Жаңалықтар

Димаштың жанкүйерлері әдеп кодексін қабылдады

ашық дереккөзі

Димаштың жанкүйерлері әдеп кодексін қабылдады

Димаш Құдайбергеновтың жанкүйерлері барлықтарына бірдей ортақ құжат қабылдады. Аталған құжатта жанкүйерлердің әншімен қарым-қатынаста ұстануы тиіс ережелер жазылған. Жаңалықпен алғашқылардың бірі болып Шолпан Табаева бөлісті.Бұл туралы Stan.kz хабарлайды. Бірнеше сағат бұрын Димаш Құдайбергеновтың жанкүйерлік топтары әншімен қарым-қатынастарына қатысты ортақ құжат қабылдады. Аталған құжатта жанкүйерлердің мінез-құлқына байланысты 10 ереже жазылған. Құжаттың мазмұны төмендегідей: Димаш – бүкіл халықтың, бүкіл әлемнің танымал сүйіктісі болғандықтан, жанкүйерлердің онымен бірге суретке түсіп, оған деген сүйіспеншілігі мен ризашылығын білдіргілері келетінін түсінуге болады. Бірақ біз көп болғанымызбен, Димаш теңі жоқ дара жұлдыз. Кейбір кезде жүздеген адам жиналған топтың жағымсыз қылықтарын бастан өткізу оңай емес, тіпті қауіпті де болуы мүмкін. Әр адамның жеке кеңістігін сыйлау керек. Сондықтан біз барлық жанкүйерлерді Димашты кездестірген кезде әдеп сақтау ережелерін қолдануын сұраймыз. 1. Арнайы қоршаудан асып түсіп, әншінің жүру жолына бөгет жасамау. 2. Әншінің жеке кеңістігін құрметтеп, оның шақыруынсыз ара-қашықтықты бұзбау. 3. Әншінің қалауынсыз құшақтап, қол созып, сүйіп, түрлі сыйлық заттарды беруге тырыспау. Өйткені көптеген тактильді байланыс түрлі қатерді тудырады. 4. Кездесулерге кішкентай бүлдіршіндерді ертпеу. Себебі, олар адам көп шоғырланған жерде жарақат алулары мүмкін. 5. Әншінің киімдерінің, жеке заттарының бөлігін кәдесый ретінде жыртып алмау. 6. Өзінің жеке шақыруынсыз “селфи” жасамау. Әншінің өзі жанкүйерлерімен бірге топтық фотосуреттер жасауға тырысады. 7. Көзіне зиян келтірмеу үшін телефондар мен фотоаппараттардың жарқылын қолданбау. 8. Әншінің аяқ астына гүл, түрлі кәмпит пен сыйлықтарды лақтырмау. 9. Егер кездесу күні сізге суық тиіп қалса, міндетті түрде маска кию. 10. Егер әншіге арналған гүлдер мен сыйлықтарыңыз болса, тасымалдауға қолайлы болатындай орап, көмекшілері немесе ұйымдастырушылары арқылы сыйға тарту.