Астанада жаңа туылған үшем мен үш баласы бар келіншек пәтерге мұқтаж

Астанада жаңа туылған үшем мен үш баласы бар келіншек пәтерге мұқтаж

Астанада жаңа туылған үшем мен үш баласы бар келіншек пәтерге мұқтаж
ашық дереккөзі

Астанада үшем туған жас ана перзентхананы паналап отыр. 24 жастағы Айгүл Пірменова алдыңғы 3 баласын 3 жыл бойы жертөледе асырапты, деп хабарайды 31 арна.

Үшемнің екеуі қыз, біреуі ұл бала. Жеңістің 70 жылдығы тойланып жатқанда туған үшемнің анасы 6 баласымен қайда барарын білмей отыр. "3 баламен 3 жыл бойы подвалда тұрып келдік. Қазіргі таңда пәтер жалдауға ақшамыз болмағандықтан әпкемнің үйіне барып тұруға мәжбүр болдым. Қожайынымыз келсе балаларды тығып қоямыз. Енді тағы 3 баланы алып қайда тығамын?", - дейді қамыққан үшемнің анасы Айгүл Пірменова.

Ата-анасы екі қызына Бағым мен Балым деп ат қойыпты. Ал кенже туған ұлға Баубек деген есім қойыпты. Осы мәселеге қатысты телеарна 2014 жылғы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтахановтың:  "Елдегі үшем туған аналарды жарылқап тастауға мемлекеттің қауқары жетеді. Жергілікті атқарушы органдар үшемдерді толығымен кезектен тыс пәтер беруге міндетті деп жазуымыз керек" - деген сұхбатын беріпті. Алайда, әлі күнге елімізде бірден көп баланы өмірге әкелген отбасыларға қатысты нақты қандай жәрдемнің көрсетілетіндігі айтылған жоқ.

Арнаның тілшісі келтірген мәліметке қарағанда 2013-2014 жылдары  елімізде бас-аяғы 93 үшем дүниеге келіпті. Олардың қаншасы пәтермен қамтамасыз етілгені жайлы әзірге нақты мәлімет жоқ. "Түркістан" газеті күні кеше ғана Қырғызстанда туылған үшінші төртемге Президент Алмазбек Атамбаевтың тікелей тапсырмасымен тұрғын үй салып берілетіндігі жайы мақала жариялаған еді. Көрші елдегі төртемге жасалып жатқан жағдайды газет оқырмандары қызыға да, қызғана да талқылап жатқан еді...

"Түркістан-ақпарат"