Жаңалықтар

Көкшетауда жол жөндеу үшін 4,5 млрд теңге бөлінді

ашық дереккөзі

Көкшетауда жол жөндеу үшін 4,5 млрд теңге бөлінді

Көкшетауда биыл жол жөндеуге 4,5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр, – деп хабарлайды 24.kz арнасы. Арнаның хабарлауынша, оның 3 млрд теңгесі ел қазынасынан қарастырылса, қала ішіндегі көшелерге облыстық бюджеттен қаражат бөлінген. Осы арқылы шаһардағы бірнеше көше күрделі жөндеуден өткізіліп, қаланың кіреберісінде бұрын-соңды болмаған төрт жолақты кең жол пайда болады. Көкшетаудың кіреберіс қақпасындағы бұл жолдың ұзындығы, яғни жаңартылатын аумағы 11 шақырым. Оның 4 шақырымы биыл, ал қалғаны келесі жылы салынады. Қаладан шыққаннан қақпаға дейінгі аралық 6 жолақты болса, одан әрі 4 жолақты болып жалғасады. Ал жаңа жол алдағы жылдың күзінде пайдалануға берілмек. Төрт жолақты жол қала ішінде де пайда болады. Мамандар: «Мәлік Ғабдуллин көшесі даңғылға айналады», – деп отыр. Бұрын ені 7 метр ғана болған бұл көше енді 15 метрге дейін кеңейтілмек. Осылайша Максим Горький көшесінің жүктемесін азайту көзделген. Сондай-ақ биыл Тәшенов көшесінің «Шығыс» базары аумағындағы тұсы да күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұрын бұл жерлер ойдым-ойдым болып, жүргізушілерді әбден әбігерге салған еді. Ал 2018 жылы Наурызбай батыр және Вавилов көшелері де толықтай қалыпқа келтірілмек.