Фирузаға Тараз төрінен пәтер кілті табысталды
Фирузаға Тараз төрінен пәтер кілті табысталды
Бүгін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев WIBA және WBU тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған Қазақстанның әйелдер арасындағы бірінші кәсіби боксшысы Фируза Шарипованы қабылдады. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі хабарлайды.
Аймақ басшысы боксшыны кезекті жеңісімен құттықтап, деніне саулық, кәсіби рингте жаңа жеңістерге жете беруіне тілектестік білдірді. «Сәттілік әркез серігіңіз болсын. Біз Сіздің жетістіктеріңізбен мақтанамыз», - деген Кәрім Көкірекбаев спортшыға Тараз қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.
Облыс басшысы өскелең ұрпақ арасында патриоттық рух қалыптастыру мақсатында тәрбиелік жұмыстар атқарып келе жатқан басқа да жетістікке жеткен жамбылдық спортшылардың, чемпиондар мен жаттықтырушылардың еңбегін атап өтті. Жамбыл облысында 20 мыңнан астам спортшы жаттығатын екі мыңнан астам спорт нысандары бар.
Фируза Шарипова аймақ басшысының жылы қабылдауына алғысын білдіріп, жанкүйерлерін жаңа жеңістерімен қуанта беретіндігіне сендірді. «Менің жеңісім - мені осы жекпе-жекке дайындаған барлық команда мүшелерінің еңбегінің жемісі. Алдағы уақытта қараша-желтоқсан айларында тағы да рингке шығуды жоспарлап отырмын», - деді спортшы.