300 жылға жететін көмір қоры Қазақстанның басты байлығының бірі десек те...
300 жылға жететін көмір қоры Қазақстанның басты байлығының бірі десек те...
Қазақстан көмір өндірісі бойынша әлемдегі 10 елдің қатарына енеді. Өйткені елімізде қара отынның қоры жеткілікті. Қазақ жерінде пайдаланатын отынның екіден бір бөлігі көмірдің үлесінде. Соған сай көмір өндіретін кеніштердің де жұмысы жыл өткен сайын жандануда.
ҚР Энергетика министрлігінің жыл басындағы мәліметіне сүйенсек, 2016 жылы елімізде 98 миллион тонна көмір өндірілген. Бұл жоспардың 96 пайызы. Өткен жылы ішкі нарыққа 71,8 миллион тонна жеткізілсе, экспортқа 26,2 миллион тонна көмір шығарылды. 2016 жылғы жағдай бойынша, BP Statistical Review of World Energy деректеріне сәйкес, Қазақстан дәлелденген көмір қорларының көлемі бойынша әлемде сегізінші орын алады (33,6 миллиард тонна немесе жалпы әлемдік қордың 3,8 пайызы). Қазіргі уақытта елімізде 400-ден астам тас және көмір кен орындары бар. Ал Қазақстандағы көмірдің қоры 150-160 миллиард тоннаны құрайды. Оның 33,6 миллиард тоннасы қолданыстағы кен орындарының үлесінде. Республикамызда өндірілетін көмірдің 87,7 пайызы «Шығыс» разрезі, «Миттал стил Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі «Бөрлі» көмір департаментінің еншісінде.
Жалпы, көмір өнеркәсібі – энергетика, металлургия, химия өндірісі, өнеркәсіптік және коммуналдық қазандықтарды, ауыл шаруашылығын, халықты отынмен қамтамасыз ететін минералдық-шикізат кешеніндегі базалық салалардың бірі. Көмірден түрлі әдістермен шаруашылықтың әр саласына керекті 350-ден астам құнды заттар алынады. Еліміздегі көмір өнеркәсібінің тарихы 1833 жылдан бастау алады. Сол жылы шопан Аппақ Байжанов Қарағанды жерінен «отқа жанатын қара тас» тауып алған. Ал өнеркәсіп иелері кен орнына тек арада 23 жыл өткеннен кейін ғана назар аударыпты. Сол кездерде Қарағандыда әр жыл сайын орта есеппен 10 мың тонна көмір өндірілген.
Қазақстандағы көмір өндіру қарқыны экспорт көлемін сақтау және жаңа көмір-химия бағытын дамыту қажеттігіне тікелей байланысты. Көмірді тұтыну бүгінгідей қарқынмен жалғасса, еліміздегі көмір қоры шамамен 300 жылға дейін жетеді. Елімізде көмір өндірісі жақсы дамығанымен, қарапайым халық үшін қара отынның бағасы шарықтап тұр. Соңғы жылдары еліміздегі көмір бағасы жыл сайын 20 пайызға қымбаттап келеді. Әлемде көмір өндіруден алғашқы ондықтың қатарына кіретін Қазақстанда көмірдің тапшылығы мен қымбатшылығының орын алуы орынсыз секілді. Көмір қоры болғанымен, сол көмірдің өз елімізге тиетін үлесі тым төмен. Міне, елімізде орын алып жатқан көмірдің тапшылығы мен қымбатшылығының себебі осында. Көмірдің сыртқа кететін үлесі ішкі нарықтағыдан әлдеқайда жоғары. Көмірдің кеніштен шыққандағы алғашқы бағасы тұтынушыларға жеткенше 10 есеге дейін өседі. Ал әлемдік биржаға шыққандағы құны 2 есеге дейін ғана көтеріледі. Оған қоса, көмір тасымалдаушылар қазіргі көмір кеніштерінің кейбірі апатты жағдайда тұрғандығын пайдаланып та бағаны аспандатуда. Кеніштердегі жағдайды, қара отынды қазып алудың қауіптілігін желеу еткендер қыс жеткенде көмір бағасын өсіріп жібереді. Сонымен қатар, көмір бағасының өсуіне делдалдар да әсер етеді. Халықтың қалтасына үлкен салмақ салатындар да нақ осы делдалдар дегенді айтады сарапшылар. Ал делдалдарды ауыздықтайтын ешқандай заң жоқ. Тұтынушылардың басқа салғанға көніп жүргендері де сол. Көмір саудасының делдалдарсыз жүзеге асатын, халыққа тиімді басқа жолын табу қажет деседі сарапшылар.
Жаңа өндіріс орындары қосылған сайын көмірге деген сұраныс та арта түсуде. Сол себепті «Қазақстан Республикасының көмір өнеркәсібін дамытудың 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Бұл тұжырымдама бойынша 2020 жылға қарай жыл сайын көмір өндірісін 145,6 миллион тоннаға жеткізу жоспарланған. Егер жаңа тұжырымдамадағы жоспар жүзеге асса, ішкі және сыртқы қажеттілікті толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Келешекте Қазақстан 30-35 миллион тонна көмірді шет мемлекеттерге тасымалдамақ. Қазірдің өзінде 28 отандық және 5 шетелдік компания көмір өндіріп, оны шетелге экспорттаумен айналысады. Халықаралық стандарттарды енгізудің арқасында қазақстандық көмірді таяу және алыс шет елдерге жеткізу аясы қазір де кеңейе түсуде. Қазақстан соңғы жылдары Румыния, Польша, Түркия, Эстония, Украина, Чехия сынды елдерге көмір экспорттауды бастаған.
