Мектеп формасы: мәні мен мұңы
Мектеп формасы: мәні мен мұңы
Жадыраған жаз да аяқталып, көзді ашып-жұмғанша балалардың демалыс маусымы да зырылдап өте шықты. Тамыз айы туа бастағаннан-ақ кезекті оқу жылына баласын қамдайтын ата-анадан маза кетеді. Соңғы бір ай киім-кешек, мектепке қажетті құралдарды сатып алуға арналады.
Республикамызда мектеп формасы 2003 жылдан бастап енгiзiлген. Соңғы жылдары мектеп формасын енгiзген мектеп саны бiршама артты. Ата-аналар мен педагогикалық қоғамның басым бөлiгi мектеп формасын қолдап келедi. Айта кету керек, 2016-2017 оқу жылында білім беру жаңа мемлекеттік стандарт бойынша жүргізіліп, міндетті мектеп формасы енгізілді. Яғни, Білім және ғылым министрінің бұйрығымен оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздік пен басқа да ерекшеленуді болдырмау мақсатында мектеп формасын енгізу талабы қойылды. Бұл талап бойынша, мектеп формасы зайырлық сипатта, классикалық үлгіде, бірыңғай түсті болуы керек. Үш түстен артық және тым ашық түстердің болмауы қажет. Бұл реформалаудан көз ашпаған білім беру саласындағы соңғы жылдары қабылданған дұрыс шешімдердің бірі болды. Әйтпесе, кейбір оқушылар қымбат киініп, қолы қысқалар қарапайымдылықты қанағат тұтқан кездер де өтті. Алайда біркелкі мектеп формасының бағасын жер-жерде жүз құбылтып, шама-шарқынша бизнеске айналдырған пысықайлар көбейіп-ақ тұр. Тіпті, кейбір мектептер «бармақ басты, көз қыстымен» өздерінің жеке тігін шеберханалары мен сауда нүктелерін белгілеп, бірыңғай бастаманы жеке мүдде үшін пайдаланғаны туралы қауесет өрттей лаулап тұр.
Отандық өнімнің бағасы неге қымбат?
Бүгінде мектеп формасын тігетін отандық киім фабрикаларының саны артып келеді. Атап айтсақ, «Сымбат» сән академиясы, «Гаухар» тiгiн фабрикасы, «Большевичка» фабрикасы, «Казлегпром-Алматы» ЖШС, «Жiбек Н.М.», «Алтекс» ЖШС, «Веста» тiгiн салоны, «Ақ бота» өндiрiстiк кооперативi, «Angelher», «Glasman» ЖШС», «Textline» компаниясы мен Шымкент қаласынан шығатын «Алтын адам» киім фабрикасы өз өнiмдерiн ұсынуда. Соның ішінде соңғы жылдары ата-ананың таңдауы Алматы облысы, Талғар ауданында ашылған «Glasman» ЖШС» мектеп формасына түсіп жүр. Алайда маусым кезінде жұрттың жаппай сатып алуын «көтере» алмаған аталмыш киім фабрикасы мектеп формасының бағасын да жыл өткен сайын шарықтатудан жалығар емес. Неге? Жасыратын несі бар, жыл сайын сапалы мектеп формасын іздеп шарқ ұратындар көп. Сондай кезде «Glasman» ЖШС» киім фабрикасының өнімі сапалы деген сөз жиі естіледі. Бағасының қымбаттығына қарамастан, сатып алушылар аз емес. Гүлнар есімді келіншектің әңгімесі елең еткізді: « Осыдан екі жыл бұрын костюм мен шалбардың өзі 18 мың теңге тұрды. Кейбір фирманың мектеп формасының бір оқу жылына жетпей қалғанын ескеріп, сапасына ден қойдық. Алайда ақшасына қарамай алған мектеп формасының өңі тозып, костюмнің жағасы ағарып, шалбарының тізесі бозарып шыға келді. Әу баста жұрт мақтаған мектеп формасының сапасы онша емес деген сөз. Биыл бұл киім фабрикасының мектеп формасы 20 мың теңгеге бағаланыпты. Бірақ «отандық өнім» дегенді желеу етіп, сапасынан гөрі, баға саясатына мән берген киім фабрикасының бұл әрекеті жөнсіз ғой. Бір ғажабы, Алматы қаласында дәл осы «Glasman» ЖШС» мектеп формасын киюді талап ететін мектептер