Түркістанда түркі ақындарының айтысы өтті
Түркістанда түркі ақындарының айтысы өтті
Түркістан топырағының рухани кеңістігін дүр сілкіндірген түркі халықтары ақындарының кездесуі туысқан халықтардың сөз өнеріндегі ортақ серпіліс болды. Сан ғасырлық тарихы бар бауырлас елдердің əлемдік əдебиет пен түркілік əдебиеттің алтын қорына қосқан қазынасы мол. Бұл туралы Егемен Қазақстан хабарлады.
Сол мұраның бір бөлшегі – әзербайжан əдебиетінің көрнекті өкілі Молла Пенах Вагифтің 300 жылдығына арнап Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Халықаралық жазушылар және зиялылар қоғамы (Түркия), Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ бірігіп ұйымдастырған «Түркі әлемі ақындарының кездесуіне» Түркістан қаласының әкімдігі және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі қолдау көрсетті. Түркістан қаласының əкімі Ə.Өсербаев, ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының өкілі А.Тұрғанбаев, ХҚТУ ректоры өкілі М.Құталмыш мырзалар бұл кездесудің тарихи, мəдени, əдеби сипаттарынан сөз қозғады.
Басқосуға Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Саха-Якутия, Дағыстан және Гагауыз елінен 30-ға жуық ақындар қатысты. Биылғы кездесудің ортақ тақырыбы болып өршіл рухты Вагиф тұлғасының дəріптелуі кездейсоқтық емес. Əзербайжанның тəуелсіз, ұлттық сипаттағы елдігінің қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткердің тұлғасы түркілердің əлемдік кеңістіктегі ортақ мұраттарының ұстыны болуға лайық. Бұл идеяны қаламгерлер ақын өлеңдері арқылы таныта алды. Вагифтің сыршыл лиризмі мен өршіл азаматтық поэзиясының көркемдік көкжиегі айқындалды. Жаһандану ғасырында жалқылықта емес, ынтымақта ғұмыр кешудің тұғырнамасын айқындап берген бауырлас елдер поэзиясы əдебиеттің жаңа сипатта дамуға тиіс себептерін де бажайлады. Кештің модераторы қазақтың көрнекті ғалымы Құлбек Ергөбектің кешті жүргізу ұстанымы туысқан елдер ақындарының арасындағы тілдік кедергіні байқатпады деуге болады. Асыл сөз ділгірі, түркітанушы ғалым əдебиеттердегі ортақ өзекті мəселелерді дәл танып, кештің əдеби, ғылыми сипаттарына талдау жасады. Ұсыныс ретінде аударма теориясына қатысты тұжырымдар айтылды. Ықылым замандардан келе жатқан түркілік сарынның, түркішілдік идеясының жалғасын табуына жаңа, тəуелсіз бауырлас елдер əдебиетінің өкілдерінің шығармашылығын зерттеудің өзектілігін ашып көрсетті.