Шырайы қашқан шағын қалалар

Елімізде шағын қалаларды дамытуға баса назар аударылып келеді. 2018 жылдан бастап моноқалаларды дамытуға бөлінетін қаржы көлемі 5 есе өспек. Алайда қаржының көп бөлінуі моноқалалардағы мәселелерді түбегейлі шеше ала ма? Шағын қалалардың шырайын келтіру қолға алынғанына біраз уақыт болғанымен, бәрі бірдей жанданып кете қойған жоқ. Қанша қаражат құйып, экономикасын өрлетеміз дегенмен, ахуал айтарлықтай түзелмеді.

Ширек ғасыр бойы шешілмеген мәселе

Моноқалалар мәселесі нарықтық заманның алғашқы жылдарында туындады. Олардың көбі кезiнде өндiрiс  орындарының арқасында дамығаны белгілі. Бірақ тұрғындарын  жұмыспен толық қамтамасыз еткен өндiрiс ошақтары тоқырау заманында тоқтап, кейбiрi тiптi қиратылып, моноқалалардың жағдайын төмендетiп жiбердi. Осыған орай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауындағы тапсырмасы бойынша ел Үкіметі моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеген болатын. Бағдарлама жұмыссыздық пен жұмысқа орналастыру, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, жаңа мектептер, аурухана, балабақша, тұрғын үй мәселелерін шешуді көздейді. Бұл ішкі көші-қонға ықпал етіп, қалалықтардың кәсіби тұрғыдан алғанда сапалы құрылымын қалыптастыруға әсер етуі тиіс еді. Кезінде тоқырауға ұшырап, жабылуға шақ қалған кәсіп­­орындар қайта жаңғыртылып, экономикалық тиімді әрі бәсекеге қабілетті өндіріс орындарына айналады. Сондықтан моноқалалар үшін оқыту, біліктілікті арттыру, нақты жалақысы бар жұмыс орындарымен қамтамасыз ету басты міндет болып саналады. Бірақ  құзырлы органдар моноқалалардың 2012-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасын қаншалықты орындауда?

2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына сәйкес, келесі жылы «үшінші деңгейдегі» қалаларды қаржыландыру  5 есеге ұлғайып, 37,8 млрд теңгеге жетеді. Ал 2019 жылы ол 55,4 млрд теңгеге дейін артпақ. Қазіргі уақытта дамыту бағдарламасының инфрақұрылымдық жобалары 7 өңірде – Қарағанды, Шығыс  Қазақстан, Жамбыл, Атырау, Павлодар, Қостанай және Алматы облыстарында жүргізілуде. Алдағы уақытта 9 моноқалада 14 жоба іске асырылатын болады. Ең көп қаражат (3,3 млрд теңге) Қарағанды облысына бағытталмақ. Оның 1,3 млрд теңгесі – Шахан кентінде қазандық пен жылу жүйелерін салуға, 1,2 млрд теңгесі Пришахтинскіде жылу магистралін қайта жаңартуға жұмсалады. Одан кейін Шығыс Қазақстан облысына 1,5 млрд теңге, ал Жамбыл облысына 1 млрд теңге бөлінбек.  Атап өтейік, 2018 жылы бюджеттік бағдарламамен «үшінші деңгейдегі» барлық қала (27 моноқала, 41 шағын қала) қамтылатын болады.

Моноқалаларды кейде моноөндірістік қалалар деп те атайды, яғни олар экономикалық базаның тар шеңберде мамандандырылған қалалары. Мұндай шаһарлар үшін қалалық елді мекендер мен ірі кәсіпорындардың тығыз байланыста болуы аса маңызды. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 1,53 млн адамды құрайтын немесе қалалық тұрғындардың 16,8 пайызы тұратын 27 моноқала бар. Оның үстіне, бұл категорияға 10 мыңнан 200 мыңға дейін халқы бар қалалар кірген. Ең өкініштісі, жұмыссыздықтың артуы, халықтың кедейленуі мен қоғамдық ортаның кері кетуі моноқалалар үшін күрделі мәселеге айналды.

Тізімге енгендердің тіршілігі түзелді ме?

Әрине, бағдарлама тізіміне енген шағын қалалардың бес жылдан бері тіршілігі түзеле бастағаны рас. Бұрынғы қалпынан айтарлықтай түзелген моноқалалардың біразында жағдай тұрақтала бастағанымен, гүлденіп кетті деуге әлі ерте. Себебі кейбір шағын қалаларда бос жатқан, қираған тұрғын үйлер әлі де көп. Кейбірінде жұмыспен қамту мәселесі шешімін таппаған. Бағдарлама моноқалаларды дамытуға ортақ міндеттер қойып, сол арқылы жұмыс жасауда. Шын мәнінде, шалғайдағы қалалар, әсіресе моноқалаларда кезегін күтіп тұрған мәселе көп. Оның ішінде елдің мазасын қашырып жатқаны – тозығы жеткен жылу мен су құбырлары. Шағын қалалар үшін өзекті екінші мәселе – қалаға тірек болып тұрған кәсіпорынға тәуелділіктен арылу. Бірақ әр қаланың жағдайы әртүрлі. Сондықтан әр қаланың жағдайын үкімет бөлек қарастыруы орынды болар  еді.