Соңғы деректерге қарағанда, Қарағанды облысы көмір өндіру деңгейі бойынша посткеңестік кезеңде өндірілген қара алтын көлеміне жетіп қалды. Биылғы жылы өңірде 36 миллион тонна көмір өндіріледі деп жоспарланып отыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 21 пайызға артық. Айта кетейік, бұл аймақта 1991 жылы 45 миллион тонна көмір өндірілген. Ал Қарағандыдағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаменті аршу жұмыстарын ашық тәсілмен аяқтау есебінен 2017 жылғы өндіріс көлемін 8,9 пайызға арттыруды жоспарлауда. «Қазақмыс» корпорациясы «Куу-Чекинский» разрезі мен «Молодежный» разрезінен 8 миллион 700 мың тонна көмір өндірмек. 2016 жылдың қаңтар айынан бастап іске қосылған жаңа көмір өндіруші кәсіпорын «Шұбаркөл Премиум» ЖШС қара алтын өндірісін 4,3 есеге арттырмақшы.
Жалпы, Шұбаркөл кен орнында тұңғыш рет көмір осыдан 30 жыл бұрын өндіріле бастады. Геолог мамандар «қара алтынға» бай бұл кен орнын кездейсоқ ашқан болатын. Жылдар өте келе Шұбаркөл көмірінің даңқы шартарапқа, бүкіл дүние жүзіне таралады деп ешкім де ойламаған еді. Ал қазір Шұбаркөл Орталық Қазақстанның нағыз «қара маржанына» айналып отыр. Сонымен қатар, Шұбаркөл көмірі ферроқорыту, глинозем, алюминий, цемент, түсті металдар мен электр қуатының өндірісінде кеңінен пайдаланылады. Қазақстан бойынша бұл шикізатқа деген сұраныс толығымен қамтамасыз етілуде. Қазақстаннан басқа шикізаттың шамамен 50 пайызы таяу және алыс шетелдерге жіберіледі. Атап айтар болсақ, Шұбаркөл көмірі Финляндия, Ұлыбритания, Италия, Румыния, Германия, Польша, Дания, Сербия, Украина, Литва, Эстония, Венгрия, Болгария және Жапония елдеріне экспортталады. Шұбаркөл көмірін экологиялық таза қуат көзіне жатқызуға болады. Мұнда өндіріс көлемі күн санап өсе түсуде.
Ғалымдардың сөзіне қарағанда, көмір қалдықсыз өнім болып табылады және қайта өңдеу саласында маңызы мол шикізат. Қара отынды өндіру кезінде ұшқан шаң мен көлемі төрт милиметрдей ғана болатын ұсақ көмірді қажетке жаратуға болады. Жалпы көмір өндірісі кезінде өнімнің төрттен бір бөлігі осындай күйге түседі екен. Ұсақ көмірге көптің көңілі аумайтыны бесенеден белгілі. Дегенмен көмір шаңы мен ұсағын сығымдап, брикеттелген көмір шығаруға болады. Аталмыш өнім түтін мен газды аз бөледі. Яғни, экологиялық жағынан да тиімді. Сол секілді жылу бөлу қасиеті жоғары. Бұндай өндіріс Павлодар өңірінде бұрнағы жылдары ашылған, қазіргі күні сұранысқа ие тауарлардың біріне айналып отыр.
Қазақстан Республикасы көмір ресурстарымен толық қамтамасыз етілген. Республикамызда көмірдің геологиялық қоры 162 миллиард тонна. 1950 жылдың орта кезінен бастап Екібастұз көмір алабы жағынан Қарағанды көмір алабын басып озып, қазіргі кезде негізгі көмір кен орындары Майкүбі, Шұбаркөл кен орындарымен бірге жұмыс істей бастады. Семей полигоны жабылған соң Қаражыра көмір кен орны игеріле бастады.
Қарағанды көмірінің негізгі тұтынушылары – Қазақстан мен Ресейдің металлургиялық зауыты мен электр станциялары. Екібастұз көмір алабы шеткері орналасқанымен, мемлекетіміздің көптеген өнеркәсіп аудандарымен темір жолдар арқылы байланысқан. Екібастұз көмірі тас көмір болғанымен, күлі көп, сапасы төмен, кокстеуге келмейді. Екібастұз көмірі республикада өзіндік құны ең арзан көмір екенін айта кеткен жөн. Екібастұз көмір алабынан оңтүстікке қарай Майкүбі қоңыр көмір алабы кездеседі. Көмірі төмен сапалы, бірақ күлі аз, құрамында күкірті де аз. Бұл көмірді байытуға, брикеттеуге, сонымен бірге ұзақ уақытқа сақтауға болады. Майкүбі көмірін ашық әдіспен алады, өзіндік құны арзан.
Қазіргі уақытта елімізде көмір өндіру ішкі нарықтағы сұраныстан елеулі түрде артық. Көмір өндіруді арттыруды ұзақ мерзімді келешекте жаңа электр станцияларын іске қосу есебінен ғана болжамдауға болады. Әлемдік трендтерді, сондай-ақ, Қазақстанның жасыл экономикаға көшуін есепке ала отырып, көмір химиясын дамытуға өткір қажеттілік туындады. Бұл бағыт өнімді тұтыну қасиеттерінің сапалы өзгерістерін, сәйкесінше, оның нарықтық құнын арттыруды қамтамасыз етуі мүмкін, ал ең бастысы – энергетикалық көмір нарығының шегінен шығуына мүмкіндік береді.