балаларымыз бір бөлмеде тығылысып отыр» деп бірнеше ата-ананың қолы қойылған. Біз осы арызды жазған ата-ананың бірнешеуіне хабарласып, мәселенің анығына көз жеткізуге тырысып көрдік. Алайда кейбірі сұрағымызға жауап беруден бас тартса, енді бірі баласының екі күннің бірінде ауырып қалатынын жеткізді. «Себебі төсектері бір-біріне жақын орналасқан бөлмеде ойнайтын, сабақ оқитын, тамақтанатын балалар ауруды да тез жұқтырады. Енді жазылып барсақ сол жағдай бір аптадан соң қайталанады» дейді біз тілдескен ата-ананың бірі. Әлия Таңсықбаева, ата-ана: –  Бұл балабақшаға 4 жастағы балам барады. Өзім кішкентай сәбимен үйде отырғандықтан, көбінесе жұбайым апарады. Таңертең кезекші топқа апарып, кешке сол жерден алып кетеміз. Баламыз қыркүйек айы басталғалы бері әр топқа барып жүр. Содан ба екен, кейде «бармаймын» деп жылайды. Қазір 4 орыс тобын ашамыз деп дене шынықтырумен айналысатын бөлмені де алып қойды. WhatsApp топтағы бір ата-ана бір бөлмеде тамақ ішіп, ұйықтап жүрген балалардың суретін жіберді. Төсекте секіріп, жанында ойнап, тамақ ішіп жүр. Мұны басқа ата-аналармен бөлісіп едім, бәрі де өзім сияқты білмейді екен. Тіпті, кейбірі 4 орыс тобының ашылатындығынан да бейхабар. Сосын ата-аналар жиналыста қарсылық білдіріп, арыз жазатынын да ескертті. Біз, ата-аналар, арызды ақылдасып, кеңесіп жаздық. 20-ға жуық ата-ана қол қойды. Сол кезде меңгеруші «Бұл шешілген мәселе. Баратын жерлеріңе барыңдар!» – деді. Соған қарағанда ол кісіге орыс тобының ашылғаны ыңғайлы болып тұрған сияқты. Жаз бойы жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде ата-аналарға «орыс тобы ашылады» деп неге ескертпеді? «Балаларыңызға ыңғайсыз болса, басқа балабақша іздей беріңдер» деп бірауыз неге айтпайды? Біз неге мұны сырттан естуіміз керек? Жазира Жүзікбай, ата-ана: – 4 жастағы балам «Қуаныш» тобына барады. Балабақшадан 4 орыс тобын ашып, балалардың бөлмесін тарылтып жатыр. Қазір бәрі бір бөлмеде былығып жатыр десем болады. Ал меңгерушінің айтуынша, әкімдік тарапынан топ ашуға арнайы бұйрық берілген. Бірақ оны бізге көрсетпейді. Біз балалардың жатын орнын қайтарып алу үшін арыз жаздық. 30 бала бір жерде тамақ ішіп, сабақ оқып, ұйықтап, дәретке отырады. Бұл санитарлық нормаға сай ма? Егер осы былық жалғаса берсе, баламды шығарып алуыма тура келеді. Себебі ол бөлме желдетілмейді, балалар ауырса, бір-біріне тез жұғады. Меруерт Есенәлиева, музыка жетекшісі: – Қазір кезекті еңбек демалысындамын. Бұл меңгерушінің келгеніне бір жыл толған жоқ. Ол жарты жылда бәрін өз талабымен жүргізгісі келді. Өзім зейнет жасына кеп қалдым. Кейде адам құрлы санамайды. Біздің еңбегімізді жоққа шығарады. Ал жастар оның айтқанынан аса алмайды. Сол үшін талай рет сөзге де кеп қалдық. Ол балабақшаны алға шығаруға тырысып, берілген бағдарламаны артығымен орындағысы келеді. Бұл түсінікті де. Бірақ оған уақыт керек қой. Шамадан тыс талап қойғандықтан, қаншама тәрбиеші шыдай алмай кетіп қалды. Негізі кез келген балабақшада тәрбиешілер екі ауысыммен жұмыс істейді. Қазір көп топта бір тәрбиешіден ғана қалған. Олардың өзін «категорияңды жоғарылатып берем» деп ұстап отыр. 30 жыл еңбек өтілімде мұндай қиындық көрген жоқ едім. Осы демалыстың өзіне әбден шаршап шықтым. Тіпті, қазір жұмысқа шыққым да келмейді. Зейнет жасына таяп қалдым, бізді сыйлау керек қой. Ләззат Зауқымбекова, ата-ана: –  №29 балабақшаға немерем барады. Ал келінім  Венера Сәрсенбаева осында 3 жыл тәрбиеші болып жұмыс істеді. Қазіргі меңгеруші келгелі бері келінімнің көңіл-күйі түсіп, мазасы кетті. Кейде жұмысқа барғысы келмейтінін де білдіріп қоятын. Сөйтсем, басшылық тарапынан қысым жасалады екен. Демалыстан кейін өз еркімен жұмыстан шығып кетті. Ал немерем бір апта барады, бір апта ауырып қалады. 