Жаңалықтар

Сағадиев орыс тілінің жаңа оқулығын сынағандарға жауап берді

ашық дереккөзі

Сағадиев орыс тілінің жаңа оқулығын сынағандарға жауап берді

Астанадағы №80 мектеп-гимназияда өткен алғашқы қоңырау аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев орыс тілінің жаңа оқулығына қатысты сынға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Орыс тілі оқулықтарына қатысты айтар болсам, біздің балаларымыз 11 жыл білім алу барысында грамматиканың үлкен көлемін алады және классикалық әдебиетті жеткілікті деңгейде біліп шығады. Егер бағдарламаның шағын бір бөлігінде біз қазіргі заманғы орыс тілін оқытатын болсақ, онда тұрған ешқандай жаманшылық  жоқ. Мен бағдарламаның шағын ғана бөлігін орыс тілін қолданудың жаңа бағытына арналуы тиіс деп санаған оқулықты әзірлеушілермен, сарапшылармен келісемін», - деді ол. Оның пайымынша, біз балаларды өткенге емес бүгінгі күнге, болашаққа дайындаймыз. Сондықтан оқулықтың мазмұнындағы шамалы өзгерістерге шошына қараудың ешқандай қисыны жоқ. «Пиаршы» сынды сөздерді қолдануға қатысты айтар болсам, сарапшылардың пайымынша, орыс тілінде 50 мыңнан астам кірме сөз бар екен. Тіл күн сайын жаңа сөздермен толығып отырады. Орыс тіліне сіңісті болып кеткен «тарих» (история) сөзінің өзі «history» сөзінен шыққан. Оны қолдана бастаған кезде наразылық көрсеткендер де болды. Ал қазір тарих сөзі орыстың өз сөзіндей қабылдаймыз. Сондықтан мұнда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ. Біздің балаларымыз қазіргі заманғы терминологияны, тілдік  қарым-қатынастың барлық формаларын білуі әрі оған дайын болуы тиіс. Оның үстіне бұл сөздерді олар қолданып та жүр», - деді Ерлан Сағадиев.