Бибігүл Төлегенова: Әншіде дарынмен қатар адамгершілік болу керек

Бибігүл Төлегенова: Әншіде дарынмен қатар адамгершілік болу керек

Бибігүл Төлегенова: Әншіде дарынмен қатар адамгершілік болу керек
ашық дереккөзі
Биылғы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі форумдар мен жиындарға қоса өнер байқаулары, түрлі фестивальдердің елордада бір-біріне іркес-тіркес өтуіне ұйытқы болды. Соның бірі – Бибігүл Төлегенованың ІХ халықаралық вокалистер байқауы 5-10 қыркүйек аралығында Астананың төрінде ұйымдастырылды. Байқаудың шымылдығы ашылған күні КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек ері, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, академик Бибігүл Төлегеноваға арнайы жолығып, эксклюзивті сұхбат алған едік. Бибігүл Ахметқызы өзі туралы, өнер туралы, өзінен кейінгі жас әншілер туралы сыр шертті. – Бибігүл Ахметқызы, биыл сіз үшін жемісті жыл болған сияқты. Шілде айында «Қазақ операсының аңыздары» атты жобаның тұсауын кесіп, антологиясын шығардыңыз. Енді міне, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Бибігүл Төлегенова атындағы ІХ халықаралық вокалистер конкурсы өтіп жатыр. – «Бибігүл Төлегенованың конкурсы» осыдан он жеті жыл бұрын басталған еді. Бұл менің қайтыс болған қызым Мәриямгүлдің жобасы болатын. Көзі тірісінде жоспарлап, ойластырып қойған еді. «Бибігүл Төлегенованың конкурсының» екі кезеңін өзі өткізіп үлгерді. Биылғы байқаудың ерекшелігі де сол – Мәриямгүлдің атынан өткізіліп отыр. Биыл Мәриямгүлдің дүниеден қайтқанына он жыл болды, тірі болса, бүгінде алпыс бес жасқа толатын еді. Кезінде осындай байқау ұйымдастыру туралы бастама көтеріп, Президентіміз Н.Ә. Назарбаевқа жоба идеясын таныстырған өзі болатын. Мұны біз әу баста өз қаржымызға жасаймыз деп ойлаған едік, бірақ Елбасы: «Бұл жеке байқау болмайды, бізде Бибігүл Төлегенова біреу, ендеше оның атындағы байқау мемлекеттік қолдауға ие болуы керек» деп осы жобаның жолын ашып берді. Содан бері, Құдайға шүкір, он жеті жылдан бері Президенттің сенімін аяқасты етпей, байқаудың дәрежесін түсірмей, абыроймен өткізіп келеміз. Биыл ЭКСПО көрмесінің өтуіне байланысты тоғызыншы байқауды Астана төрінде ұйымдастырдық. Оған Қазақстан, Ресей, Армения, Болгария, Өзбекстан, Моңғолиядан бас-аяғы қырық адам қатысып отыр. Біздің мақсатымыз – байқаудың бәсін түсірмей, оны жоғары деңгейде өткізуге әркез тырысып бағамыз. Құдайға шүкір, абыройсыз емеспіз. Керісінше осындай байқаудың бар екенін естіген кейбір қалталы жігіттер «Бізге неге айтпадыңыз?» деп ренжіп жатады. Оларға: «Қайдан білейін сіздердің көмек беретіндеріңізді, келесі жолы айтамыз» деп қоямын. Мемлекеттік қолдаудан тыс жеке демеушілеріміз бар, сондықтан осы жобаның абыройы үшін Елбасына да, демеушілерімізге де алғыс айтамын. – Он жеті жылдан бері бір буын опера әншілері тәрбиеленіп шыққан болар. Бір сөзіңізде айтып қалдыңыз ғой, сіздердің жас кездеріңізде әншілердің шеберлігін шыңдайтын мұндай байқаулар аз болған екен... – Иә, біздің жас күнімізде мұндай байқаулар болған жоқ. Болған күнде де бізді оған қатыстырмайтын. Одақтық және ел ішіндегі байқауларға қатыстыратын, бірақ халықаралық байқауларға мүлде жолатпайтын еді. Фурцева деген министрдің тұсында  бір байқауға баруға қатты өтініп сұранғаным әлі есімде. Тіпті вице-министрге