Сынақтан сүрінгендер кәсіпсіз қалмайды

Сынақтан сүрінгендер кәсіпсіз қалмайды

Сынақтан сүрінгендер  кәсіпсіз қалмайды
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясы ҰБТ-ға қатыспаған және ұпайы шекті деңгейге жетпеген мектеп түлектеріне көмек көрсету шараларын жалғастыруда. Ақтөбе облысы, Мұғалжар аудандық партия филиалында «Сәтті қадам» партиялық жобасының үшінші бағытын жүзеге асыру мақсатында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға аудандық мәслихат депутаты Нұрибай Сәрсенов, аудандық жұмыспен қамту бөлімінің, кәсіби білім беретін оқу орындарының басшылары мен мамандары, ҰБТ-ға қатыспаған және ұпайы шекті деңгейге жетпеген мектеп түлектері қатысты.   Партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Құрания Аймағамбетовтің айтуынша, биыл бітірген 488 түлектің 91-і ҰБТ-ға қатыспаған. ҰБТ-ға қатысқандардың 30-ы шекті межені бағындыра алмады. – Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде ҰБТ-ға қатыспаған 91 түлектің 81-і кәсіптік-техникалық білім алуды жөн көрді. Құжат тапсыруға үлгермегендер арнаулы оқу орындарының сырттай бөлімі туралы мәлімет алуы үшін бүгінгі шараға колледж басшыларын да шақырып отырмыз, – деді Құрания Аймағамбетов. Жиында Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінің қабылдау комиссиясының маманы Әйгерім Бухалиева колледжге биыл 125 бала қабылданғанын айтты. Олар 5 мамандық бойынша білім алады. Колледж жанынан 50 орындық жатақхана, шәкіртақы қарастырылғанын жеткізді. Ал Мұғалжар гуманитарлық-техникалық колледжінде құқықтану, мұнай және газ скважиналары және бұрғылау жұмысының технологиясы, есеп және аудит, электрмен қамтамасыз ету, теміржол жылжымалы құрамдарын пайдалану және техникалық күту және тағы да басқа мамандықтар оқытылады. Күндізгі бөлімге биыл 81 бала қабылданса, сырттай бөлімге қабылдау жүріп жатыр екен. Сондай-ақ, жиында түлектерге бос жұмыс орындары ұсынылды. Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Төлеулі Махимов «Силикат-А» және «Базальт-А» ЖШС-дегі жоғары және арнаулы білімді талап етпейтін бос жұмыс орындарымен таныстырды. ҰБТ-ға қатыспаған түлек Нұрхан Жасақбаев жиында Ақтөбе политехникалық колледжін таңдағанын айтты. Ол автомеханик мамандығы бойынша білім алмақ. – Партияның аудандық филиалы бірнеше рет шақырып, ақпарат берді. Нәтижесінде оқуымды Ақтөбе политехникалық колледжінде жалғастыратын болып шештім. Бізге осындай мүмкіндіктер ұсынған партиялықтарға ризашылығым шексіз, – дейді ол. Ақтөбе облысының Қобда ауданында да нұротандықтар ҰБТ-ға қатыспаған және ұпайы шекті деңгейге жетпеген мектеп түлектеріне көмек көрсету шараларын жалғастыруда. Кеше партияның Қобда аудандық филиалында «Сәтті қадам» партиялық жобасының үшінші бағытын жүзеге асыру мақсатында дөңгелек үстел өтті. Қобда ауданында биыл 186 түлек мектеп бітірген. Оның 40-ы ҰБТ-ға қатыспаған болса, 13-і ҰБТ-дан шекті межені бағындыра алмады. Партия филиалы осыған дейін түлектермен 4 рет кездесу өткізді. Өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде ҰБТ-дан шекті межені бағындыра алмаған түлектердің 3-і ЖОО-на, 9-ы кәсіптік техникалық білім беретін оқу орындарына түсті, 1-і әскерге шақыртылған. – ҰБТ-ға қатыспаған түлектердің 5-і ЖОО-на, 24-і кәсіптік білім беретін оқу орындарына түсті, 2-і әскер қатарына шақырылды, 5-і жұмысқа орналасты. Ал қалған төртеуін бүгінгі шараға шақырдық, –  деді партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Берікбай Құрманиязов. Іс-шара барысында аудандық мәслихат депутаты Бекболат Толыбаев пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Рәзия Жолдыбаева оларға бос жұмыс орындарын ұсынды. –  Аудан бойынша 31 бос жұмыс орны бар. Оның 6-ы жоғары және арнаулы білімді талап етпейді. Атап айтқанда «Қобда жер» ЖШС, «Аманбай» ШҚ-на  жұмысшылар керек, –  деді Рәзия Жолдыбаева. Жиынға қатысқан түлектер ЖОО-ның сырттай бөліміне оқуға түспесе, ұсынысты қабылдайтындықтарын айтты және партиялықтарға ризашылықтарын білдірді. – Мен механизатор мамандығы бойынша Қобда көпсалалы колледжіне оқуға түстім. Жатақханада жатып оқимын, шәкіртақы да аламын. Оқу орнының басшылығы жұмыс табуға көмектесетіндіктерін айтты. Ұнжырғам түскенде демеу болып, кәсіптік–техникалық білімнің артықшылықтарын түсіндіргендеріңіз үшін ризамын, – деді мектеп түлегі Рүстем Бекмұратов.