ЕО автокөліктерді тексеру талаптарын күшейтті
ЕО автокөліктерді тексеру талаптарын күшейтті
Еуроодақта 1 қыркүйектен бастап автокөлік қозғалтқыштарының ауаға зиянды газдар шығару деңгейін тексерудің жаңа ережесін енгізеді. Бұл туралы euronews.com-ға сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.
Бұрынғы тестілерге көмірқышқыл газы мен азот тотығын шығару, сондай-ақ жанармай тұтыну бойынша күшейтілген зертханалық тексерулер қосылды. Нақтылы жағдайлардың барысы туралы британдық көлік және қоршаған орта маманы әңгімелейді.
«Газ шығаратын түтікке оны есептейтін қондырғы орнатылады, - дейді Грег Арчер. - Кейін автомобильді жолға шығарып, көлік шығарып жатқан түтін құрамындағы ауаны ластайтын заттардың мөлшері есептеледі».
Жаңа модельдегі автокөліктердің барлығы тексеруден өтеді. Британдық сарапшы Еуроодақта мұндай мәселелер бойынша ортақ келісімге келудің қиындығын ескере отырып, бұл жаңа жүйенің шектен тыс талапшыл болып шығуы мүмкін деген қаупін жасырмады. «Шын мәнінде автокөліктерді кім тексеретіні, нәтижелер қалай тіркелетіні жөнінде нақты шешім қабылдануы тиіс, - дейді Грег Арчер.
- Одаққа мүше елдер, Еурокомиссия, Еуропарламент арасында жаңа ережелерді енгізу бойынша күрделі келіссөздер жүргізу мәселесі тұр. Содан кейін ғана тұтынушылардың сенімінен шығуға болады», - дейді ол.
Көліктің шығарынды газын тексеру ережелерін қайта қарау мәселесі 2015 жылы Volkswagen концерні айналасындағы шыққан дау-дамайдан соң туындады. Германияның көлік жасаушы компаниясы дизельмен жүретін қозғалтқыштарына көлік шығарған түтіннің құрамындағы улы заттардың мөлшерін азайтып көрсететін арнайы бағдарлама орнатқанын мойындаған болатын.