дейін барып, өтініш жасадым: «Аға, мен Италияға барып, тәжірибе жинақтайын» деп едім, ол маған: «Бибігүл, сен ренжіме, мен Фурцеваға айтып едім, ол: «Зачем? Она и так хорошо поет» деді», – деп жауап берді. Құдайға шүкір, қазағым аман болсын, мен халықтың ішінде жүріп өнер көрсеттім, шыңдалдым, өстім. Ең алғашқы тыңдармандарым, сыншыларым – жұмысшылар, диқандар мен шахтерлер еді. Өзім де қара жұмысшылардың арасынан шыққан адаммын, сондықтан қарапайым халықтан бойымды аулақ ұстаған емеспін. Ел аралап концерт қойып жүргенде, қандай үйге апарса да, «Жағдай жасамады» демедік, бұйырған дәмді татып, әйтеуір аяқ созып отыратын жер табылса, соған шүкір ететін едік. Содан болар, халық мені таниды, жас болсын, кәрі болсын, көрген жерде жік-жапар болып амандасып, есендік сұрасып жатады. Кейде тіпті шашына ақ түскен үлкен кісілердің өзі мені көре сала: «Апай, есіңізде бар ма, сіз қайбір жылы біздің үйге келгенсіз, ол кезде мен бала едім, сіз апамызбен бірге отырып, шәй ішіп, әңгіме-дүкен құрғансыз» деп жатады. Сондай кезде: «Құдайға мың да бір шүкір» деймін. Мені «апай» деп келіп отырған адамның өзі тісі түсіп, үлкейген адам ғой (Осылай деп Бибігүл Ахметқызы әдемі жымиып қойды). Сондықтан халқыма мың да бір рахмет айтамын. Мен халқымның арқасында осындай дәрежеге жетіп, осындай құрметке бөленіп отырмын. Ең бірінші жанкүйерлерім де, менен ең әуелі емтихан алушылар да – малшы, егінші, шахтерлер мен жұмысшылар болатын. Сондықтан өз жұмысымды ең әуелі соларға арнаймын. Кейін Советтер Одағы құлағаннан кейін шетелге де шықтым, талай елді аралап, талай жерде өнер көрсеттім. Өкінішке қарай, менің жасым келіңкіреп қалды (Осы сөзді айтып, Бибігүл Ахметқызы жайдарылана бір күліп алды). Қазіргі жастарға қарап әрі қызығамын, әрі қуанамын. Оларға айтамын ғой: «Сендер қандай бақыттысыңдар. Астананың сол жағалауында, қандай зәулім сарайда өнер көрсетіп жүрсіңдер. Ал біз жас болған кезде бұл жерде сиыр қора, мал қора болатын, соның арасында жүріп ән айттық. Ал сіздерде «Астана Опера», «Қазақстан» концерт залы сияқты неше түрлі ғимараттар бар, қаншама байқаулар, талай мүмкіндіктер бар. Мұның бірі біздің түсімізге кірмейтін» деймін. Рас, біз ел аралап өнер көрсетіп жүргенде, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алдына шығамыз, далада, мектептің бір бұрышында не қораның сыртында жердің шаңы басылсын деп кішкене су сеуіп, бізге сахна дайындайтын. Микрофон жоқ, ешқандай техника жоқ, баянист не аккордионистің сүйемелдеуімен ән айтып жүре беретінбіз. Мен қарапайым адаммын. Қазіргі жастарға айтамын: «Сендер Астанада не Алматыда жүресіңдер, әрі кетсе Қарағанды сияқты қалаларға ғана барасыңдар, одан да ауылға барыңдар, өнерлеріңді, мәдениеттеріңді ауылға апарып көрсетіңдер. Осылай елдің мәдениетін көтеру керек, оларға күш-нәр беру керек» деймін. – Он жеті жылдың ішінде талай әнші осы байқаудан соң қанат қағып, үлкен өнерге жолдама алды. Олардың ішінде талай атағы алысқа кеткен әншілер бар... – Біздің байқаудың әр жылдардағы жүлдегерлерінің ішінде Қазақстанның Еңбегі сіңген қайраткері Талғат Мұсабаев, Башқұртстанның Еңбегі сіңген әртісі Альфия Каримова, Қазақстанның Еңбегі сіңген қайраткері Азамат Желтірғұзов, Қазақстанның Еңбегі сіңген қайраткері Сүндет Байғожин, Қазақстанның Еңбегі сіңген