Жаңалықтар

Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

ашық дереккөзі

Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

Нұротандықтар мемлекеттік бағдарламалар аясындағы құрылыс нысандарын тұрақты түрде бақылап отырады.«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан әлеуметтік инфрақұрылымдардың құрылысы жоспардан жаңылмай келеді. Апта басында Батыс Қазақстан облысы «Нұр Отан» партиясы Зеленов аудандық филиалында партияның «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, су және жылу желілерін салу, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» бағытына арналған комиссия отырысы өтті. Жиында аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Баубек Керешов Зеленов ауданындағы коммуналдық инфроқұрылымды жаңғырту, су және жылу желілерін салу, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту мәселесіне тоқталды. «Нұр Отан» партиясы Зеленов аудандық филиалының бірінші орынбасары Тілекбай Төлепқалиевтің төрағалығымен өткен кездесуге «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша комиссия мүшелері қатысып, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің 2017 жылғы 9 айының есебі тыңдалды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Зеленов ауданы бойынша Көшім ауылдық округінің сумен жабдықтау жүйелерін қайта құру аясында 2017 жылға  198 млн 374 мың теңге бөлінген. Жалпы ұзындығы 20,2 шақырымды құрайды. Нысан құрылысы 2017 жылғы 13 сәуірде басталды, ұзақтығы 8 айға жоспарланған, 2017 жылы қолданысқа беріледі. Қазіргі күнге 158 млн 26 мын теңге игерілді. Сонымен қатар, Зеленов ауданы бойынша Щапов ауылдық округінің сумен жабдықтау жүйелері де салынуда. 2017 жылға 111 млн 792 мың теңге бөлінген. Су беру желілерінің ұзындығы 18,6 километрді құрайды. Нысан құрылысы 2017 жылғы 8 маусымда басталды, 6 ай мерзім ішінде аяқталуы тиіс. Қазіргі күнге 93 млн 160 мың теңге игерілді, жұмыстар жалғасуда. «Аталған жобалар іске қосылғанда Көшім, Щапов ауыл округінің азаматтары таза ауыз суға қол жеткізетін болады» деді өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы филиалының бірінші орынбасары Тілекбай Төлепқалиев. Алматы облысында да мемлекеттік бағдарламалар бойынша құрылысы жүріп жатқан нысандар партиялықтардың жіті бақылауына алынған. Қарасай ауданына жұмыс сапарымен арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ләззат Тұрлашев аудандағы бірқатар құрылыс нысандарына арнайы барып қайтты. Жұмыс тобының құрамына  Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Сатубеков, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ықылас Амалбек және өзге де басқарма басшылары кірді. Көлащы, Исаев, Шалқар ауылдарында Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен 3 гектар жер аумағында 600 орындық мектептер салынуда. Көлащыдағы Жаңашамалған ауылдық округіндегі мектептің бас мердігері – «New Construction» ЖШС. Жобалаушы – «Капремонт» ЖШС. Нысан құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталып, ағымдағы жылдың 31 қазанында қолданысқа берілмек. – Исаев ауылының Елтай округінде өткен жылдың қазан айында басталған мектеп құрылысы да биылғы жылдың қазан айына дейін ұзартылды. Бас мердігер – «Аида Жоба» ЖШС. Қазіргі таңда мектеп құрылысының жұмысы 75 пайызға аяқталған.178 жұмыс күші мен 15 бірлік техника жұмыс жасауда, – дейді Нұржан Сатубеков. Аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ықылас Еркінұлы партиялықтар өз тарапынан «Нұрлы жол» нысандарын бақылауда ұстайтынын жеткізді. – Жыл басынан партиялық комиссия 40-қа жуық арнайы тексеру рейдтерін жүргізді. Комиссия мүшелері өз ескертулері мен жекелеген бағыттар бойынша ұсыныстарын да береді. Нәтижесінде ауданда 5 жоба толық аяқталып, қолданысқа 3 жоба берілді, – дейді ол. Шалқар ауылындағы 600 орындық мектепті салу «Concept business» ЖШС жүктелген. Жоба авторы «Нұр Шапағат» ЖШС. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың  маусым айынан басталып, биылғы жылы қазан айында толық аяқталмақшы. Мектеп алаңын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Қосымша құрылыс, ішкі және ғимарат сыртын жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Құрылыс басында 150 жұмысшы еңбек етуде. – Қаскелең қаласында «Дәулет Серпін 603» ЖШС күшімен облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен ағымдағы жылдың сәуір айында заманауи сауықтыру кешенінің құрылысы басталып кетті. Ол нысан аудандағы Орталық стадионның жанында орналаспақ. Қолданысқа берілуі уақыты – 2018 жылдың мамыр айы. Нысан ішінде шағын футбол алаңы, боксерлік, тренажерлік арнайы залдар, киім ілінетін бөлме, массаж кабинеттері бар, – дейді ауданның құрылыс бөлімінің бас маманы Ахмет Көмеков. Облыс әкімінің орынбасары Ләззат Тұрлашев құрылысқа жауапты мамандарға салынып жатқан үш мектептің құрылыс жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпей, келесі оқу тоқсанында балалар жаңа ғимаратта білім алуына күш салу керектігін айтты.