Түркістанда түркі ақындарының айтысы өтті

Түркістанда түркі ақындарының айтысы өтті

Түркістанда түркі ақындарының айтысы өтті
ашық дереккөзі
Түркістан топырағының рухани кеңістігін дүр сілкіндірген түркі халықтары ақындарының кездесуі туысқан халықтардың сөз өнеріндегі ортақ серпіліс бол­ды. Сан ғасырлық тарихы бар бауырлас елдердің əлемдік əде­биет пен түркілік əдебиеттің алтын қорына қосқан қазынасы мол. Бұл туралы Егемен Қазақстан хабарлады. Сол мұраның бір бөлшегі – әзербайжан əдебиетінің көр­­­нек­ті өкілі Молла Пенах Ва­гифтің 300 жылдығына арнап Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Халықаралық жазушылар және зия­лылар қоғамы (Түркия), Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ бі­рігіп ұйымдастырған «Түркі әле­мі ақындарының кездесуіне» Түр­кістан қаласының әкімдігі және Оңтүстік Қазақстан облы­сы әкімдігі қолдау көрсетті. Түр­кістан қаласының əкімі Ə.Өсер­баев, ТҮРКСОЙ Халық­аралық ұйымының өкілі А.Тұр­ғанбаев, ХҚТУ ректоры өкілі М.Құ­тал­мыш мырзалар бұл кез­десудің тарихи, мəдени, əдеби си­пат­тарынан сөз қозғады. Бас­қосуға Түркия, Әзербайжан, Қа­зақ­стан, Қырғызстан, Та­тарстан, Баш­құртстан, Саха-Яку­тия, Дағыстан және Гагауыз елі­нен 30-ға жуық ақындар қатысты. Биылғы кездесудің ортақ та­қы­рыбы болып өршіл рухты Вагиф тұлғасының дəріп­те­луі кездейсоқтық емес. Əзер­­­байжан­ның тəуелсіз, ұлт­тық сипаттағы елдігінің қалып­та­суына өлшеусіз еңбек сіңірген қай­раткердің тұл­ғасы түркілердің əлемдік кеңіс­тіктегі ортақ мұраттарының ұс­ты­ны болуға лайық. Бұл идея­ны қаламгерлер ақын өлеңдері арқылы таныта алды. Вагифтің сыршыл лиризмі мен өршіл аза­маттық поэзиясының көркемдік көкжиегі айқындалды. Жаһандану ға­сырында жалқылықта емес, ын­тымақта ғұмыр кешудің тұғыр­намасын айқындап берген бауырлас елдер поэзиясы əдебиеттің жаңа сипатта дамуға тиіс себептерін де бажайлады. Кештің модераторы қазақтың көр­некті ғалымы Құлбек Ергө­бектің кешті жүргізу ұста­нымы туысқан елдер ақын­дарының ара­сындағы тілдік ке­дергіні бай­қат­пады деуге болады. Асыл сөз ділгірі, түркітанушы ға­лым əдебиеттердегі ортақ өзекті мəсе­лелерді дәл танып, кештің əдеби, ғылыми сипаттарына талдау жасады. Ұсыныс ретінде аударма теориясына қатысты тұжырымдар айтылды. Ықылым замандардан келе жатқан түркілік сарынның, түркішілдік идеясының жалға­сын табуына жаңа, тəуелсіз ба­­уыр­лас елдер əдебиетінің өкіл­дерінің шығармашылығын зерт­теудің өзектілігін ашып көр­сетті.