4 орыс тобы ашылса, ауру-сырқау ушыға түсетін шығар, кім білсін?!  Әрине, балаға орыс тілі де, ағылшын тілі де керек. Бірақ кішкентай балабақша үшін қосымша 4 орыс тобын ашса, не болатынын білмеймін? Несін сұрайсың, бұл балабақшада немерем де жоғалып кете жаздаған. Немеремді тәрбиеші биге апару керек болады. Ол далада әңгімеге айналып тұрғанда немерем балабақшадан шығып кетіп, биіне өзі барады. Тіпті «неге қарамайсыңдар?» деп дау көтерген де жоқпыз. Әйтеуір аман-есен табылғанына қуандық. Содан не керек, ақыры   келінім де «Мұнда жұмыс істемеймін» деп басын ала қашты. Ата-аналар мен балабақшаның кейбір қызметкерлерінің пікірінен соң, біз №29 балабақша меңгерушісі Гүлмира Сайлауханқызының да ойын білгенді жөн көрдік. Гүлмира Күдебаева, №29 балабақшаның меңгерушісі:

 width=Бұйрықты орындауға міндеттіміз

–  Гүлмира Сайлауханқызы, сіз келгелі балабақшада біраз өзгеріс жүріп жатқанға ұқсайды. 4 орыс тобының ашылуына байланысты ата-аналар тарапынан шағым түскенін естіген шығарсыз... –  Негізі жоба бойынша балабақша 12 топқа лайықталып салынған. Өзім былтыр желтоқсан айында келдім. Маған дейін 8 топ жұмыс істесе де, жарғыда 12 топтық деп тұр. Қазір қала әкімінің бұйрығы бойынша, балабақша топтарын оңтайландыру жұмысы қолға алынды. Балабақша жоба бойынша 195 балаға арналған. Қазір 175 бала келіп жүр. Енді 4 топқа 80 бала қабылдауға рұқсат берілді. Бәрі заңды түрде. Бұл топтарды өз еркіммен ашуға құқым жоқ қой. Кез келген балабақшадағы жағдай осы. Біздің балабақша қазақ және орыс тілінде. Жарғыда да солай жазылған. Оның үстіне сұраныс та орыс тобына түсіп отыр. Қазіргі балалардың жатын орны бұрын топ бөлмелері болған. Біз бар болғаны соны қалпына келтіріп отырмыз. Санитарлық талапқа қайшы емес. Егер сай болмаса, бізге бұл топтарды ашуға рұқсат бермейтін еді. Ал ата-аналардың арыз жазып, шу көтеріп жүргенін білемін. Әзірге балалар сығылысып жүр. Себебі жаңа топтар ашуға орай жиһаздар да ауысады. Бұдан былай бәрі бір бөлмеге жайғасатындықтан, төсектер де қос қабатты болады. 2 аптадан соң бәрі орнына келеді. Жаңа жиһаз әкеліп, орын да кеңейе түседі. Жоба бойынша балабақша 12 топқа арналып салынса, оны қалай өзгертеміз? Иә, ата-аналарды да түсінемін. Олардың уәжін Білім басқармасына жеткіздім. Бірақ «ашу керек» деп міндеттеді. Сенсеңіз, қазірдің өзінде кейбір ата-аналар «орыс тобы ашылса, бізді сонда жіберіңізші. Біз орыс мектебіне баратын едік» деп айтуда. Міне, соларды «орыс тобына ауысыңдар!» деп ешкім мәжбүрлеп жатқан жоқ.  Ал тәрбиешілерге қысым жасалады деген бос әңгіме. Кез келген топ тәрбиешісінен сұрап көріңіз, не дер екен? Әлия Сағиева, Алматы қалалық Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің басшысы:

 width= Балабақша кезегінде 60 мың бала тұр

– Әлия Жолдасбекқызы, бізге №29 балабақша ата-аналары тарапынан шағым түсті. Олар 4 орыс тобының ашылуына наразы. Бұл қандай жобаға негізделген? –  Қала әкімі Бауыржан Байбектің балабақшаларды оңтайландыруға байланысты бекіткен шаралар жоспары бар. Жалпы, Алматы қаласындағы Әуезов ауданында 45 балабақша бар. Оның 70 пайызы –  үлкен балабақшалар. Яғни, 12-14 топ сияды. Кезінде 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдар басында балабақшада бала саны аз болды. Себебі ол тұста ата-ана 2-5 жас аралығындағы балаларға төлемақыны толық төлеген соң, топтарда бала саны азайып кетті. Сол себептен үлкен