Медициналық сақтандыру қорында 5,44 миллиард теңге бар

Медициналық сақтандыру қорында 5,44 миллиард теңге бар

Медициналық сақтандыру қорында 5,44 миллиард теңге бар
ашық дереккөзі
2017 жылдың 25 тамызын қоса алғанда медициналық сақтандыру қорына түскен аударымдар мен жарналардың жалпы мөлшері 5,44 млрд теңгеден асты. Оның 4,27 млрд теңгесі (жалпы соманың 78,5%) жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдар, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі. Ал 1,17 млрд теңге (21,5%) - жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалардың жарналары. Сақтандыру жарнасын төлеу жағынан Астана мен Алматы қалалары, сондай-ақ, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Болжам бойынша, 2017 жылдың соңына дейін қорға 23 млрд теңгеге жуық сақтандыру жарнасы (аударымдары) түсуі тиіс (оның 95 пайызы – аударымдар, 5 пайызы – жарналар). Айта кетейік, шілде айында Қордың ҚР Ұлттық банкіндегі шотына 800 млн теңгеден астам қаражат түскен болатын. Еске салайық, 1 шіл­де­ден бастап жұмыс беру­шілер мен жеке кәсіпкерлер және аза­мат­тық-құқықтық келісімшарт (АҚК) негізінде еңбек ететін тұлға­лар жарна төлеуді бастап кетті. Заңға сәйкес, жұмыс берушілер биыл жұмыскер жалақысының 1 пайы­зы көлемінде ақша аударады. Бірақ аударым сомасы 3669 теңгеден аспауы тиіс (15 ең төменгі жалақының 1%). Жеке кәсіп­кер­лер мен осы санатқа теңестірілген тұлғалар, яғни, жеке мен­шік нотариустар мен сот орын­даушылары, адвокаттар, кә­сі­би медиаторлар Қорға 2 ең төменгі жалақының 5 пайызын аударады. Нақтырақ айтқанда, жарна мөл­шері 2017 жылы – 2446 теңгені құрайды. Оған қоса, жеке кәсіпкерлер қарамағындағы қызметкерлер үшін жұмыс беруші ретінде жарна аударады. Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін азаматтар табысының 5 пайызын аударуы тиіс. Бұл топтағылар төлейтін жарнаның жоғарғы мөлшері 3669 теңгеден аспайды. МӘМС шеңберіндегі медициналық көмек 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап көрсетіле бастайды.