Республика бойынша демографияның өсуі байқалғанымен, бұл мәселе моноқалаларда күрмеулі болып тұрғаны жасырын емес. Моноқалаларды ұстап тұрған кәсіпорындардың жабылуы, соның салдарынан жұмыссыздар санының артуы, жұмыс іздеу мақсатымен еңбекке қабілетті жас тұрғындардың көшіп-қонуы демографиялық ахуалды өзгертті. Кейбір дерек көздеріне сенсек, моноқалаларда жасы ұлғайған тұрғындар саны едәуір артып, жүкті әйелдер саны төмендеген.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары жағдайы нашарлап кеткен шағын қалалардың бірі – Арқалық қаласы. Бұл шаһар Қостанай облысы ғана емес, республика бойынша аса маңызды. Тоқырау жылдарында Арқалық қаласы барынша күйзеліске ұшырады. Қазіргі таңда ел үкіметі шағын  қалаларды дамытуды қолға алғаны аян. Мәселен, Қостанай  облысында бағдарламаға енген 4 қала бар, Рудный – әлеуеті жоғары қала, Лисаков пен Жетіқара орташа дамушы, ал Арқалық әлеуеті төмен саналады.  Сол себепті, үкімет Арқалық қаласын дамытуды ерекше назарға алды.  Ең басты жетістік – Арқалық-Шұбаркөл теміржол желісінің салынуы. Теміржол арқылы құлазыған құла түзге жан бітті. Ондаған станция, теміржол бекеттері салынды, жүздеген жұмыс орындары ашылды. Жаңа желі тауарлардың тасымал құнын арзандатып, Арқалықтың ғана емес, жалпы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берді.

Бағдарлама тізіміне енген моноқалалардың бірі – Текелі қаласы. Текелі – Алматы облысындағы жалғыз моноқала. Қазіргі уақытта аталмыш шағын қалада тұрақты жұмыс істейтін кәсіп­орындардың өндірістік сыйымдылығына байланысты моноқалаларды оңтайландыру бойынша инвестициялық және кәсіпкерлік жұмыстар жүргізілуде. Текелі қаласы Елбасы тапсырмасына сай жасалған Моноқалаларды дамыту бағдарламасының жемісін көре бастады. Моноқалалар тізіміндегі Текеліге өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 1,5 млрд теңге бөлінген. Бұл жоба 3 жылдан бері жалғасуда. Көшелер реттеліп, жолдар мен аулалар жөнделуде. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жаңаруға бет алған шаһардың тұрғындары қазір 32 мыңнан асқан. Таяудағы жылдарда ол тағы 5 мыңға көбейеді деген болжам бар. Мүмкіндігі мол моноқала тұрғындары еңбектің ғана өнбегі болатынын жақсы біледі. Бүгінде қалада 1300-ден астам адам үй кезегінде тұр. Олардың арасында аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, ардагерлер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері бар. Оларға берілуі тиіс 80 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары әзір біткен жоқ.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Үкімет бекіткен «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасына Кентау қаласы енген болатын. Моноқалаларды дамыту жөніндегі арнайы бағдарлама аясында шаһарды дамытуға қомақты қаржы бөлінуде. 2015-2016 жылдары Кентау қаласы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде шағын несие алуға республикалық бюджеттен 450 млн теңге бөлінді. Аталған қаржы мал шаруашылығына арналған 22 жобаға, ағаш өңдеу және ағаш өнімдерін шығаруға қатысты 2 жобаға, жолаушы тасымал қызметіне байланысты 2 жобаға, тігін шеберханасын ашуға орай 1 жобаға жұмсалды. Мұның барлығы да қазіргі таңда жұмыс істеп, шағын қалада шағын және орта кәсіпкерлік дамуда. 25 гектар жерді алып жатқан қаладағы индустриялық аймақта қазіргі таңда инфрақұрылым жүйесі жүргізіліп, 4 жобаның негізінде 145 жұмыс орны құрылды. 2017 жылдың соңына дейін индустриялық аймақтан тағы 2 жоба іске қосылады деп жоспарлануда.

Инвестициялық тартымдылығы жағынан Кентау көптеген жобаларға қолайлы келедi. Әуел баста қаланы құрудағы мақсат  Ащысай полиметалл кенiшiн байыту жұмыстары болатын. Қаратаудың қойнауында әлi де көптеген пайдалы қазбалар жатыр. Мұнда өткен жылдан бастап геологиялық барлау жұмыстары қолға алына бастады.

Осылайша, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы шеңберінде шағын қалалардың шырайы кіре бастады. Еліміздегі шағын қалаларды дамыту бағдарламасы тек қалаларды ғана емес, сонымен қатар сол төңіректегі елдімекендерге, ауылдарға да жаңалық әкелетіні айқын. Ел Үкіметі қабылдаған бағдарлама шағын қалаларды дамытуға ерекше серпін береді деген сенім мол.

Back to top button