Жаңалықтар

Алмандар тамсанған апорт

ашық дереккөзі

Алмандар тамсанған апорт

Жуырда Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық жеміс-жидек нарығының жай-күйі туралы деректерді жариялады. Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстанды қызыл алмамен қарық қылып отырған – поляктар. Дүкендерде самсап тұрған алманың 34 пайызы осы елден импортталады екен. Яғни жылына 300 мың тонна алма тұтынсақ, соның 100 мыңы – Польша өнімі. Егін егу, бау-бақша өсіруден көш ілгері тұрған мемлекеттен алма алып жеудің не айыбы бар деуіңіз мүмкін. Алайда апорттың отаны саналатын елдің өзгенің бағынан мыңдаған тонналап алма тасығанына қалай таңданбайсың? Алатаудың баурайындағы Алматы ең әуелі алмасымен атақты болғанын неге ұмыттық? Қырғыз тілінен аударғанда атауы «Алмалы мекен» деген мағынаны білдіретін Алматы қаласының аты жер-жаһанға 19 ғасырда-ақ мәшһүр болды. Алмасының арқасында берісі Ресей, арысы Еуропа жұртшылығына танылды. Дереккөзге сүйенсек, тек қана Алматыға тән алманың 131 тұқымы бар. Олардың арасында ерекше көзге түсіп, қаланың басты символына айналғаны – апорт. Оның қазақ жеріндегі тарихы 19 ғасырдың ортасынан, Жетісуға Ресейден қоныс аударушылар ағымы көбейген тұстан басталды. 1865 жылы Воронеж губерниясынан жер аударылған Егор Редько есімді шаруа Верный қаласына өзімен бірге күбіге салып апорттың көшеттерін ала келеді. Ол алма көшеттерін Кіші Алматы өзенінің жағасындағы Іле Алатауының тау етегіне отырғызады. Апортты Алматының жабайы алмаларымен ұрықтандырғанның нәтижесінде Жетісудың әйгілі жемісі дүниеге келді. Воронеж губерниясында көзге еленбеген апорттың Алатаудың баурайында түлеп сала бергені Редьконың өзін де таң-тамаша қылады. Жеміс дәмі мен иісі ғана емес, көлемі де таңдандырмай қоймады.  Көп ұзамай «Редьковтың алмасы» туралы әңгіме аймаққа тегіс тарады. Апорттың атағы Верный қаласының губернаторы Герасим Колпаковқа дейін жетіп, Егор Редько алманың жаңа сортын әкелгені үшін үлкен алтын медальмен марапатталды. Шындығында, апортқа жергілікті жердің аты бойынша – вернендік аты берілген болатын. Таңғажайып алманы шаруаның атымен атау бір түрлі болар еді. Бірақ өткен ғасырдың 60 жылдарына дейін «Редьковтың алмасы» деп бейресми атаумен аталып келді. Дәмі тіл үйіретін Алматының апорты аз уақыттың ішінде танымал болды. Жиырмасыншы ғасырдың басында Алматыдағы апорт алмасын өсіру шаруашылығы Ресейдің барлық аудандарына таралып, 1900 жылы Париж қаласында өткен Бүкіләлемдік көрмеге қойылды. 1908 жылы Германиядағы Мангейм жеміс-жидек көрмесінде Верный бақша училищесі үлкен қошеметке ие болды. Немістер Алматының апортына қол соқты. 1913 жылы Мәскеуде тарихтың төрiнен орын алған ұмытылмас оқиға болды. Патшалы Ресей тарихында ең соңғы үлкен той – Романовтар әулетiнiң таққа отыруының 300 жылдығы тойланды. Үш ғасырлық торқалы тойда қазақтардың төбесi көкке бiр елi жетпей қалды. Әлемдегi ең үлкен империяны ғасырлар бойы уысында ұстап келген Романовтар әулетi ол кезде барлық құрметке лайықты едi. Патша өткiзген ұлан-асыр тойда жан-жақтан Мәскеуге келген сый-сияпатта шек болмады. Алайда қазақ топырағынан барған тартудың орны бөлек болды. Ол