Қағаз бетінде сөйлейтін көрсеткіштер

Қағаз бетінде сөйлейтін көрсеткіштер

Қағаз бетінде сөйлейтін көрсеткіштер
ашық дереккөзі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне жүгінсек, қазіргі таңда Қазақстандағы жұмыссыздықтың деңгейі 4,9 пайыз. Салыстыру үшін айтсақ, АҚШ-та бұл көрсеткіш 4,3, ал Ұлыбританияда 4,4 пайыз шамасында. Сонда жұмыссыздық деңгейі бойынша біз азуын айға білеген алпауыт елдерге қарайлас екенбіз. Бірақ ұлттық экономиканың даму деңгейін, ЖІӨ көрсеткіштерін салыстыруға келе ме?  Оның үстіне, АҚШ-та экономикалық белсенді халықтың саны 163 миллион, ал Ұлыбританияда – 34 миллион екенін ескеру керек. Яғни, 163 миллион немесе 34 миллионның 4,3-4,4 пайызын қазақстандық еңбек нарығындағы 8,5 миллионның 4,9 пайызымен салыстыруға келмес. Жұмыссыздықтың былтырғы, алдыңғы жылдардағы көрсеткішіне қарасақ, Қазақстанда жылдық меже 5 пайыздан аспаған. Сонда ұлттық экономиканың бақуаттылығын тұрғын халықтың еңбекпен қамту деңгейіне салып есептейтін болсақ, Қазақстан экономикасы жылдан жылға өркендеп, ал халықтың тұрмысы біртіндеп жақсарып келе жатқанын айтуға  тиіспіз. Ең бастысы, жұмыссыздар «армиясы» санының азаюы ел тұрғындарының басым көпшілігінде өз алдына кәсібі мен тұрақты табысы, ең бастысы, ертеңге деген сенімін ұялатар жеке шаруашылығы бар деген сөз. Бірақ неге кейбір белгілі экономистер «бізде жұмыссыздықтың шынайы көрсеткіші 20-30 пайызға жуық» деп мәлімдеме жасайды? Осыған орай, ресми статистика мен нақты өмір мысалын безбенге салып, өз есебімізді жүргізгенді жөн көрдік. Қазақстан Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жұмыссыздықты есептеу барысында Халықаралық еңбек ұйымының есептеу әдістемесін негізге алады. Бұл ұйымға Қазақстанды қоса алғанда 180 мемлекет мүше. Басқаша айтқанда, дүниежүзінде жұмыссыздық көрсеткішін санау жолдары ұқсас. Шамасы, бізге америкалықтар немесе еуропалық статистика мамандары келсе де, олардың есебі бес пайыз көлемінде шығуы әбден ықтимал. Қазіргі жұмыссыз деген терминнің мағынасы «жұмысы жоқ, жұмыс іздеп жүрген адам және жұмысқа кірісуге дайын адам» дегенді білдіреді. Ал жалпақ тілде жұмыссыз деген атау жұмыссыз жүрген, екі қолға бір күрек таппаған адамды білдіреді. Қазақстан еңбек нарығы 8,5 миллион адамнан тұрады. Яғни, сонша адам жұмысқа жарамды және еңбек нарығында өз нәпақасы үшін тырбанып еңбек ете алады деген сөз. Яғни, 8,5 миллион халықтың ішінде жалдамалы жұмысқа жегілгендер мен жұмыссыз ретінде тіркеуге тұрғандарды алып тастаймыз. Яғни, 6,3 миллион адам белгілі бір мекемеге тіркеліп, тұрақты айлық алып, жұмыс істеп жүргендер. Ал жұмыспен қамту орталығына тіркелгендер, яғни мемлекет есебіндегі жұмыссыздар саны бүгінде – 436 000. Қалғаны, яғни 8,5 миллионның 25 пайызға жуығы немесе 2,2 миллионы өзін-өзі еңбекпен қамтушылар деп саналады. Бірақ бар кілтипан дәл осы «өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» деген құбылыстың төңірегінде бастау алады. «Жұмыссыз» деп «жұмысы жоқты ғана емес, жұмыс іздеп жүрген» адамды санайтындықтан, жұмыссыз болса да, арнайы жұмыспен қамту орталығына бармаған, тіркеуге тұрмағандардың бәрі «өзін-өзі қамтушы» категориясына еніп кетеді. Әлбетте, олардың ішінде шынымен орта және шағын кәсіпті дөңгелетіп, өзін ғана емес, өзгелерді жұмыспен қамтып жүрген іскер азаматтар бар. Бірақ біздің менталитетте екінің бірі жұмыссыз ретінде тіркеуден өтуге құнты