Жаңалықтар

Жолдағыны жайпаған тайфун

ашық дереккөзі

Жолдағыны жайпаған тайфун

Соңғы уақытта әлем халқы түрлі табиғат апаттарынан жиі зардап шегуде. Табиғаттың тосын мінез танытуы салдарынан зор шығынға ұшырап жатқан мемлекеттердің де қатары көбеюде. Соңғы жылдары табиғат апаттарынан келетін шығынның, әсіресе адам шығынының артуы алаңдатпай қоймайды. Биылғы жазда Жапония аса күрделі кезеңді бастан кешті. Шілде айында елдің оңтүстігінде соққан жойқын «Нанмадол» тайфунының салдарынан су тасып, лай көшті. Апатқа ұшыраған аймақтан 10 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. Кюсю аралында секундына 25 шақырым жылдамдықпен жел соғып, жағалаудағы толқындар 6 метрдей биікке көтерілген. Жапонияның орталық бөлігінде де дауыл соққан. Арада бір ай өтпей жатып, Жапонияның оңтүстігіндегі жұртшылық тағы да тайфунның зардабын тартты. Бұл жолы жапондарды «Нору» тайфуны әбігерге салды. Тайфунның салдарынан елдің оңтүстігінде 260 ішкі әуе рейсі тоқтатылып, 300 мың адам жергілікті жерден көшірілді. Сонымен қатар, табиғат апаты кезінде 2 адам қаза тапты. Тайфунның кесірінен Якусима, Танэгасима, Амами аралдарында күшті жел тұрып, жауын болған. Синоптиктердің айтуынша, мұндай құбылыс 50 жылда бір рет болады. Тайфун ақырын қозғалған сайын, оның қауіптілігі басым. Себебі бір аумақта тұрып қалып, жел мен жауын-шашын ұзаққа созылады. Жапония­­­­ның метеорологиялық орталығының ақпараты бойынша, тайфунның қысымы 950 гектопаскальды құраса, жел жылдамдығы секундына 35 метрге жеткен. Қытай халқы да жапондар тәрізді табиғат апатының зардабын тартуда. Өткен аптада елдің оңтүстігінде орын алған «Хато» тайфунынан қаза тапқандардың саны 16-ға жетті. Қытай еліндегі дауыл Гонконг, Макао аудандары мен Гуандун, Фуцзянь провинцияларын басып өтті. Жаңбырлы дауыл ғимараттарды, электр бағаналары мен талдарды құлатып, көпірлерді қиратты. Жел жылдамдығы сағатына 150 шақырымға дейін жетті. Табиғат апатынан Гонконгте 120 тұрғын түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Сондай-ақ, 1 миллиард доллардан астам шығын келген. Ал Макаода 8 адам көз жұмды, 153 тұрғын жарақат алды. Тайфун салдарынан жүздеген ішкі және халықаралық әуе рейсі кейінге шегерілді. Жексенбі күні мамандар «Хато» сұрапыл дауылынан жапа шеккен Гонконгке енді «Пакхар» атты тағы бір тропиктік дүлей жел жақындап келе жатқандығын мәлімдеді. Қазір сағатына 110 шақырым жылдамдықпен ұйытқыған дауыл арнайы ауданның оңтүстік батысындағы теңізге жеткен. Аймақта қауіп деңгейі 8-ші дәрежеге дейін көтеріліп, қоғамдық көліктер мен кемелер тоқтатылды. 300 ұшақ рейсі кейінге шегерілді. Тропиктік дауыл мен тайфуннан жиі зардап шегетін елдердің бірі – Вьетнам. Табиғаттың тосын мінезінен мұнда жылына жүздеген адам көз жұмады. Мәселен, шілде айында Вьетнамда соққан «Талас» жаңбырлы дауылының салдарынан ел астанасы Ханойды су басты. Үйдің төбесі құлап, бір адам қаза тапты. Нгеан провинциясындағы жүк кемесі суға кетіп, 10-нан аса адам із-түссіз жоғалған. Табиғат апатының салдарынан елдің орталығындағы әуежайлардан ұшақтардың қатынауы тоқтатылған. Бұған дейін елдің солтүстігінде бірнеше апта бойы жауған нөсерден су тасқыны мен лай көшікіні жүріп, 14 адам опат болған еді. Аймақта 500-ден астам үй мен 1,5 мың гектар күріш алқабы су астында қалды. Биліктің мәлімдеуінше, табиғат апатынан мемлекет 2 млн доллардан астам шығынға ұшыраған. Ал тамыз айының басында Вьетнамның солтүстік бөлігінде жауған нөсер соңы тасқынға ұласып, табиғат апатынан 7 адам қаза тапты. Ұшты-күйлі жоғалғандардың саны 27-ге жеткен. Оларды іздеу-құтқару жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметінің 900 маманы жұмылдырылған. Тасқыннан зардап шеккендерге жәрдем беріп, шығын көлемін есептеу үшін үкіметтен арнайы комиссия құрылды. Ал АҚШ халқы «Харви» дауылынан зардап шекті. АҚШ-тың Техас штатында ұйытқыған жел дауылға ұласып, кесірінен 5 адам қаза тапқан, жараланғандардың да қарасы қалың. Із-түссіз жоғалып кеткендердің саны 30-ға жетіпті. Табиғаттың тосын мінезіне байланысты Техастың 50 аймағында төтенше жағдай жарияланып, 350 мың тұрғын жарықтан ажыратылды. Билік өкілдері дауыл зардаптарын қалпына келтіруге 1 жылдан астам уақыт пен 40 миллиард доллар қаржы қажет екендігін мәлімдеді. Құйын кесірінен Мексика шығанағындағы мұнай өндірісі де 25 пайызға қысқарды. Өйткені дауылдың күштілігіне байланысты бұрғылау платформасындағы жұмысшылардың барлығы қауіпсіз аймаққа көшірілген. Дауыл бұған дейін Мустанг аралындағы Канзас штатына көп залал келтірген болатын. Мамандар «Харви» дауылы Құрама Штаттар аумағында соңғы 12 жылда соғып отырған ең дүлей жел екенін айтады. Оған дейін, яғни 2005 жылы Луизиана штатын талқандап өткен «Катрина» дауылы қауіптілік деңгейі бойынша ең жоғары, бесінші дәрежеге жеткен екен.