Шығырдың түп атасы – Әлішынар

Шығырдың түп атасы – Әлішынар

Шығырдың түп атасы –  Әлішынар
ашық дереккөзі

Шығыр жалпы ертедегі шығыс елдеріне тән құрылысы күрделі ирригациялық қондырғы. Шығырды Ежелгі Египет пен Месопатамияда «сакия», Иран мен Үндістанда «чарх», Хорезм оазисінде «чикир» деп атаған. ХІХ ғасыр деректеріне сүйенсек, Хорезм оазисінде 20-45 мың шығыр болса, Сұлтан-увайс тауының оңтүстік қыратында Әмудария деңгейінен 60 метр биік жерге су көтеретін шығыр қолданған екен.

Қазақ жерінде шығырлар Сырдария, Нұра, Қаратал, Терісаққан, Кеңгір, Сарысу, Іле, Шу, Торғай өзендері, Ақкөл, Қорғалжың көлдері жағасында, осы су көздері арнасындағы арықтар басы бойынан су көтеру үшін кеңінен қолданылған. Әсіресе Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысы бойында егістік алқап пен бау-бақшаны суаруға шығыр техникасы кең қолданыста болған.

Шығыр құрылысына қарай үшке бөлінген: жел шығыр, су шығыры (дарияның иірімі, ағысы қатты тұсына орнатылған), көлік шығыры (түйе шығыр, ат шығыр, өгіз шығыр). Шығырлар жағасы биік арықтар бойына орнатылып, түйе, өгіз, ат көмегімен қозғалысқа келтіріліп, жегілген түлік түріне қарай «түйе шығыр», «өгіз шығыр», «ат шығыр» деген атау­лар қалыптасты. Арнасы жерден онша биік емес арықтар бойындағы егісті суару үшін атпа немесе қол-шығырларды қолданды. Атпа су көтеретін ағаш немесе темірден жасалған, жан-жағы бүгілген күрек басына ұқсайтын қондырғысы ұзын ағаш арқылы су астындағы тезге бекітіліп, арықтағы суды егістікке қарай көтеріп тұрды.

Ертедегі қазақтардың дүниетанымы бойынша шығырдың иесі Әлішынар атты мифтік бейне. Аңыз бойынша өте ерте заманда Әлішынар мың бір бөлік ағаштан су көтеретін құрал құрастырып, оны бір немесе екі өгіздің көмегімен іс-қозғалысқа келтірген. Сондықтан да ертеде диқаншылар егін егер алдында Әлішынардың рухына дұға бағыштап барып, қолдарына кетпендерін алған, жерге түрен салған.

Шығырдың шын атасы Әлішынар,

Шынарға сиынбаса шығыр сынар.

Әліге Шынар менен құп сиынсаң,

Қашан да Тәңірі оңғарып, ісің тынар, – деп егістікті өңдеп, дән сеуіп, одан арық тазалап, шығырды іске қосқан соң Әлішынар рухына арнап құрбандық шалған. «Егін ексең шығырыңды майла, мал өсірсең қонысыңды сайла» деп егін салуға құралдарын сайлап қана қоймай, арнайы рәсімдер жасаған.

Шынар Ата шығырдың иесі болуы шынар ағашымен байланысты болуы керек. Ертеде шығырды шынар ағашынан жасаған деген болжам бар. Қазақтардың ұғымында шынар қасиетті ағаш болып саналады, әрі шынар ағашы Орта Азияда кездесетін ағаш түрі. Ертеде шынар ағашын мешіттердің ұстынын, күмбездерін, үйдің бағандарын және оймыш ағаш есіктер жасауға пайдаланған.

Шығыр оқ, кіндік, жоғары тегершік, төменгі тегершік, кегей, қасынек, шелек, астау, ебей сияқты ағаш бөліктерден тұрады. Шығырдың оқ деп аталатын негізгі діңгегін жасау үшін жуандау келген бөренеден ұзындығы 6-7 метрге дейін жұмыр ағаш жонып алып, бір басынан төменгі тегіршек ұңғысына кіргізілетін, шет-шетін шауып төрт қырлы тіс жасайды, екінші басы үшкірлеп шауылып, әуіттің қарсы бетіндегі жуан бөрене кеспелтегіндегі ұяға асылып қойылады. Жалпы саны 10-12 болатын ұяға, ұзындығы 4-12 қарыс болатын төрт қырлы кегейлер кіргізіледі. Кегейдің ұшында болатын тесікке ұзындығы 2 қарыстай құлақша кигізіледі, құлақшалардың екі жақ басы шыбық бұрамалармен бекітіліп, ортадағы өзегі арқылы шыбықтар түйенің мо­йын терісінен тілінген таспамен берік байлап тасталады. Осылайша кегей бастарының өзара бекітілуі нәтижесінде шелектерді орнататын біртұтас шеңбер қасенек құрылады. Шығыр дөңгелектерінің келесі бөлікті айналдыру үшін бекітілген ұштардың, тетіктің аты – ебей.