жете бермейтіні белгілі. Жұмыспен қамту орталықтарын жағалағаннан гөрі «ағалап», тамыр-таныс аралағанды жөн көретініміз тағы бар. Мұндай «ағайыншылық» немесе «адами фактор» арқылы жұмыс табуда екінің бірінің жолы бола бермейді. Сонда жаңағы «жұмыссыз болса да жұмыс іздемейтін», яғни ресми тіркеуге тұрмаған азамат «өзін-өзі қамтушы» санатында есепке алынып, бірақ іс жүзінде адал нәпақасын тауып жеуде қиналып жүргені. Ресми статистика мен шынайы экономикалық ахуалдың арасындағы айырма осы жерден туындайды. Мемлекет есебінде 2,2 миллион адам өз нәпақасын тауып жеп жүрген, тіпті мемлекеттің көмегіне (яғни, жұмыссыздыққа берілетін жәрдемақыға) мұқтаж емес еркін адамдар болса, шынайы өмірде олардың көбісі екі қолға бір күрек таппай немесе университеттен алған дипломы мен біліктілігін еңбек нарығында пайдаға асырудың жолын таппай амалы құрыған, сонда да жұмыссыз ретінде тіркеліп, азын-аулақ тиын-тебенге көзін сатуға намыстанған азаматтар. Бірақ әркім  өз тағдырына  өзі  жауапты  дейтін  нарықтық қатынас заманында  ол үшін ешкімді  де айыптай  алмайсың. Қалай  десек  те биік мінберлерден «бізде жұмыссыздық көрсеткіші ең төмен деңгейде, бар болғаны 5 пайыз» деп ресми мәлімдеме жасалғанда, оған нанатын адам сирек сияқты. Жалдамалы жұмыс істемейтін, бірақ жұмыссыз ретінде тіркелмегендердің бәрі өзін-өзі қамтушылар дегенде, олардың екі категорияға бөлінетінін айтуға тиіспіз. Бірі – тіркелмесе де, өз бетінше жұмыс іздеп жүргендер, екіншісі – шынымен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, яғни кез келген фирма не кәсіпорын, яғни ЖШС, АҚ ашып, жеке кәсіп жүргізетіндер. Екінші топ шын мәнінде қаржылық-экономикалық тұрғыда еңбек нарығында ешкімге тәуелсіз адамдар. Олар мемлекеттен бір-ақ нәрсені: шағын және орта кәсібін жүргізу үшін жағдай жасауды, заң нормаларымен қысым жасамауды, салық алымдарын алуда асыра сілтемеуді талап етеді. Егер біздегі 2,2 миллион адамның бәрі осындай болса, онда Қазақстанда шағын және орта кәсіп қанат жайып, өркендеп кетті дегенді білдірген болар еді. Бұл мемлекет экономикасының диверсификациясы іс жүзінде жүзеге асып, ұлттық экономика шикізат өндірісіне тәуелділіктен арылып, шын мәнінде еңбек қоғамына және бақуатты қоғамға айналды дегенді білдірген болар еді. Себебі шағын және орта кәсіптен түскен салық дамыған елдердегі табыстың қомақты үлесін құрайтыны баршаға мәлім. Алпауыттардың жағдайына көз жүгіртсек, шағын және орта кәсіпкерліктің ЖІӨ көрсеткішіндегі үлесі АҚШ-та 62 пайыз, Жапонияда 63 пайыз екен. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 25-26 пайыз шамасында ғана. Жергілікті еңбек нарығының ең үлкен «әттеген-айы» да осында: біздегі 2,2 миллион «өзін-өзі қамтушылардың» бәрі бірдей мемлекет есебіндегідей кәсіпкерлер емес. Статистика мамандары осы топтың өзін екі категорияға бөледі. Елде «жеке кәсіпкер» ретінде салық комитетінде тіркеліп, жеке кәсіпкердің куәлігін алған адамның саны 1,5 миллионға жетеді екен. Бірақ бұл қағаз жүзінде ғана. Өмірдің өзі көрсетіп отырғанындай, көптеген адамдар «жеке кәсіпкер» ретінде тіркеліп, мөр алған соң да сабылып, бос жүреді. Жаңағы 1,5 миллион тіркелген «жеке кәсіпкерліктің» жартысынан астамы қағаз жүзіндегі идея болып қозғаусыз тұрады. Сонда Қазақстанда кәсіп ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүргендердің саны жобалап айтқанда 700 000 адам. Өз нәпақасын тауып қана