көп екен. Егер сапасы бағасына сай болса, әңгіме басқа. Бұл сонда қарапайым халықтың қалтасын қағудың бір жолы емес пе?!» Қыз балаларға арналған мектеп формасын іздегенде көбінесе тілге алдымен «Сымбат» сән үйі оралады. Мәселен, «Сымбаттан» қыз балаға форма аламын десеңіз белдемшелер 5000 теңгеден, сарафандар – 7000 теңгеден, жилетка 3500 теңге, пиджактар 10 000 теңгеден басталады. Бірінші сыныпқа баратын балдырғандардың формасы бір топтамасына (1 пиджак, 1 жилет, 1 шалбар) 15000 теңге жұмсайсыз. Соңғы кезде Шымкент қаласындағы «Алтын адам» тігін фабрикасы да мектеп формасын тігуге кіріскен. Уақытында «Восход» деп аталған тігін фабрикасының ізбасары. Бұл отандық киім фабрикасының мектеп формасы туралы оңды пікір көп. Бағасы да қалта көтереді. Мәселен, 10-сынып оқушысына арналған форманың бағасы – 12-15 мың теңге шамасында. Сапасы да осы сомаға лайық. Бірақ жарнамасының аздығынан ба, көпшілік айналып келіп ««Glasman» ЖШС» мектеп формасын сатып алуда. Ал мектеп формасының жеті атасын қара базардан табасыз. Мұнда қытай, түрік, қырғыздар тіккен мектеп формасы самсап тұр. Бағасы отандық мектеп формасымен салыстырғанда, әлдеқайда арзан. Сапасы да күні ертең жыртылып қалатындай нашар емес. Базарда Қытайда орташа сапада тігілген мектеп формасын 8000-10000 арасында алуға болады. Тіпті, тіліңіз майда болып, жалықпай саудалассаңыз бүкіл топтаманы, бұған қоса бонус ретінде ақ жейде мен галстукті де қоса 6000-7000 теңгеге аласыз. Әркім көрпесіне қарай көсіледі. Бастысы – мектеп формасының түсі талапқа сай болуы керек. Жалпы, мектеп формасын тігуде көш бастап тұрған – түріктер. Олар елімізде отандық киім фабрикасының тамырына қан жүгірмей тұрған заманнан бері тігіп келеді. Матасы да, сапасы да көңілге қонымды. Текстиль өнімдері жағынан ілгері дамып кеткен түріктің киімдеріне де сұраныс көп. Себебі олар үшін сапа да, табыс та тұрақты болуы маңызды. Ал біздің кейбір отандық киім фабрикалары сияқты басын тәуір бастап, аяғын сұйылтып жіберу деген қитұрқылық жоқ. Жаңа оқу жылына дайындық барысының қамымен базар-ошарды да, дүкенді де аралап, бағасын салыстырып көрдік. Әдеттегідей дүкенде қымбатырақ болғанмен, өлшемдерінің бәрі бар. Кейбір ата-ана базарда аяқ алып жүре алмағандықтан дүкеннен сатып алады. Ал ақшасын үнемдегені асықпай аралап, дәл сол мектеп формасын төменірек бағаға табуы мүмкін. Қазір тоғыз жолдың торабында орналасқан «Алтын орда» базарының саудасы қызған шақ. Базардың бәрі мектеп формасы мен оқу құралдары. Керек-жарақты түгендеудің қамымен әр саудагердің тауарына үңіліп келеміз. Бір бутик түгел мектеп формасы екен. Саудагер қырғыз келіншектің аузы аузына жұқпайды. «Біз, қырғыздар болмаса, Қазақстан баяғыда «жалаңаш» қалатын еді. Біз сапалы тігіп, арзанға сатамыз. Мына киіп жүрген киімдеріңнің бәрі қай елдікі? Әрине, біздікі! Бәрің түріктің көйлегін 15-20 мыңға алып киетін жағдайың қане? Біздің әдемі көйлектерді 5-6 мыңға алып, тойдың сәні болып жүрген жоқсыңдар ма? Ау, халайық, мектеп формасына келіңіздер, арзан бағаға бере саламын» деп бір демін алды. Әрине, айтқан сөзінің көбі рас. Еліміздегі халықты әзірге киіндіріп жатқан қырғыздар екенін екінің бірі мойындайды. Себебі бізде отандық киім фабрикалары мектеп формасы мен арнайы киімдерді