Оқтың екінші басындағы төменгі тегершік жоғарғы тегершікпен тістері арқылы байланысып, жоғарғы тегершік ұңғысы кіндікке кіргізілген. Кіндік тік орнатылған, оның екі жақ басы үшкір, төменгі жағында тегершік астына бекітілген кеспелтек, жоғарғы жағында ұзындығы кісі бойындай шектеген тіреулер бар. Әрбір тіреу мәткенің ортасындағы ойық-ұяға сұғылған. Ұя іш жағынан мезгіл-мезгіл майланып тұрады. Шығырдың қасына «әуіт» қазады да, суды сыртқа шығару мақсатында діңгек пен әуіт ішіндегі шекелік ағаш бір-біріне байланыстырылып бекітіледі. Әуіт пен төменгі тегершік жер ошағының арасынан тереңдігі тізеден келетін арық қазылған.

Шығыр көмегімен толған арық суы одан әрі тікелей әуітке құйылып тұрған. Оқ осы арыққа жатқызылады да, үсті тақтаймен жабылып тасталады. Кіндіктің түп жағына байланған қалжуырға жегілген көлік (ат, түйе, өгіз, есек) жүре бастаса болды, жоғарғы тегершік төменгі тегершікті, төменгі тегершік оқты айналдыра бастайды. Қозғалысқа енген оқтың екінші басындағы қасынек жартылай әуітке сүңгіп, бірден 6-7 шелек суды тартып шығарып, су астауға құйылады, одан әрі егістікке кетеді. Тегершік кейде жоғарғы тоғын, төменгі тоғын деп те аталған. Ол көбінесе көн терімен қапталған. Ұзындығы 1 қарыстан астам тегершік тістері әдетте қайың сырғауылдан жасалған. Шығыр бөліктерін бір-біріне жымдастырып, мықтап байлау үшін солқылдақ көк шыбық өрімдері де пайдаланылған. Әуіттің ұзындығы 4,5-5, ені 2-2,5, тереңдігі 2,5-3 м.-дей болады. Диқандар оны өзен-көлмен енсіз тайыз арық арқылы жалғастырған.

Шығырдың қозғалысын, судың деңгейін егістіктің иесі, арық ақсақал қатаң бақылап отырған: су деңгейі тым жоғары болса, көлікке күш көп түседі. Әуіт қазып, шығыр орнатарда өзен-көл суының деңгейі ескеріліп отырған: ол көктемде жоғары болады да, әсіресе күзге қарай біртіндеп төмендей түседі. Осыған орай әуіт терендетіліп, су деңгейі көтерілетін болған, ол үшін кегейдің ұзындығы 4 қарыстан 12 қарысқа дейін жеткізілген. Бір шығырмен бір жазда 2,5-3 гектар жердің егіні 3-4 рет суарылған. Шығырды егістік науқаны басталғанда орнатып, қазан айында қайта жинап отырған.

Шығырдың су көтеретін ағаштан жасалған құмыраларын шелек деген. Шелекті бірнеше жыл арнайы кептірілген жұмыр ағаш діңінен үңгіп, ойып жасаған. Кейбір шеберлер ағашты екіге бөліп, ортасын үңгіп қайта қиюластырып, қолдан жасалған желіммен бір-біріне жапсырып қондыртқан немесе ағаштан қысқа дөңгелек шыбық тәрізді етіп дайындалған шеге жасап, шегеге арнайы ойық жасаған, алдын-ала ағаш шегені суға салған, әлгі шеге ісініп, орнына берік болып қатып қалған. Ағаш шелекке 2 литрдей су кеткен, шелек жасауға мықты жиде, тұт ағашы, емен діңгектерін қолданған. Ал қаңылтыр шелекті темірші ұсталар жасаған. Шелектер саны 40-тан 60-қа дейін жетіп, олар сәл қисайтыла, көлбеу орнатылған. Сондай-ақ шығырдың су құятын шелегінің теріден де жасалынатыны бар. Шығырдың қыштан жасалған шелегі «құмыра» деп аталып, оған 3 литр су кеткен. Шығыр жасау үшін емен ағашын қолданған, себебі, емен ағашы суда ісінбейді, шірімейді. Сыр өңірінде еменді Арқа өңірінен арбамен тасыған немесе түйеге артып алып келген.

