Сағынтаев ЭКСПО қалашығындағы Польша Республикасының ұлттық күніне қатысты
Сағынтаев ЭКСПО қалашығындағы Польша Республикасының ұлттық күніне қатысты
Сағынтаев ЭКСПО қалашығындағы Польша Республикасының ұлттық күніне қатысты. Кеше халықаралық «Экспо-2017» көрмесі аумағында Польша Республикасының ұлттық күнінің ашылу салтанаты өтті. Шараға ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Польша Президенті Анджей Дуда қатысты.
Шараның ресми бөлімі поляк әскери оркестрінің орындауындағы Қазақстан мен Польшаның мемлекеттік әнұрандарының шырқалуынан басталды. Осы уақытта екі республиканың мемлекеттік тулары көтерілді. Одан кейін Бақытжан Сағынтаев сөз сөйледі. Премьер-министр поляк павильоны өзін жақсы жағынан көрсетіп, көрмедегі танымал павильондардың біріне айналғанын атап өтті. «Қазақстан Польшаны Орталық және Шығыс Еуропадағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі ретінде қарастырады. Біз поляк үкіметі мен іскерлік орта өкілдерін БҰҰ қамқорлығындағы «жасыл экономиканың» халықаралық орталығы аясында ынтымақтастықты нығайтуға шақырамыз. Ол Экспо-2017 мұрасы негізінде жұмыс істейтін болады. Бізде жаңартылатын энергетика, ғылым және технологиялар, инновациялар мен коммуникациялар, орман шаруашылығы, туризм салаларында ынтымақтастық орнатудың үлкен мүмкіндігі бар. Экономикамыздың цифрлық түрленуі мен индустрияландыру процестеріне қатысуға шақырамыз», – деді ҚР Премьер-министрі.
Сондай-ақ, Польша Республикасының Президенті Анджей Дуда шара қатысушыларына арнап сөз сөйледі. «Біз шамамен бір жыл бұрын, Варшавада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен «Экспо-2017» көрмесіне дайындық мәселесін талқылаған едік, ал бүгінде мен шараның ауқымдылығына таңдана қараймын», – деді Польша Президенті. Ол Польшаның Еуропалық одақтың аса белсенді дамып жатқан елдерінің бірі екенін атап өтті. Мысалға, 2016 жылы мемлекеттің ЖІӨ өсімі 3,1% құрады. Президенттің айтуынша, 2017 жылдың болжамы бұдан да жақсырақ, сондай-ақ, жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеп келеді. Польша басшысы қазақстандықтарды түрлі салаларда, соның ішінде, алдымен экономика саласында ынтымақтастық орнатуға шақырды. «Экспо-2017» көрмесіне қатысқан поляк билігінің өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар болашақта қолдануға болатын үлкен тәжірибе жинақтады деген сенімдемін», – деді А. Дуда.