балабақшалар топтарын жауып, кейбірі артық бөлмесін жалға беріп отырды. Тіпті, коммуналдық төлем төлеуге ақша болмай қалды. Биыл Әуезов ауданындағы он шақты балабақша бұрынғы жапқан тобын қайта ашып жатыр. Себебі Алматы қаласында балабақша кезегінде 60 мыңнан астам бала тұр. Біз оларды балабақшамен қамтамасыз етуіміз керек. Демек, 20 жыл бұрын жабылған топтар жоба бойынша ашылуда. Кезінде бала аз кезде спорт зал, өзін-өзі тану, қазақ тілі, психолог, музыка кабинеті жұмыс істеді. Бірақ қазір бала көп. Жыл сайын кезек шамадан тыс көбеюде. Статистикалық дерек бойынша, қала жыл сайын 13 мың балаға көбейіп отыр. Алматы қаласында ішкі миграция көп. №29 балабақшаға келсек, осы мәселе бойынша ата-аналар хабарласты. Балабақшаның жобалық қуаты 12 топты қамтамасыз ете алады. Иә, он шақты жыл бұрын 8 топ жұмыс істеді. Қазір балаларды балабақшамен қамту керек. –  Мейлі, 4 топ ашылсын дейік. Бірақ орыс топтарын ашуға қандай қажеттілік туды? Неге қазақ тобы емес? – Бұл мәселе мені де қызықтырған. Мұның бәрі сұранысқа байланысты. Орыс тобына барушылар саны көп болса, орыс тілінде, ал қазақ тобы керек десе, қазақ тобы ашылады. Бұл балабақшаның жарғысында тек қана қазақ тілінде тәрбие береді деген сөз жоқ. Себебі бұл аралас балабақша.  Егер таза қазақ тіліндегі балабақша болса, орыс тобын ашуға құқық берілмейді. Бұл тұрғыдан заңсыздық жоқ. Енді қараңыз, топтық орын 80 шаршы метр, тіпті жатын орны да 80 шаршы метр. Егер бөлменің аумағы осындай көлемде болса, санитарлық талап бойынша бір топқа төсекті де, партаны да орналастыруға болады. Мұны жайдан-жай ашып жатқан жоқпыз, СЭС-тің арнайы рұқсаты бар. – Негізі 30 баланың бір бөлмеде ұйықтап, тамақтанып, ойнауы санитарлық талапқа сай ма? Ата-аналардың «балалар жиі ауырады» деген уәжіне не дейсіз? – Бәрі де талапқа сай. Жатын орны бөлек топтарда балалар ауырмай ма екен?! Оған байланысты емес. Егер СЭС рұқсат берсе, әр балаға 2,5-3 шаршы метрден келіп тұр деген сөз. Біз бұйрық бердік, ал СЭС 4 топтың ашылуына рұқсат берді. – Алматыда жыл сайын жаңа балабақшалар салынып, пайдалануға берілуде. Алайда соған қарамастан бұрынғы балабақшалардан қосымша топтар ашылып жатса, әлі күнге орын жетіспеушілік мәселесі шешімін таппай отырғаны ғой.  – Әрине, ашылып жатыр. Бір ғана 2015 жылдың өзінде 15 мемлекеттік балабақша салынды. Бір жылда осыншама балабақша салу еліміздің тарихында болған емес. Бірақ жыл сайын мектепке дейінгі мекемелерге баратын балалар саны 13 мыңға көбейіп отыр. Ал біздің ашатынымыз – 6-7 мың орын ғана. Көрдіңіз бе, қаншама бала балабақша кезегіне ілінбей қалады. Әрине, ата-ана ретінде 80 шаршы метрде 25 баланың емін-еркін жүріп, бір бөлмеде ұйықтап, екінші бөлмеде тамақтанғаны маған да ұнайды. Сонда үлкен бөлмені бір-екі сағат ұйқыға ғана пайдаланып, қалған уақытта бос ұстаймыз ба? Жоба бойынша мұндай балабақшалар Әуезов ауданында толып жатыр. №174, №154 балабақшасы да осындай. Тіпті, шетелдің балабақшаларында да бөлек жатын орын болмайды. Қазір қаланың Алатау, Түрксіб, Наурызбай аудандарында 6 балабақша салынуда. Бұл қажеттілік. Жалпы, ақша әр балаға ғана бөлінеді. Ал үлкен бөлменің коммуналдық төлемі қанша болатынын есептей беріңіз. Әуезов ауданында №34 балабақшада екі топ, №57 балабақшада бір топ, №154 балабақшада қосымша топтар ашылуда. Ата-аналар «спортпен айналысатын бөлмемізді жауып тастады» деп шағымданса да, қалай ойлайсыз, дене шынықтыру бөлмесі болсын ба, әлде қосымша 30 баланы бақшамен қамтамасыз етейік пе? Сосын Алматының ауа райында үш мезгілде балалармен далада шұғылдануға болады.