қоймай, мемлекетке салық төлеп, ұлттық экономиканы ілгері жылжытатындар да – солар. Ал өзін-өзі қамтушылардың екінші тобы ауылда мал-жаны бар, егіс не басқа шаруашылығы бар тұрмысы орташа тұрғын болуы мүмкін, бірақ олардың жылдық табысын есептеу қиын әрі олар мемлекетке салық төлемейді. Қазақша айтқанда, «сен тимесең, мен тимен бадырақ көздің» жағдайы. Мемлекеттік тіркеу органына, «мені есепке алып, жәрдемақы төле немесе жұмыс тауып бер» деп алақан жаймайды, өзі де мемлекетке алым-салық төлеуге құлықсыз немесе қауқарсыз. Ел ішінде бір базар мен екінші базардың арасында зат тасып, жабайы сауда жасап жүргендердің  жағдайы да осыған ұқсас. Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда жеке көлігімен адам тасып, «такси» қызметін атқарып жүргендер де осы категорияда. Бұдан бөлек, статистикалық комитеттің есеп-қисабында жұмыссыздардың шын ахуалын анықтауға арналған тағы бір әдіс бар. «Өзін-өзі қамтушыларды» айлық табысы «өмір сүруге қажетті минимум» деңгейінен асатындар және аспайтындар деп тағы екіге бөліп қарастырады. Бұл межеден аспайтындар саны елде 300 000 екен. Ал «өмір сүруге қажетті минимум» көрсеткіші Қазақстанда қазіргі таңда 24 459 теңге. Айлық табысы 24 459 теңгеден аспайтындар, расымен тұрмыс жағдайы ауыр, күнін әрең көріп отырғандар екені даусыз. Статистиканың тілінде бұл топ «жеміссіз, тиімсіз» деп аталады. Сонда Қазақстанда жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны 436 000 болса, оған экономикалық «тиімсіз» саналатын 300 000 адамды қоссақ, жұмыссыздардың шынайы көрсеткіші кем дегенде 730 000 болуы керек. Бірақ бейресми мәліметтерге жүгінсек, ел аумағында «өнімсіз, тиімсіз» категориясына жататын адамдар саны 1,1 миллион адам болуы керек. Бірақ ресми статистика мұны ешқашан мойындамайды, себебі оның есептеу әдісі жоғарыдағыдай. Ал 1,1 миллионға ресми орталықта тіркеуде тұрғандарды қоссақ, онда елдегі жұмыссыздар «армиясы» 1,5 миллион адамға жетеді. Сонда жұмыссыздық көрсеткіші қазіргідей  5 пайыз емес, 17-18 пайыз шамасында деп айтылуы тиіс еді. Бірақ статистикалық есептің қызығы мен шыжығы мұнымен бітпейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қоғау министрлігі тұрғын халық арасында әлеуметтік сауалнама жүргізгенде, ел аумағы бойынша 1,2 миллион адам өзі туралы «жұмыс істеймін» деп ақпар берсе де, еш жерде тіркелмеген әрі мемлекетке салық төлемейтіні анықталған. Ал 250 000 адамның «жеке кәсіпкер» ретінде куәлігі бар, бірақ салық комитетінде олардың табыс декларациясы «нөлге» тең. Сонда 1,5 миллион адам шын жұмыссыз әрі табысы төмен болса, 1,5 миллион адам әйтеуір тырбанып, өз нанын тауып жеп жүрген, бірақ ешбір есепте жоқ адамдар болғанда, біздегі жұмыссыздардың саны 3 миллионға жуықтап қалады. Оның ішіндегі «көлеңкелі бизнесте» жүргендер де, жалақысын «конвертпен» алатындар да, жабайы бизнеспен айналысып, салық төлеуден жалтаратындар да, қағаз жүзінде «кәсіпкер» атын иеленіп, өзі бос жүргендер де және жағдайы шынымен төмен, екі қолға бір күрек таппай, діңкесі құрыған шарасыздар да бар. Осындай 3 миллиондық «армияның» ішінде мемлекет есебінде тұрғандар тек 436 000 мың. «Қазақстандағы жұмыссыздар саны 5 пайыздан аспайды» деген көрсеткіш осыдан шығады. Жұмыссыздыққа қатысты екі түрлі көзқарастың болуы екі түрлі статистикалық деректердің тарауына себеп болады. Ресми көрсеткіш жаңағыдай болғанымен, шынайы сан одан екі әлде үш есе