тігуден әріге құлашын сермей алмай келеді. Сондықтан да шындық саудагер қырғыз келіншек жағына бұрылатыны сөзсіз. Тіпті, оған қарсы қандай да бір уәж айтуға ауыз бармады. Әп-сәтте мектеп формасын алушылардың қарасы көбейіп, саудасы қыз-қыз қайнаған келіншек жайдарыланып, арқаны кеңге салып шыға келді. Бірақ көңілді ауыр зіл басқандай күйде қалдым. «Біздің шынайы кәсіпкерлер қайда? Елдің жайын ойлайтын ерлер қазақта қалмаған ба?» деген ойлар санамды мазалады. Бірақ... Қысқасы, бір оқушының киім-кешегі, керек-жарағына кем дегенде 50-60 мың теңге кетеді. Оған оқуға қажетті дәптерлер мен канцеллярия тауарларын қоссаңыз, әрбір баланың жаңа оқу жылына жұмсағаны 70 мың теңгеден кем түспейді. Отбасылардың табысы күрт төмендеген қазіргі жағдайда ата-ана үшін екі-үш баланы мектепке әзірлеу үлкен ауыртпалық әкеледі. Ал көп балалы отбасының мемлекет көмегінсіз бұл тығырықтан шыға алмайтындығы анық. Гүлмира Сәтембаева, бес баланың анасы: – Мектеп формасын 20 мың теңгеге алдым. Оған костюм мен шалбар ғана кірді. Жейдесі, аяқ киімі, сөмкесі, галстук, тағы басқа ұсақ-түйектің бәріне 50 мың теңге кетті. Тағы ауыстыратын бір шалбар, бір жейде алуым керек. Ал мектеп формасының сапасы да анау айтқандай мықты емес. Биыл мектеп жасында бір ғана балам қалды. Бұрын бәріне ақша жеткізу үшін арзанынан алатын едім. Биыл қымбат болса да, түріктің сапалы формасын алып бердім. Сәния Сакен, бастауыш сынып мұғалімі: – Мектеп формасы болған соң белдемшенің тізеден асып тұрғаны, шалбардың кеңдеу тұрғаны жақсы ғой. Бірақ бұл талап көп жағдайда сақтала бермейді. Мұны бірінші кезекте оқушылардың өздері бұзады. Мысалға, орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ беремін. Ондағы ұл-қыздар көп жағдайда әжептәуір ретпен тігілген мектеп формасының сиқын кетіріп жібереді. Белдемшені қысқартып тастайды, керек десеңіз, көйлегін де кіндігіне дейін көтеріп жібереді. Ұл балалардың шалбары уақыт өте джинсыға айналып кетеді. Бұл орыс мектептерінде жиі кездесетін жайт. Ал қазақ мектептерінде қанша дегенмен тәртіп бар. Назгүл Қожабек, ата-ана: – Үш баланың анасымын. Үшеуі де мектепке барады. Тамыз бен қыркүйектің аралығы біз үшін қашанда қарбалас. Мысалға, биыл үш балаға қажетті дүниенің бәріне 200 мың теңге кетті. Әлі үлкен ұлға форма алмадым. Неге бұлай дейсіз бе?! Жыл сайын қымбаттап жатыр. Бірақ сапасы өзгерген жоқ. Әсіресе, аяқ киімдері қымбат. Қара күз жетіп, жер қата бастағанға дейін бір емес, екі аяқкиім тоздырады. Ендеше, есептей беріңіз... P.S. Қалай десек те, баланы мектепке дайындау ата-ананың міндеті. Соңғы ақшасын жұмсаса да, баланың көңілін тауып, бәйек болады. Тіпті, мәселе – киімде ғана емес, баланың зейінін ашатын мектеп пен мұғалімнің сапалы білім беруінде. Міне, еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңыраудың сылдыры естілгелі 5 күннен асты. Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Зейнеп Мақсұтованың мәліметінше, республика бойынша биыл 380 мың бала мектеп табалдырығын аттады. Бүгінде барлығы 325 мың педагог болса, 1 қыркүйекте 10 мыңға жуық жас маман мектептерге жұмысқа қабылданды. Жаңа оқу жылында еліміз бойынша 75 жаңа мектеп іске қосылмақшы. Ендеше, жаңа заманға сай білім ұяларында оқитын оқушылардың сапалы білім алуына еш кедергі жоқ.