кәдiмгi алма болатын. Алма болғанда қандай! Атты кiсi аттан түсiп, жаяу жатып қарайтын. Алматы апортының даңқы сол сәтте бүкiл әлемдi дүр сiлкiндiрiп өттi. Тойға қазақ жерiнен 30-дан астам адам барған болатын. – Бiздiң қазақтың үш жүзiнен барған ақсақалдар патша тойына Алматының апортын алып барған. Оның әрқайсысының салмағы 1 килограмм 200 грамм – 1 килограмм 300 граммнан шыққан едi. Тойға жиналған қауым сол жерде өлшеп көрiп, Алматының алмасына таңданысты. Небәрi 300 граммның айналасындағы өздерiнiң «Антоновка» сияқты алмаларын ғана көрiп жүрген жұрт риза болғаны соншалық: «Мұны бiздiң патшамыздың құрметiне «Александра» деп атайық» дейдi сол жерде. Сөйтiп  бiздiң Алматының апорты сол атқа ие болып шыға келдi. Негiзi, апорт алмалар Қырғызстанда да бар, бiздiң елiмiзде де бар, басқа жерде де болуы мүмкiн, бiрақ нағыз апорт, өзiнiң топырағын тапқан апорт – Алматының апорты, – деген едi белгілі ғалым-биолог Құнанбай Ысмағұлов. Өкінішке қарай, бүгінгі күні Жетісудың төл жемісі нарықта өте сирек кездеседі. Өйткені алма бақтар жекешелендіру кезінде қараусыз қалды, алма бақтарының орнына түрлі нысандар салынды. 1970 жылдарда санақ бойынша Қазақстанда 3851193 түп апорт ағашы болса, оның 80 пайызы Алматыда өсiрiлген екен. Бұдан кейiнгi санақтар көңiлге кiрбiң ұялатады. Мәселен, 1984 жылы Қазақстанда 1965795 түп апорт алма болып, Алматыда оның 1418988-i өсiрiлiптi. Ал бұдан соңғы мәлiметтер тiптi майдаланып кеткен. Апорт ағаштарының саны ғана емес, жемістің сапасы да құлдырады. Көлемі ұсақталып, түрі солғын тартып, тіл үйірер дәмі мен ғажайып исінен айырылды. Алматының символына айналған жемісті қайта жаңғырту мәселесінің күн тәртібінен түспей келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі. 2011 жылдың 12 мамырында қаланың және облыстың активімен алқалы жиын өткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік астанамызды дамытудың көптеген өзекті түйткілдерімен қатар Алматы апортын қайтадан тұғырына қондыру мәселесін де алға қойды. Мемлекет басшысы Жетісу жемісін жаңғырту мәселесін аталмыш жиында алғаш рет көтерген жоқ. Өзінің 1991 жылы жарық көрген  «Әділеттің ақ жолында» атты кітабында да апорт тағдырын еске алып: «Апорт – еліміздің мақтанышы, халқымызға табиғаттың берген керемет сыйы, Алматы мен Жетісудың символы, қазіргі заманның экспорттық тауары, бүгінгі таңның бренді  болуға тиіс», – деп жазған еді. Елбасының тапсырмасынан кейін сең қозғалып, түп тамырымен жойылуға айналған асылымыз қайта тірілді. 2011-2016 жылдары Алматы облысында 800 гектардай апорт бағы отырғызылды. Бұл қарқын биыл да жалғасын тапты. Алматы алмасының келешегіне бейжай қарамайтын кәсіпкерлердің арқасында көктемде Іле Алатауының баурайына алманың 3 мыңнан аса көшеті отырғызылды.  Инвестициялық жоба құны – 400 млн теңге. 17 гектар аумақты 49 жылға жалға алған кәсіпкерлер Алматының әлем таныған апортын нарыққа қайта шығаруға үмітті. Егілген жаңа көшеттер тек 9 жылдан кейін ғана жеміс бере бастайды. Ендігі міндет – бақ ішінде аянбай еңбек етіп, бейнетті істің нәсібін ыждаһаттылықпен күту. Қыбырласаң, тоғыз жыл дегенің тоғыз-ақ күндей болып өте шығады емес пе?!