қайраткері Дина Хамзина бар. Олардың бәрі бүгінде «Астана Опера» театрының жетекші солистері. Бұл байқауға көбіне 18-20 жас шамасындағы талапкерлер қатысады. Олар үшін үлкен сахнаға шығып, бірінші рет пианино, оркестрмен бірге ән айтудың өзі жетістік әрі тәжірибе. Байқау қиын болғанымен, олар үшін бұл – қанатын қатайтып, өнерін шыңдауға мол мүмкіндік. Осы жастарға қарап қуанатыным, олардың ешбірі бізді жерге қаратқан жоқ, біздің байқаудан орын алған жастарымыз қазір шет елдерде жүріп, телефон соғып, «Мынадай байқауға қатысып жатырмын, мынандай орын алдым, мынандай концерт беріп жатырмын» деп хабарласып, қуаныштарымен бөлісіп жатады. Қазір Алматы мен Астанадағы опера және балет театрларындағы жетекші солистердің көбісі – біздің байқаудың лауреаттары. Талай дипломанттарымыздың өзі Италияда, Австрияда, басқа да алыс-жақын шет елдерде үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр. – Маусым айында «Қазақ операсының аңыздары» атты жобаның тұсауын кестіңіз... – Иә, ол жоба да менің қызым Мәриямгүлдің жоспарлап, бірақ орындай алмай кеткен идеясынан туған болатын. Оны жүзеге асыру, шығару оңай болды дей алмаймын. Күләш апайдың, Роза Жаманованың дауыстарын мұрағаттан тауып, таспаға түсірудің әуресі көп болды. Антология шықты, бұл бірақ сатылымға шығатын дүние емес. Біз оны жасап, Мәдениет және спорт министрлігіне тапсырдық, енді ол кітапханаларға таратылып, сырттан келетін қонақтарға берілетін кәдесый болады. Мемлекеттен бөлінген қаржы жетпей қалып, өз қалтамыздан қосуға да тура келді. Бірақ Президенттің қолдауымен жүзеге асып жатқандықтан, қолға алған дүниені абыроймен атқаруға тырысамыз. – Өнер жолы ауыр ғой. – Өте ауыр. – Опера әншісінің өмір жолы тіпті ауыр шығар. Мысалы, эстрада әншілерінің танылуы тез, олар теледидардан жарқ ете қалып, бірден көзге түседі емес пе? – Мен эстрада әншілерін тіпті әнші деп санамаймын (Осылай деп Бибігүл Ахметқызы шыдамсыздана қолын бір сілтеді). Осылай дегенім үшін олар маған ренжиді. «Неге солай дейсіз?» деп. Мен оларға: «Сіздер әнші емессіздер, орындаушысыздар. Сіздің орындағаныңызды кім болса да орындайды. Тойда аста-төк тамақ ішіп, қарны тойып отырған адамға бойындағы асын қорыту үшін даңғыр-дұңғыр музыка қоясыңдар» деймін. Эстрада әншісі деп Димашты айтсақ болады. Міне, нағыз әнші! Қандай әнші ол! Жер жүзіне аты мәлім. Ең  өкініштісі, екінің бірі айтатын әнді айтып жүрген, көптің бірі болатын әншілер көп. Ал оның ішінен іріктеп алатыны аз. Мысалы, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова даусы бар әншілер еді, олар да эстраданың жолына түсіп кетті. Ал қазіргілерге қарасаң, не істеп тұрғаны түсініксіз, даңғыр-дұңғыр, не айтып тұрғанын да естімейсің. «Ана музыканың дауысын бассаңдаршы, әншінің үнін естиік те» десең, «Апай, сіз білмейсіз ғой, олар «Даусын көтер» деп өздері сұрап алады» дейді. Сонда олар өз дауысының жетіспеген тұсын білдіртпес үшін музыканы неғұрлым даңғырлатып қояды екен. Ал опера әншілеріне сүйемелдеудің қажеті жоқ, кез келген уақытта музыкасыз да ән шырқай береді. Менің өзім де әлі күнге дейін «Ән сал» десе, кез келген халық әнін өз даусыммен айта берем. Әнші деген сондай болуы керек. – Музыкамен ұлтты тәрбиелеуге болады деседі. Осы тұрғыдан алғанда, қазір эстраданың насихаты неге күшейіп кетті? – Қазіргі эстрада – ию-қию, даңғаза музыка.  