Лондонда «Шәкәрім. Қазақ ақынының өмірі» атты кітап ағылшын тілінде шықты
Лондонда «Шәкәрім. Қазақ ақынының өмірі» атты кітап ағылшын тілінде шықты
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, халықаралық «Мәңгі Ел» ғылыми-көпшілік тарихи журналының бас редакторы Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» атты танымдық-ғұмырбаяндық кітабы «Шәкәрім. Қазақ ақынының өмірі» («Shakarim. The life of Kazakh poet») деген атпен ағылшын тілінде жарық көрді. Сөйтіп, бұған дейін қазақ, орыс («Молодая гвардия» баспасы «ЖЗЛ» сериясы), түрік тілдерінде («Bengu» баспасы) шыққан әлемдік руханият тарихында орны бар қазақ тұлғасы туралы толымды еңбек ағылшын оқырмандарына жол тартты.
Кітаптың тұсаукесері Лондон қаласында Абай күндері қарсаңында ұйымдастырылған «Қазақтың Лондондағы өнер фестивалі» шеңберінде өтті. Салтанатты шараны «Werner Capital» компаниясының басшысы Томас Вернер ашты.
Кітапты ағылшын тілінде өнертанушы ғалым А. Тайзенхаузен таныстырды: «Бұл кітапта қазақ ақыны, философ әрі педагог Шәкәрімнің бүкіл өмірі ғана емес, сонымен қатар ұлт тарихы жатыр», – деп ерекше атап өтті.
Тұсаукесер рәсімге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми хатшысы Жанна Нұрманова, орыс филологиясы кафедрасының доценті Гүлбану Шәріпова және кітапты ағылшын тіліне аударған Лондондағы Шыңғыс Айтматов атындағы академияның тәржімашысы Джон Амор қатысты.
Бұл кітапта ақынның тарихи, көсемсөз және философиялық шығармалары ғылыми және азаматтық ұстаным тұрғысынан талданған. Негізі Шәкәрім есімі Британияда алғаш аталып отырған жоқ. Бұдан 5 жыл бұрын классикалық музыканың көзі тірі аңызына айналған британдық сазгер Карл Дженкинс арнайы симфония жазып, Лондонның «Рояль Фестиваль Холында» көпшілік назарына ұсынған болатын. Корольдіктегі талабы зор, талғамы биік көрермен тамаша туындыны жоғары бағалады. Шараға Орталық Азияның әдебиеті, мәдениеті мен өнерін Батыста кеңінен насихаттап жүрген Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық академия ұйытқы болыпты. Ақын, дінтанушы, шежіреші, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы бұл ғұмырбаяндық кітаптың енді ағылшын оқырмандарына жетуі мен танылуы – Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті үшін шын мәніндегі үлкен олжа әрі Тәуелсіздік пен Елбасымыз жүргізіп отырған салиқалы саясаттың үлкен жемісі. Ұлтымыздың қайраткерлері мен ұлы тұлғаларын осылайша әлемге кең таныта білсек, елдігімізге – мерей, мемлекетімізге – мақтаныш.Қазақтың біртуар ақыны жайлы кеңінен жазылып, ағылшындар елінде тұсауы сәтті кесілген Ерлан Сыдықовтың бұл кітабы өз оқырмандарын табатынына шүбә жоқ.
Жанна Нұрманова, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми хатшысы:
– Бүгін Лондонда шын мәнісінде үлкен тарихи оқиға болды. Ағылшын тілді қауым керемет ар ілімінің негізін қалаған біздің тамаша философ, ойшыл, ақынымыз туралы кітапты оқуға мүмкіндік алды. Тұсаукесердің үлкен табыспен өткеніне өте қуаныштымыз.
Адель Дарвиш, британ жазушысы, саяси комментатор:
– Мен бүгін үлкен ауыртпалықтарды басынан өткерген, бірақ болашаққа деген сенімін сақтап қалған қазақ халқының рухын сезіндім.
Гүлжазира ЕРТАСОВА,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.