Шығыр қондырғысының барлық түрін жергілікті ағашшылар жасаған, тек шығыр жасап, қондырып беруге маманданған адамдар шығыршы деп аталған. Жұмысына 15-20 күндей уақыт кеткен. Шығыр орнатарда мал сойып, құран оқытқан. Сыр бойында шығырдың құны қаржылай есептегенде 9-11 рубльден 30 рубльге дейін жеткен.

Қазақ жерінде шығырдың ең көп қолданысқа енген жері Сыр өңірі екені анық. Сырдария аңғарындағы егістік мәдени алқаптар өзеннен тартылған басты арықтар келіп құятын көл сулары арқылы суландырады. Сырдария суы мұз еріген кезден бастап шілде айының соңына дейін ғана көтеріңкі болып, арнасынан толып аққан. Сырдың төменгі алқабы өзен арнасынан биік, әрі құрғақ болғандықтан, бұл жерде шығыр кеңінен пайдаланылған.

Су шығырлар Сырдарияның ағысы қатты жеріне орнатылып, ағыстың күшімен қозғалысқа келген.

1870 жылы Түркістан статистикалық комитеті Перовск уезі болыстарынан 1034 шығыр қондырғысын есепке алған. Бұл шығырлар сағатына 60 шелек су, тәулігіне 75 мың шелек суды көтеріп, арыққа құйған. Көршілес қарақалпақтар орта есеппен үш аршын тереңдіктегі суды шығырдың көмегімен шығарған. Тәулігіне шығыр суымен 6-10 танап жерді суаруға болады. Жақсы шығырлар секундына 5 куб. фут су көтереді. Егіншілік алқаптарды суаруға Қуаңдария, Жаңадария сияқты табиғи су көздері және суар­малы техникалар пайдаланылды. Суармалы егіншілікті жүзеге асырудың ең тиімді жолы су көтеретін машина – шығыр қондыру болды. Қазалы уезінде көптеген егістіктер де шығырлар мен атпалар көмегімен суарылды. Ат шығыр мен қол шығыр да негізінен осы Сырдария бойы мен Аралмен шектесетін Қазалының батыс өңірінде кеңінен қолданылды.

Өзбекстан Республикасының Орталық мұрағатында сақталған Жаңадария өзенінің арық ақсақалының Перовск уезі бастығына жазған рапортында «қарақалпақтар мен қоқандар заманында (ХІХ ғасырдың ортасы) Жаңадария бойындағы егістіктер бір емес он шақты жерінен салынған бөгеттер көмегімен суландырылған еді. Қазіргі уақытта Перовск қазақтары өз егістіктерін шығыр көмегімен суғарады, соңғы жылы ғана өзенге екі бөгет салынды», – делінген. Бұл дерек ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін өзенге бөгет салу ісінің кең қолданылғандығынан мәлімет береді. ХІХ ғасырдың аяғына қарай шығырдың кең қолданылу себебі өзен суының өз арнасынан төмендей бастағанымен байланысты.

Сырдария өзенінің бір арнасы Шіркейлі каналында 1916 жылы 144 шығыр болып, оның көмегімен 259 десятина жер суарылған.

«Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты еңбектің «Перовск» деген бөлімінде «Сырдарияның егістіктері өзеннен тартылған каналдармен, шығырлармен суландырылады, ал кейбір жерлерінде егін су арнасынан тасып кетіп кепкен жерге салынады. Мұны жергілікті қазақтар «тентек суға егін салу» деп атайды» – дей отырып, егіншілік кәсібімен 700 адам айналысып, егістік көлемі – 40500 десятинаны құрағанын көрсеткен (1913 ж.). Көктемде Сырдарияның суы тасып, жазда суы төмендеген. Сол себепті де бұл кезеңде шығыр көмегіне көп жүгінген.

Сырдарияның төменгі ағысы бойында егістіктер суарылуына қарай көл жағасында, арық бойында, шығыр басында болып бөлінген. Шығырды бау-бақша суғаруға да қолданған. Арал, Қазалы өңірінде көлге балық аулауға салатын ауды жинау үшін қолданған қондырғы да «шығыр» деп аталған.

Шығыр қазақтардың тіршілік қамы жүйесін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған. Шығыр орнату бірлесе атқарылатын шаруа болған. Шығыр қондырғылары Отан соғысы кезінде, соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңінде де қолданылған, яғни ХХ ғасырдың ортасына дейін қолданыста болып, егіншілікті суаратын жаңа техникалардың өндіріске шығарылуымен байланысты қолданыстан шығып қалған. Өкінішке қарай, қазақ даласында байырғы шығырлар сақталмаған, өңірлік музейлерде шығыр құмырасы, шелегі, дөңгелегі сияқты белгілі бір бөліктері ғана кездеседі.

 

Тәттігүл Картаева, 

тарих ғылымдарының кандидаты