көп екенін сарапшы экономистер айтып жүр. Ал біз мұны өз есебімізде ашып көрсеттік. Әлбетте, бұл орайда мемлекет қол қусырып қарап отыр деуге болмас. Анығында, мемлекеттік органдар жұмыссыздықтың ресми әрі бейресми деректерін жақсы біледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қоғау министрлігі «өзін-өзі қамтушылар» санатындағы азаматтардың «тиімсіз» категориядан шын мәнінде «кәсіпкер, іскер» категориясына өтуін қамтамасыз ету жолдарын қарастырып жатыр. Жаппай кәсіпкерлікпен айналысуды насихаттауға және қолдауға арналған  мемлекеттік бағдарламаны қабылдауының себебі осында. Осы орайда, Президент Н.Назарбаевтың 2016 жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде «адамдарға балық берудің қажеті жоқ, оларға балық аулауды үйрету керек» деген сөзі еске түседі. «Тұрғын халықтың табысының өсуі біздің жұмыс орындарын ашып, адамдардың өз нәпақасын өздері табуына жағдай жасауымыз керек дегенді білдіреді. Мемлекеттің ролі деген осы», – деген еді Президент. Кәсіпкерлікті дамытуға бөлінетін шағын несиелер осы мақсатқа арналған. Егер еңбекке жарамды тұрғындар жеке кәсіп ашып, өз шаруашылығын жүргізіп, табыс табатын болса, өз бала-шағасын асырап қана қоймай, ағайын-туысына жұмыс тауып береді әрі мемлекетке салық төлейді. Сонда кәсіпкерлер санының артуы тұрғын халыққа да, мемлекетке де тиімді. Айтпақшы, жұмыссыздық көрсеткішін есептеу әдістемесі көп елдерде ұқсас дедік қой. Сонда дүние жүзі бойынша ресми көрсеткішке жүгінсек, жұмыссыздықтың ең төмен ресми көрсеткіші шын мәнінде өте кедей елдердің үлесінде екен. Мысалы, Халықаралық еңбек ұйымының дерегіне сәйкес, Камбоджада жұмыссыздық 0,3  пайыз ғана. Яғни, ресми статистика беті бүлк етпестен әрбір камбоджалықтың жұмысы бар екенін айтады. Шын мәнінде, Дүниежүзілік банктің дерегіне сенсек, мұндағы 15 миллион халықтың 8,1 миллионы күнін әрең көріп отыр. Халықтың 17,7 пайызы сіңірі шыққан кедей саналады. Мысалды жақыннан іздесек, Беларусь республикасында былтырғы ресми жұмыссыздық деңгейі 0,5 пайыз деп хабарланды. Бірақ бұл елде де жұмыссыздар ресми органға тіркелуге құмар емес, себебі жұмыссыздарға мемлекет есебінен төленетін жәрдемақы айына он доллардан аспайды әрі оны шектеулі мерзім ғана төлейді. Оған қоса, бұл елде тіркеуде тұрған жұмыссыздар оқтын-оқтын қоғамдық жұмыстарға тегін жегіліп тұрады. Мұндай жағдайда «тіркеуде жоқ», яғни шын жұмыссыздар саны ресми көрсеткіштен әлдеқайда көп болатыны түсінікті. Салыстыру үшін, Қазақстанда жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы көлемі 27 мың теңгеден аспайды. Оның өзі 4 ай, көп дегенде 6 ай ғана беріледі. Бұл мысалдарды қомсына қоймасаңыз, тұрмыс деңгейі төмен азиялық мемлекеттерге қаралық, мысалы, Таиланд, Мьянма, Бенин елдерінде жұмыссыздық деңгейі 1 пайыздан аспайды. Осыдан соң ресми көрсеткіштерге иланасыз ба, жоқ па – өз таңдауыңыз. Бір ғажабы, статистикалық ұғымға салғанда, ресми көрсеткіштер шындықты бұрмалайды деп дабыра салудың да қисыны келе қоймас. Себебі қазіргідей «жұмыссыз адам – жұмысы жоқ және жұмыс іздеп жүрген, яғни жұмыспен қамту орталығында тіркелген адам» анықтамасына сәйкес, тек тіркеуде тұрған адамдарды ғана есепке алсақ, онда ресми статистика барды бар деп қана көрсетіп отыр. Бірақ кәдуілгі өмірдің айнасы басқаша. Шамасы, сандық көрсеткіш тек қағаз бетінде ғана «сөйлейді», ал шын көрсеткішті өмірдің өзі айқындап беріп отыр.