Жын қаққан адамдай жұлынып тұрғаны сахнада. Олар ән айтпайды, музыканы қояды, ол музыка өзімен-өзі жүреді, ал олар секіріп, жұлқынып жүреді. Секіріп жүріп кім ән айта алады? Адамның тынысы тарылып, алқынып қалады. Секіріп жүріп ән айтпақ түгілі, сөйлей де алмайсың. Қазір теледидар қарағанда, бір жағынан қарның ашады, бір жағынан елге жаның ашиды. Концерттің бәрі ырду-дырду, айғай-шу, ойын-күлкі. Ақыл салатын, ғибрат алатын салмақты дүниелер аз. Қайдағы біреуді отырғызып қойып, біреулерді жамандайды, өсек айтады. Бұл жаман нәрсе. Біздің кезімізде мұндай нәрселер болған жоқ. Жақсы әннің өзі жастарға күш-нәр беріп, тәрбиелейтін. Ал қазір ұрпақтың тәрбиесін ойлап жатқандар аз, өз қалтасына пайда түсуін ғана көздейтін сияқты. Сондықтан мына байқауға келген жастарға қарап, қатты қуанамын. Кәсіби деңгейде әнші боламын деп осындай үлкен байқауға қатысып, өзінің талабын байқап, бағын сынап көруге бел байлау – мықтылық. – Сіздің өз тағдырыңыз да тар жол, тайғақ кешуге толы. Әкеңіз репрессия құрбаны болған екен, өзіңіз ет комбинатында жұмысшы болғансыз, тұрмыстың біраз қиыншылығын көрген екенсіз... – Құдайға шүкір, қара жұмысшы да болдым, елдің артынан жүріп, батпағын да, кір-қоңысын да жудым. Менің басымнан бәрі өтті, анамыз жиырма бес жасында жеті баламен жесір қалып, содан ерте жастан білегімізді түріп алып, тірлікке араласуға тура келді. Қара жұмыс істеп жүргенде, жер аударылып келген еврейлер, орыстар: «Мына қара қызыңыздың даусы жақсы, оны оқыту керек» деп жиі айтатын, сонда шешем: «Ән айту деген оқу бола ма екен? Керегі жоқ, әуелі мектебін жақсы оқысын» деп тыйып тастаушы еді. – Сол кезде «болашақта әнші боламын» деген ой болды ма сізде? – Жоқ, ондай ой болған жоқ. 18 жасымда жазушы Серебряковамен тағдыр жолықтырды, көзімді ашқан сол кісі. «Сенің дауысың осындай, саған оқу керек», «Саған консерваторияға оқуға бару керек» деді. Аңқау басым, сонда  консерваторияның не екенін білмеймін ғой (Бибігүл Ахметқызы тағы күліп алды), «Мен онсыз да консерві зауытында істеймін ғой» деппін. Ол кісі «Жоқ, ол консерві жасайтын жер, ал консерватория талапты жастарды тәрбиелейтін оқу орны» деп түсіндірді. Содан соң ол кісі менімен жарты жылдай жұмыс істеп, Алматыға оқуға аттандырды. Консерваторияға оқуға түскенге дейін жеті-ақ кластық білімім болған еді. Мені екі жылдық дайындық курсына қабылдады, одан соң консерваторияны бітіріп шықтым. Құдайға шүкір, жаман емеспін. – Өнер жолыңыз даңғыл болды ма? Ешқандай кедергі болған жоқ па жолыңызда? (Бибігүл Ахметқызы жайдары күлкісімен шуақ шашты). – Өнер адамына кедергі болмай тұрушы ма еді? Қай жерде болса да кедергі болады. Байқауға келген пианист жастардың айтатыны бар: «Сіздің байқауды біз жақсы көреміз, сағынамыз, себебі ең әділ байқаулардың бірі» дейді. Өзбекстаннан келген әнші Рамиз Усманов осы байқауда бас жүлде алғанда тізесін бүгіп, қолымнан сүйді, сөйтіп жылап жіберді. Мен айран-асыр болдым: «Балам, саған не болды?» десем, «Бибігүл ханым, қанша байқауға қатыстым, талай жерде бақ сынадым, бірақ қанша жерден жақсы айтсам да маған ешқашан бас жүлде беріп көрген емес. Өздерінің адамдарына бөліп беретін, мына байқауда мен бас жүлде аламын деп ойлаған жоқпын» деді. Сол жігіт қазір Өзбекстанның халық әртісі, биылғы