Еуроодақ уланған жұмыртқаларға қатысты жиын өткізбек
Еуроодақ уланған жұмыртқаларға қатысты жиын өткізбек
Еуроодақ фипронилмен уланған жұмартқалар төңірегіндегі жанжалға байланысты қауымдастыққа мүше бірнеше елге оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы миссия жібермек, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Мұндай ақпаратты денсаулық сақтау жөніндегі еурокомиссар Витенис Андриукайтис мәлімдеді. Deutsche Presse-Agentur-дың соңғы деректерінше, одақ құрамындағы 24 елге таралған улы азық саны 100 млн-нан асып жығылады. Мамандар: «Фипронил жұмыртқа өндірісінде жыл бойы қолданылып келеді», – дейді.
Осы даудан кейін Германияда – 7, Нидерландта – 258, ал Бельгияда 93 құс фабрикасы уақытша жабылған. Франция, Италия және Венгрия елдері де бұл жанжалдан тыс қалмады.
«Уланған жұмыртқа мәселесіне қатысты Еуроодақ елдері министрлері мен өкілдерінің кездесуі болады. Шара 26-ыншы қыркүйекте өткізілмекші. Кездесудің мақсаты – азық-түлік өндірісіне қатысты мәселелерді шешуде Еуроодақ жүйесінің тиімділігін арттыру, соның жолдарын талқылау», – дейді Еурокомиссияның ресми өкілі Мина Андреева.
Айта кетейік, фипронил – ауыл шаруашылығында зиянкес жәндіктермен күресте қолданылатын улы зат. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен стандартқа сәйкес: оны халық тұтынатын өнімдерге қолдануға болмайды! Еуроодақ бұл химикаттың адам бауыры мен бүйрегіне және қалқанша безіне өте қауіпті екенін алға тартып отыр.