Жаңалықтар

Құрық портын салудың екінші кезеңі аяқталмақ

ашық дереккөзі

Құрық портын салудың екінші кезеңі аяқталмақ

Құрық портын салудың екінші кезеңі биыл аяқталады, – деп хабарлайды 24.kz арнасы. Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмысшылармен кездесуінде осылай деді. Өңірде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Бейнеу-Ақжігіт» және «Шетпе-Ақтау» көлік жолдарын жөндеу мен Құрық портының құрылысына басымдық берілген. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Транс-каспий халықаралық көлік бағдарының маңызды түйіні саналатын жоба нысандарын аралап, жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды. Порт аумағында 114 ғимарат бой көтеріп келеді. Автомобиль паром өткеліне көлік жолын тарту жұмыстары аяқталуға жақын. Былтыр іске қосылған өткел тәулік бойы вагондарды қабылдап, өткізуде. Бүгінге дейін 756 мың тонна жүк қабылдап-жөнелтсе, келер жылы бұл көрсеткішті 3 млн тоннаға жеткізу жоспарда бар. Жалпы құрылысқа 200 мамандық бойынша мыңға жуық адам тартылған. Олардың 600-ден астамы жергілікті тұрғындар. «Биылғы жылдың аяғына дейін 1 млн 300 мың тонна жүк паром арқылы өткізіледі. Енді автокөлік желісі нысандары бойынша жұмыстардың қарқынын арттырып, ағымдағы жылдың аяғына дейін пайдалануға беруді қамтамасыз ету керек», – дейді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин. Ал Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов: «Жергілікті жердегі азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін міндетті түрде оларды қайта оқыту, арнайы оқу орындары бар. Соған байланысты оларды толықтай өткізуге біз дайынбыз. Қажетті мамандықтар бойынша мына азаматтардың бізге ұсынған ұсыныстарын қабылдап, қажетті көлемде беруге дайынбыз», – деп отыр.