байқаудың қазылар алқасының  мүшесі. Жалпы, биыл біз бұрын осы байқаудың бас жүлдегері болған лауреаттарымызды қазы болуға шақырдық, бір жағынан олар өз бастарынан өткергендіктен, байқауға келген жастардың қандай сынға түсіп жатқанын жақсы түсінеді, екінші жағынан, ЭКСПО аясында өтіп жатқандықтан, осы жолы он жеті жылда бізден өсіп шыққан лауреаттарымызды көрсету, солармен мақтану да ойымызда болды. Олар да үйренсін, өздерінен кейінгілерге жол сілтесін. Біздің лауреаттарымыз біздің байқаудан кейін басқа халықаралық байқауларға қатысып, ол жақтан да абыройлы болып, бас жүлделер алып жүр. Сондықтан еңсемізді тіктеп, «Міне, біздің лауреаттарымыз осындай!» деп мақтануға лайық жастар өсіп шықты. – Қазақ әнші халық. Әу демейтін қазақ аз шығар. Өзіңіз де айтып отырсыз, опера әншілерінің жаңа буыны өсіп келеді деп. Жалпы, опера өнері қазақтың табиғи даусына жақын ба? – Қазақтар бұрыннан айтыс өнерімен шұғылданған ғой. Домбыраны қағып-қағып жіберіп, әуелете ән салып, айтыс ұйымдастырған. Сондықтан опера бізге жақын шығар деп ойлаймын. Қазіргі жастардың ішінде талантты әншілер өте көп. Көптігі соншама, байқауға келген талаптылардың ішінен қай талантты ерекшелерімізді білмей қиналамыз кейде. Қазылар алқасының төрайымы болғандықтан менде екі дауыс бар, егер дау туа қалған жағдайда, өзім таңдаған лауреатқа даусымды беремін, оған ешкім таласа алмайды. – Қазіргі опера насихатына көңіліңіз тола ма? – Толады. Қазіргі опера әншілеріне қарап отырып, қуанамын. «Астана Операға» келген сайын қуанып, рахаттанып отырамын. Мұндай жерге келгенде, рухани рахаттанып, демаласың, оған алдын-ала киініп, дайындалып келесің. Қандай еңселі, салтанатты сарай, ол жердің табалдырығынан аттау үшін арнайы киініп келу керек. Кейде Абай атындағы опера және балет театрына біреулер шалбармен келе салғанын көргенде, ренжимін. Ал мына ғимаратқа қалай болса солай келуге адамдар ұялады. Осы салтанатқа сай киініп, дайындалып келуі керек. Құдайға шүкір, қазір талантты жастар шығып жатыр. Бұрын біздің санымыз бірен-саран болатын, үлкеніміз Ермек Серкебаев, одан кейін Роза Жаманова, содан кейін мен – үшеуміз ғана едік. Өкінішке қарай, ол екеуі кетіп қалды, мен әзірше отырмын. – Өткен аптада «Астана Опера» сахнасында Лучано Павароттиге арналған концертке келгеніңізді көрдім. Сонда сіз жәймен кіріп келгенде, залға жиналған жұрт, оның ішінде өз қандастарымыз да бар, шетелдік қонақтар да көп, бәрі бір кісідей орындарынан тұрып, қол соғып, құрмет көрсетті. Қай жерде болсаңыз да, халықтың осындай құрмет-ықыласына бөленіп жүресіз... – Құдайға шүкір, қайда барсам да халық құрметпен қарсы алады, мен сахнаға шыққанда аузымды ашпай жатып, халық аяғынан тік тұрып,  қошемет көрсетеді. Сондықтан  сахнаға шыққанда бойымды тіктеп, дәрі-дәрмегімді ішіп, тіземе май жағып дегендей, дайындықпен шығамын (Бибігүл Ахметқызы жайдары күлкісімен тағы риза қылды). – Халықтың осындай ықыласына бөлену үшін әншіге таланттан басқа не керек? – Талант керек, әрине, бірақ таланттан бөлек, әншіде адамгершілік қасиет болу керек. Мінезі шәлкес әншіні кім жақсы көрсін? Қазір кей әншіні көргенде, мен ұяламын. Соншама міндет қылатындай бұлар не тындырды деп ренжисің. – Әңгімеңізге рахмет! Игі істеріңізге сәттілік тілейміз!  

Әңгімелескен

Гүлбиғаш ОМАР

Астана