Жаңалықтар

Латынға көшу – «Рухани жаңғырудың» берік іргетасы

ашық дереккөзі

Латынға көшу – «Рухани жаңғырудың» берік іргетасы

Кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысын өткізді. Онда мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшу мәселесі және жаңа қазақ алфавитінің бірыңғай стандарттары сөз болды. Сөз басында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бүкілхалықтық қолдауға ие болған өте терең мағыналы және барлық саланы қамтитын аса ауқымды бағдарламалық құжат екенін атап өтті. Рухани жаңғырудың негізгі тетіктерінің бірі тілдің жаңғыруы. Яғни тілдің фонетикасы мен графикасының сәйкес келуінде үлкен мән бар. Сол себепті де Мұхтар Құл-Мұхаммед дәл осы жаңа қазақ алфавиті қоғамдық санаға тың серпін беріп, оның жаңғыруының негізі болатынына ерекше тоқталды. «Ұлт тағдырына қатысты кез келген мәселені он ойланып, жүз толғанып, өзіне ғана тән дархан даналықпен кемел шешім қабылдайтын Елбасымыз латын алфавитіне көшуге келгенде тағы да кемеңгерлік танытты. Бұл тек әліпби ауыстыру емес, бар қазақтың бойына ана сүті, әке тәрбиесімен даритын қазақ тілін заманаға сай жаңғыртудың кешенді жүйесін, дұрыс сөйлеу мен жазу мәдениетін қалыптастыру деп білемін. Ендеше латынға көшу Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғырудың» берік іргетасы деп білемін», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары латын әліпбиіне көшу арқылы ұлтымыздың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыратын үш мәселенің шешілетініне назар аударды. Біріншіден, ағылшын алфавитінің негізіндегі жаңа қаріп жүйесі жастарымыздың да, жасамыстарымыздың да ағылшын тілін меңгеруін жеңілдетеді әрі жеделдетеді. Екіншіден, ағылшын алфавиті мен тілін үйрену арқылы ғылым-білімнің осы тілде жасалған мол қазынасын еркін игеруге жол ашады. Үшіншіден, жер жүзіне тарыдай шашылған бар қазақтың басын қосады. Осыған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Латын алфавитіне көшу арқылы біз грамматикамызды жетілдіріп, тілімізді жаңғыртамыз», – деді. Сондай-ақ, кириллицада жасалған бар әдеби құндылықтың түгелдей компьютерлік нұсқаға көшірілетінін айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Латынға көшу арқылы рухани байлығымыз цифрлық технология тілінде одан әрі өркен жаяды. Осыны халыққа түсіндірудің көш басында зиялы қауым өкілдері болуға тиіс», – деді. Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының бұл отырысына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев, еліміздегі жетекші саяси партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, Мемлекеттік тілдің латын графикасына көшуі жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, лингвист-ғалымдар, тіл білімінің мамандары, тарихшылар, түркітанушылар және тағы басқа сарапшы мамандар қатысты. Отырыс барысында Демократиялық күштер коалициясының мүшелері Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия дайындаған, Парламенттік тыңдауда таныстырылған жаңа алфавиттің Бірыңғай стандарттар жобасын талқылады. Сондай-ақ, жаңа реформаны қолдап, барша азаматтарды талқылау, түсіндіру және жаңа қазақ әліпбиінің қабылдануы жолындағы жұмыстарға белсене қатысуға шақыратын Қазақстан халқына арналған Үндеуін жариялады.